Білім

Білімді жетер мұратқа

Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алып, оны мемлекеттік даму саясатының өзегіне балап отыр. Бұл бағытта астаналық жалпы білім беру мекемелерімен бірге, орта және жоғары оқу орындары да ауқымды істер атқарып келеді.

«Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа». Дана халқымыз дүниенің кілті оқу-білімде екенін ежелден-ақ ескеріп, перзентінің білім алып, білікті маман болуы­на барлық жағдайды жасаған ғой. Мен де пайғамбар жасындағы сондай аналардың бірімін. Он екі немеренің әжесімін.

Немеремнің үлкені Жасұлан Жүнісов Астана қаласындағы Д.Қонаев атындағы университеттің колледжін 2011 жылы тәмамдаса, екінші немерем Дилара осы оқу орнының құқықтану факультетінде, ал үшінші немерем Амина аудармашы мамандығы бойынша білім алуда.

Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастарды тәрбиелеу жолында аталмыш оқу орнының ұстаздары оқушыларға қазіргі заман талабына сай білім мен тәрбие беруде. Білім беру әрбір адам мен отбасыға қатысты мәселе екенін ескере отырып, олар жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті маман даярлауға барынша үлес қосып келеді. Сондықтан да мен өзімнің сүйікті басылымым «Астана ақшамы» газеті арқылы немерелерімді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарға, Д.Қонаев атындағы университеттің колледжіндегі барлық ұжымға алғысымды білдіргім келеді. Атап айтқанда, осы колледждің бас директоры Сейілхан Мырзабекұлы Толқымбеков, колледж директоры Гүлмира Бейсенбекқызы Момбекова, директордың оқу және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сұлушаш Елеусізқызы Хасенова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Нұрхатқызы Мусина, кәсіптік білім аясын кеңейтуге, орта буын кадрларды дайындауға өз үлестерін қосуда.

Жалпы, Д.Қонаев атындағы университет колледжі 2002 жылдан бастап «Құқықтану», «Экономика және бухгалтерлік есеп», «Аударма ісі», «Бағдарламамен қамтамасыз ету және есептеу техникасы», «Қонақ үй шаруа­шылығына қызмет көрсету», «Туризм», «Есеп және аудит» салалары бойынша орта кәсіптік мамандар даярлаумен айналысуда. Колледжде оқу-тәрбие істері бойынша дәстүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Білім ордасының жанында кітапхана, жатақхана, рәсім залы, асхана, спорт кешені бар. Яғни, оқып, білім алам деген жастарға мұнда толық жағдай жасалған. Оқушылар болса, қалалық колледждер арасында ұйымдастырылатын конкурстар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Сапасы жоғары білімі бар ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Бұл ретте қазақ тілі пәнінің бірінші санаттағы оқытушысы Шәйзат Зейноллаұлы Әлмағанбетов, қоғамдық тәр­тіп бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжан Есетқызы Апарова, математика пәнінің оқы­тушысы Рашид Арыстанбекұлы Шаяхметов, «Құқықтану» бөлімшесінің ұс­таздары Ләззат Аифқызы Ибраева, Айжан Жанболатқызы Жұбаниязова, «Есеп және аудит» бөлімшесінің меңгерушісі Гүлсара Мұташқызы Бердеш, орыс тілі пәнінің мұғалімі Зара Ғаббасқызы Мәсімова және т.б. ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Олардың қай-қайсысы да балалардың дұрыс ойлап, оң пайым жа­сауына, өмір өткелдерінде кездесер қиын­дықтардан қалай шешім тауып шығуға болатынына бағыт беріп, білгендерін үйретуден жалыққан емес.

Орал ТОҚЖҰМАНОВА,
зейнеткер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button