Басты ақпаратБілім

Білімі кемел ел мұратына жетеді

Бүгінде Астана қаласында  263 білім беру мекемесі, яғни, 84 мектеп, 121 мектепке дейінгі мекеме, 35 кәсіптік колледж, 13 қосымша оқыту орындары бар. Оқушылардың тәлімі мен тәрбиесіне жауапты он мыңнан астам ұстаз  тынымсыз тер төгіп келеді. Жылдағы дәстүр бойынша ұстаздар қауымы бас қосқан алқалы жиында  өткен оқу жылындағы жетістіктер сараланып, келешекке айқын бағдар жасалды. Еліміз оқу сапасын жақсартуға түбегейлі бетбұрыс жасап жатқанын байыптасақ,  қалыптасқан  тамыз кеңесі «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбына арналды.

Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында білім саласына  көптеген реформалар жүргізіліп, тың идеяларға дем беріп, жаңаша бетбұрыс жолына түсті.  Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина бұған елімізде Назарбаев университетінің, облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы және мұғалімдердің біліктілік деңгейін көтерудің мүлде жаңа сипатқа енуі дәлел екендігін айтты.

– Ілім мен білімнің дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі. Білімі күшті ел озады, білімі әлсіз ел – оған қызмет етеді. Бұл дәлелді қажет етпейтін заңдылық. Олай болса, білім саласы үнемі жетілдіруді қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған бүгінгі дәуір жаңаша көзқарасты, жаңашылдықты талап етеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл­ғы Жолдауында және жуырда баспасөзде жарияланған «Қа­зақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пы­ға Ортақ Еңбек Қо­ға­мы­на қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында адами ка­пи­талды жаңа сапаға көтерудің басты тетігі ретінде білім саласын дамытуға жаңа серпін берді.  Бүгінде әрбір баланың  жан-жақты дамуына қолайлы жағдай  жасап,  жеке қабілетін шыңдауға мүмкіндік беру керек.  Астана қаласының әкімдігі бұл ретте  елордалық шәкірттердің қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар оқу сапасын жақсартуда  нәтижелі жұмыс жасап келеді. Елімізде білім сала­сында жүр­гізіліп жатқан ре­фор­маның басты мақсаты – дүниета­нымы жоғары, білім­ді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеп өсіру. Олай болса, астаналық білім беру мекемелері бұл үдеден шығу үшін талмай еңбектеніп келеді,– деді  Ә.Бимендина өз баяндамасында.

Айта кеткен жөн, 2011-2012 оқу жылында елорда мектептерінде – 79268 оқушы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде  – 31702, қосымша білім беру мекемелерінде 23658 бала білім алды. Қалада 121 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 69-ы мемлекеттік балабақша, 51-і мемлекеттік емес және 1-еуі ведомстволық. Мектепке дейінгі білім алатын балалардың жалпы құрамы  – 2 жастан 6 жасқа дейін. Ал, міндетті ақысыз мектепалды даярлықтан 5-6 жас шамасындағы балалардың 86,2%-ы өтеді екен. Сондай-ақ, білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға ұлғайып келеді.

– Қаланың білім беру жүйесін қаржыландыру 19 038 700 мың теңгені құрап отыр. Бұл осыдан бес жыл бұрын аталған салаға бөлінген қаржы көлемінен 10 миллиардқа көп. Бұл қала әкімдігінің білім жүйесіне, болашақ  ұрпақтың саналы азамат боп өсуіне қамқорлық танытып, үлкен қолдау білдіруінің арқасы. Сондықтан оқу  тәрбие жұмысындағы белсенді жұмыс жаңғырып, материалдық-техникалық база жетілдіріліп келеді,- деді қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Темкеқызы.

Бәрі балабақшадан басталады

Астана күн сайын қарқынды өсуді бастан кешіріп отыр. Тұрғын-үй құрылысы жанданып, жаңадан жұмыс орындары көптеп ашылуда. Бұл өз кезегінде елордамызға жас отбасылардың көптеп қоныс аударуына жол ашатыны сөзсіз. Сондықтан бас қалада мектепке дейінге  мекемеге баратын бала саны көбейді.  Білім басқармасының басшысы бұл ретте олардың тәрбиесіне ерекше тоқталды.

Балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің негізгі нысаны – балабақша. Үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы  осы жерден басталады.

Бүгінде 12 жылдық жалпы орта білім беру жүйесіне көшу тұжырымдамасы мектепке дейінгі тәрбие стандартын қайта қарастыруды қажет етеді. Себебі, бұл жүйе – мектепке дейінгі білім және тәрбие беру өте маңызды саты. Бес жастағы балалардың мектепалды даярлығын ұйымдастыру – бастауыш мектепте оқу сапасының негізгі шарты болмақ. XXI ғасырда ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін оқыту ісінде компьютерлік техниканы, интернет,  электрондық оқулықтарды, ойындарды тиімді пайдалану арқылы білім сапасын көтеру көзделген. Әсима Бимендинаның айтуынша,  Астана қаласының мектепке дейінгі бес мекемесінде іс тәжірибе алаңы ұйымдастырылған. Биылдан бастап, бұл балабақшаларды мемлекет ғылыми зерттеулер гранты бойынша қаржыландырады.  «Мультимедиялық интерактивті оқыту бағдарламаларының әдіснамасы мен технологиясын құрастыру» атты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру стандарты негізінде «Таным» және «Әлеуметтік орта» сабақтарына арналған таңдаулы компьютерлік ойындардың құрылымы мен негізін анықтау, оларды құрастырып, білім беру үрдісіне енгізу.  Аталған жобаның тағы бір ұтымдылығы – үш тілді білім беру саясатын ескеруі. Ең бастысы, бұл ойындардың мазмұнын, барысын балабақшаның тәрбиешілері құрастырғаны  қуантады. Келер күннің азаматын заман талабына сай тәрбиелеуде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің  рөлі зор. Тамыз кеңесінде  осы саланың  басым бағыттары кеңінен атап өтілді.

Болашақтың білім қандай болмақ?

Мемлекеттік деңгейде сапалы білім беру – астаналық мектептердің бәріне қойылған ортақ міндет.  Білім басқарамасы оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану, бірыңғай білім беру ақпараттық ортасын қалыптастыруды мықтап қолға алған. Әсима Темкеқызының айтуынша, бұл салада нәтижелі табысқа қол жеткізу үшін ең үздік мектептерде инновациялық тәжірибе алаңдары ұйымдастырылуда. Мақсат – оқу бағдарламасы мен әдісін жетілдіру,оқушылардың ой-өрісін дамыту. Бұған дейін өткізілген халықаралық деңгейдегі тәжірибе алаңдары еліміздегі оқытушылардың қолдауына ие болған. Білім беру жүйесін тиімді дамыту стратегиясын жүзеге асыруда өзге де жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

– Дәл қазіргі қоғамда экономикалық білім алу аса маңызды болып отыр. Бұл дегеніміз – ғылымдар ықпалдастығы. Дәл осы саланың ерекшелігі білімнің барлық саласын қамтиды. Сондықтан экономиканың негіздерін мектеп қабырғасынан оқыту тиімділігі байқалады. Бізге оқу бағдарламасына жаңаша серпін керек. Әсіресе, бұған жетекші ғалымдардың қатысқаны жөн. Бүгінде елордадағы білім беру ісін дамытуға бірнеше міндеттер қойылды. Ең маңызды міндеттердің бірі – инновациялық стандартты жетілдіру, дарынды балалармен жұмыс жүргізуді қолға алу.  Бұл үшін білім берудің озық үлгісін қалыптастырып қана қоймай, талантты балалардың қарым-қабілеттерін ашуға түбегейлі жағдай жасау керек. Мүмкін, қаланың ірі жоғары оқу орындары жанынан дарынды балаларға арналған мектеп ашу мәселесін ойластырған жөн шығар, – деген басқарма басшысы  бұдан өзге де білім саласына қатысты түйткілдерді атап өтті.

Жалпы, бас қаладағы  білім беру мекеме­лерінің оқу үл­герім­дері мен шығармашылық же­тістіктері көңіл қуантады. Күні кеше өткен  ҰБТ қорытын­дысы бойынша елорда мектептерінің орта­ша балы бірнеше пайызға көтерілген.

Астаналық білім беру мекемелері түгел ин­тернет желісімен қамтылған. Жеткіншектердің  білім деңгейлерін ны­ғайтумен қатар, олардың шығармашылық бе­йімдері мен ізденіс­терін еселеу үшін көпте­ген қосым­ша үйірмелер ашы­луда. Бұл оқушы­лар­дың шы­ғарма­шылық әлеуеттерін арттыруға елеулі ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Қазақстандық білім беру жүйе­сінде негізгі пән ретінде аптасына бір сағат көлемінде “Өзін-өзі тану” саба­ғының енгізілуі биыл­ғы жаңа оқу мау­сымының ең басты жаңа­лы­ғы. Сол себепті де оқу жы­лы бас­талмай тұрып-ақ еліміз­дегі бар­лық білім беру меке­ме­лері аталған пән бойынша қажет­ті оқу-әдісте­мелік құралдар­мен жабдық­талып үл­герген. Ең басты жаңалықтың бірі –  алғашқы қоңырау күні төрт жаңа білім ошағы – Ильинка елді мекенінде және Манас көшесінде орын тепкен 1200 орынды екі мектеп, Күйгенжар тұрғын алабындағы 400 балаға арналған мектеп пен №6 мектеп-гим­назия салтанат­ты түрде  есігін айқара ашпақ. Бұлардың үшеуі таза қазақ тілінде оқытатын болады.

Рас, елордада көптеген білім ошақтары бой көтеріп  жатыр. Мектеп, балабақша тапшылығы болашақта түбегейлі шешіледі. 1600 мұғалім бас қосқан бұл жиында сол мектептерде болашақта қандай білім беріледі, кімдер жұмыс істейді деген мәселелер де тыс қалмады.

Кәсіптік білімнің көкжиегі

Бүгінде мамандар, әсіресе, кәсіптік мамандық иелерін да­ярлау ісі көп ізденісті қажет етеді. Алдағы он-жиырма жыл ішінде бізге қандай мамандар қажет?  Тамыз кеңесінде ерекше көтерілген мәселенің бірі – осы болды.

Жыл сайын астаналық мектеп бітірушілердің 85 пайызы еліміздің іргелі жоғары оқу орындары мен шетелдік білім ордаларына түседі. Бірақ, олардың 15 пайызы ғана елімізге қажетті деген мамандықтарды таңдайды. Себебі, оқушыларға мамандық таңдауда кәсіби бағдар беру жағы кемшін. Астана қаласындағы 35 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген 31702 жас білім алуда. Әйтсе де, арнаулы білім беру жүйесінің деңгейі баршамызды толғандырады.    Биылғы оқу жылынан бастап кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері колледжді жүйеге ауыстырылғаны белгілі. Бұрынғы лицейлердің аты өзгергенмен, затын өзгерту оңайға түспейтін сияқты. Жиында оның бірнеше себептері айтылды. Біріншіден, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы бүгінгі күн талабына сай келмейді.  Екіншіден, мамандықтар бойынша техникалық оқулықтар жетіспейді, оның үстіне, мемлекеттік тілдегі оқулықтар сапасыз жазылғандығы тағы бар. Кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы әлеуметтік серіктестік тетіктері толыққанды жұмыс істемеуіне байланысты оқушылардың өндіріс орындарында тәжірибелерін өтуіне кедергілер көп. Мемлекеттік білім стандарттары мен оқу бағдарламаларын әзірлеу жұмыстарының оралымсыздығы да сияқты аяққа тұсау боларлықтай.

Еліміздің іргелі кәсіпорындарына жаңа технология мен құрылғылардың  қарқынды енгізілуіне байланысты оқыту үдерісі мен өндірістік тәжірибе арасы алшақтай түскені байқалады. Себебі, ескі жабдықтар бойынша оқып-үйренген жас маманның өндіріс орнына барғанда қайта мамандануына тура келеді. Осы айырмашылықты азайту мақсатында  политехникалық колледж бен № 6 кәсіптік лицей базасында құрылыстың құрғақ әдіс технологиялары бойынша мамандар даярлайтын ресурстық орталықтары ашылды.  «ҚР индустриалды-инновациялық дамуын жеделдету» бағдарламасының аясында политехникалық колледжде «Автомобильдерді компьютерлік диагностикалау» зертханасы жұмыс істейді.

– Мен «Қазақмыс» корпорациясының қаржысына салынған жетім және ата-ана қамқорлығынан айрылған балалар оқитын № 6 кәсіптік лицейде ашылған күннен бастап өндірістік оқыту шебері болып қызмет жасаймын. Кәсіптік лицей өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Астана қаласы әкімінің Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері үшін тағайындалған грантына ие болды.

Кәсіптік лицейде еліміздің еңбек нарығына қажетті сегіз мамандық бойынша кадр даярлау ісі жолға қойылған.

Өткен сәуір айында астаналық әріптестеріммен бірге Түркия елінің Стамбұл қаласында тәжірибе алмасу курсынан өтіп келдік.  Олардың елде кәсіптік білім беру жүйесінде қолданатын әдіс-тәсілдері мен жүйелері біздің елімізде де бар. Тек қана олардағы оқу орындарының өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейтіндігі сапалы маман даярлауда үлкен рөл атқаратындығына көз жеткіздім. Әсіресе, Түркияда мемлекет барлық кәсіпорындарды кадр даярлау ісіне қатысуға міндеттеп оқушылардың мамандыққа қызығушылығын арттыруға мән береді, сол үшін олардың еңбегіне белгілі бір мөлшерде ақы төленеді. Осы тәжірибені біз де қолдануымыз керек, –дейді, Д. Құсайынов.

Бағдар айқындауымыз бекер емес

Бұл басқосуда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов балалардың шығармашылық тұрғыда, өз бетінше ойлау қабілетін дамытуға бағытталған білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударды.

– Алдыңғы жиында біз қыруар мәселелерді қаузадық. Жас ұрпаққа жаңаша білім беру үшін қалай оқыту, қандай әдістемені, нендей тәсілдерді таңдау керек? Білімді қалай қорландырып, қалай оқыту әрі оларды қалай жалғастыру жөн? Тақырып аясы шексіз. Бұл айтылғандар әрдайым назарда ұсталатын нәрселер, – деп бастаған  әкім  қалыптасқан кеңестік нұсқадағы  білім берудің жүйесі әбден ескіргенін айтты.

Қазіргі дамыған экономика, бәрінен бұрын, интеллектуалдық ресурстардың әлеуетіне арқа сүйейді. Бәсекеге қабілеттілікте техникалық құралдарға ғана емес, осынау технологияны жасап шығаратын адамға байланысты болады. Сондықтан заманауи оқыту негізінде, өзіндік ойлау жүйесіне өріс ашатын баланың ақыл-ой қабілетін дамыту ұстанымын зерделеу қажеттігін алға тартты. Жиында баяндама оқыған қала басшысы оқу бағдарламасына қатысты бірқатар кемшіліктерді ортаға салды.  Қазіргі кезде елімізде оқытылып жатқан дәстүрлі әдістерді батыстық мектептердің әдіснамалық құралдарымен салыстыра баяндады.

Бұл ғасыр ақпараттық технологияның дамыған заманы десек, әкім тапсырмасымен қолға алынған мектеп сайттарының сәтсіздікке ұшырағанын және не себепті мұндай күйге жеткені белгілі болды.  Мектеп мұғалімдерін сынға алып, алдағы уақытта сайт жұмысын жандандыру жолдарын осы кеңесте қала әкімі кеңінен қарастырды.

– Мектеппен өмір түгесілмейді, тек басталады. Оның кешегі түлектері әртүрлі кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге барады. Сондықтан, біз үшін елдің білімді әрі өз бетінше ойлай алатын азаматының тұлғасын сомдау аса маңызды мәселе. Бұл мәселе жалпы ұлттық мәнге ие. Тек биылдың өзінде Мемлекет басшысы оны бірнеше рет қозғады. Әсіресе, Еңбек қоғамы туралы өзінің соңғы мақаласында балалардың, жасөспірімдер мен жастардың байыпты есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіздігін сынға алды. Ел Президенті  білім дегеніміз – күшті де бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға ауадай қажет өміршең талаптардың негізгісі екенін бірнеше мәрте атап көрсетті. Сондықтан да бүгін оның өзекті мәселелерін тиянақты талдап, болашаққа  бағдарды айқындауымыз бекер емес, – деді И.Тасмағамбетов.

Ұсыныс сұранысқа сай келсе игі

Мойындау керек, бұл күнде «запастағы»  заңгерлер мен экономистер қаптап кетті. Еңбек нарығындағы жалпы ахуал бiрқалыпты болғанымен, индустрияландыру секто­ры­на, мұнай-химия, барлау-өндiру салала­рына әлi де мамандар жетіспейді екені. Сонымен қатар, өткен жылдың динамикасын бастаған IТ және телекоммуникация сала­сы биыл да сұранысқа ие. Зерттеулер нәтижесі сондай-ақ, iшкi және сыртқы сауда са­ласына қатысты сату бөлiмiнiң жетекшiсi, тұлғаларға қызмет көрсету менеджерi, инженер, технолог, IТ-программашы, веб-әзiрлеушi, аймақтық үйлестiрушiлер де тапшы екенін көрсетті. Ал Астана мектептерін тәмамдаған  түлектердің  кейін екі қолға бір күрек  таппай қалуы қаладағы жұмыс сәйкессіздігімен байланысты.  Айта кету керек, бас қалада «Бизнестiң жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында өнер­кәсiп саласы өркен жайып келедi. Осыған байланысты көптеген компа­ния­лар елордада өз өкiлдiгiн ашты. Ресми деректерге сүйенсек, елордаға бү­гiнде тәжiрибелi технологтар ауадай қажет. Міне, Астанадағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы осындай алшақтықты жою үшін жастарға кәсіби бағдар беруді мектеп қабырғасында қалыптастырған абзал. Яғни, кәсіби бағдарлау – бүгінгі күннің басты талабы екені тамыз мәслихатындағы  басты тақырыптардың бірі болды.

Мақтаулылар марапатталған күн

Ұстаздар қауымы бас қосқан тамыз мәслихатына  ҚР білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов  қатысты.  Бүгінгі педагогикалық конференцияның негізгі өзегі адам капиталының қозғаушы күші болып табылатын әлеуметтік жаңғырту екендігіне назар аудартқан ол  еліміздегі орта білім беру жүйесінің алдында тұрған  бірнеше  маңызды міндеттерді атады. Оның ішінде он екі жылдық оқыту жүйесіне ерекше тоқталды. Жиында белгілі болғандай,  жаңа оқу жылында аталған жүйеге көшу сынағы республиканың 104 мектебінде жалғасатын көрінеді.

Орта білім берудегі келесі бағдар – көп тілділікке оқыту. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылға қарай мектеп бітірушілер жүз пайыз мемлекеттік тілді меңгерулері қажет.

2013-2014 оқу жылында бірінші сыныптарда ағылшын тілін, сондай-ақ жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде кезең-кезеңімен оқыту енгізілмек.  Бұл оқушыларға халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Вице-министрдің пікірінше, оқытудың қазіргі заманғы әдістемелерін және білім берудің заманауи инновациялық моделін құруға қажетті практикалық дағдыларды оқып-үйренуді қарастыратын мезгіл әлдеқашан жетті.

Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі кеткен кемшіліктерді саралап, болашаққа деген бағдарды айқындап қана қоймай, ұстаздардың абыройын асқақтатты. Елордамызда ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан он ұстазға қала әкімі пәтер кілтін табыстаса, ерен еңбегімен көзге түскендер арнайы төс белгілермен марапатталды.

Жолың болсын, жас маман!

Алда  жаңа оқу жылы. Елордалық ұстаздар қауымы  жас мамандармен толығуда.   Білім бәйгесінде бақытын аялайтын, уақытын аямайтын мамандарға сәттілік тілеген Әсима Бимендина «Халқымыз үшін білім мен тәрбиенің орны қашанда бөлек. Білімді болу үшін –оқу керек, бай болу үшін – еңбек керек, күшті болу үшін – бірлік керек» деп, биылғы тамыз мәслихатын қорытындылады.  Өскелең ұрпаққа  саналы тәрбие мен  сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп келе жатқан барша астаналық  ұстаздар қауымына біз де жаңа оқу жылы қарсаңында тек қана толайым табыстар тілегіміз келеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button