Білім

Білімді ұрпақ – білікті ұстаздан

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметке лайық. Балаға үйретуден жалықпайтын мамандар түрлі ізденістері мен тың жобалары арқылы бүгінде білім берудің сапасын арттырып келеді. Жаңашылдыққа ұмтылған сондай педагогтардың бірі – елордалық №91 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Айгерім Бауыржанқызы.

Жаратылыстану ғылымдарының магистрі, жас маманның бүгінде еңбек өтілі – 5 жыл. Ақмола облысы, Бұланды ауданының тумасы ұстаздық атты ұлы жолға кездейсоқ келмегенін айтады.

«Ұстаздыққа келуім – бала кезімнен бастау алған арманымның жемісі. Өзім оқып жүргенде ұстаздарымның еңбегін көріп, олардың маған көрсеткен қолдауын сезініп, осы жолға түсуге бел будым. Жоғары оқу орнына түскеннен кейін осы саланы терең зерттей бастадым және ұстаздықтың тек пәнді оқыту емес, адамның жүрегіне жол табу екендігін түсіндім. Бұл жолдың әр қадамында балаларға, олардың дамуына, болашағына үлес қосуды мақсат еттім» дейді А.Бауыржанқызы.

Небәрі 30 жасар маман биыл Астанада өткен қалалық Тамыз форумы барысында білікті әрі тәжірибелі мұғалімдермен қатар тұрып, спикер ретінде өзіндік білім берудің әдіс-тәсілдерімен бөліскен еді.

– Бүгінгі білім беру жүйесі жаңа заманғы тенденциялар­ға бейімделуді талап етеді. Биылғы Тамыз форумы «Digital Kazakhstan: жаңа заманғы білім беру» тақырыбында өтіп, мұнда жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізе отырып, оны жетілдірудің жаңа мүмкіндіктері сөз болды.

Биология пәні сабағында жасанды интеллектіні қолдану қызықты әрі оқушылар үшін тиімді. Оқушылар күрделі биологиялық ұғымдарды жақсырақ түсініп, түрлі құбылыс­тарды оңай меңгере алады. Визуализация және модельдеу әдісі – сабақ барысында маңыз­ды. Жасуша құрылысы не эволюциялық процестерді 3D модельдері негізінде түсіндіру абстрактілі ұғымдарды көзбен көру арқылы жеңілдетеді. Интерактивті оқу материалдарын құруды жасанды интеллект өзі реттеп беріп отырады. Сонымен қатар әр оқушының деңгейіне қарай жасанды интеллект баланы жеке оқытып, қажетті ұсыныстарын бере алады. Жалпы оқушылардың өздері қызықтырған кез келген сауалды қоя отырып, түрлі нейрожелілер негізінде қосымша ақпарат алып, түсінбеген тақырыптарды оңай меңгеруге мүмкіндігі көп. Тәжірибем бойынша айтсам, оқушылар тарапынан жаңашыл оқыту жүйесі ұнайтыны туралы жылы лебіздер жиі айтылады.

Білім беру жүйесі үнемі жаңару үстінде. Мұғалім де сол жаңалықтарға тез бейім­деліп, заманға сай оқытуы тиіс. Ақпараттық технология­ларды меңгеру тек компьютерді білумен шектелмейді, бүгінгінің педагогі онлайн платформалар, жасанды интеллект құралдары, сандық ресустарды тиімді қолдана алатын білікті маман болуы шарт. Осылайша, мұғалім білім беруші ғана емес, оқушылардың жан-жақты дамуына үлес қосатын жетекшіге айналады» деді ол.

Айгерім Бауыржанқызының сөзінше, заманауи ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүріп қана қоймай, білгенінің бәрін балаға дұрыс жеткізсе ғана өз ісінің шебері атанады.

«Оқушылармен жұмыс істеу – бір жағынан қызықты, кейде күрделі үдеріс. Дегенмен бала жаңа нәрсені меңгерсе, қандай да бір шыңдарды бағындырса, мұғалім үшін бұл қуаныш. Педагог еңбегі сонда ғана ақталады. Әр бала – өзіндік қабілеті бар, ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға. Баланы оқытуда шығармашылық әдіс-тәсілдерді қолдану мұғалімнің өзіне де шабыт береді. Ұстаз үлгісі баланың білімге құштарлығын арттырады деп білемін» деді мұғалім.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button