Басты ақпаратБілім

Білімнің баспалдағы – балабақша

Бүгінгі таңда бас шаһарда 623 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 99-ы – мемлекеттік, 521-і – жекеменшік және 3-еуі – ведомстволық. Бұл балабақшаларда 71 008 елордалық бүлдіршін тәрбиеленуде. Ұлттық құндылыққа негізделген саналы тәрбие Астана қаласының барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында «Әжемнің ертегісі» жобасы енгізілді. Ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың іліміне негізделген «Абай аманаты» жобасының тәрбиелік маңызы айрықша.

Балабақша – алғашқы білім мен тәрбиенің бастау алар алтын ұясы. Ұлт ұрпағын тәрбиелейтін, лайықты білім мен тәрбие беретін алтын қақпа. Астана қаласының әкімдігіне қарасты №37 «Арман» балабақшасы – тек қана қазақ тілінде оқытатын сондай білім ордасының қатарында.

Сапалы білім балабақшадан басталады

Елордада 2006 жылы пайдалануға берілген балабақшада бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 95 пайызды құрайды, 349 бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеленіп, білім алады. Балабақшада барлығы 11 жұмыс тобы бар, соның ішінде 7 инклюзивті топ бар, онда 14 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 3 шағын орталық бар.

– Балабақшада мектепке ­дейінгі білімі бар білікті, тәжірибелі педагогтар жұмыс істейді. Балабақшаның жұмыс бағытындағы сауықтыру-­шынықтыру шараларын ұйым­дастыру, эстетикалық талғамын дамыту, дарынды ұрпақ өсіру, интеллектуалдық тұрғыдан дамыту өте өзекті. Сол балабақшада балаларға тәрбие мен білім беретін тәрбиеші – бала жанының бағбаны. Тәрбие­ші, ең алдымен, балаларды жақсы көруі керек, жұмысқа деген ынтасы мен балаларға деген мейірімі, жылуы болуы қажет. Балабақшаны бақыттың баспалдағына айналдыру, әрине, біздің біліктілігіміз бен еңбекқорлығымызға байланысты, – дейді №37 «Арман» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Софиева.

Бала жанының бағбаны

Мектепке дейінгі білім сапасына барынша көңіл бөлу аса маңызды. Білім беру саласының әлемдік деңгейге ұмтылуы, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге, әсіресе мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Мектепке дейінгі мекемелерде балаларды орта білім беру жүйесіне даярлау, білім әлеміне дайын болып баруын қадағалау, саналы тәрбие беру, іздену дағдысын қалыптастыру – тәрбиешілердің міндеті.

№37 «Арман» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Софиеваның жалпы педагогикадағы еңбек өтілі – 20 жыл, 2 жылдан бері осы балабақшада меңгерушілік қызметте. Айгүл Ерсайынқызы – жан-жақты білімді, тәжірибелі, ұстамды, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын педагог. Үнемі шы­ғармашылық ізденіс үстінде болып, оқу-тәрбие жұмысына жаңа технология­лар мен іс-тәжірибелерді енгізіп отырады. Балабақшада тәрбиеші педагогтардың маман ретінде кәсіби өсуіне, әлемдік білім кеңістігінде болып жатқан өзгерістермен үндесетін қадамдар жасауына толық жағдай жасап отырады.

– №37 «Арман» балабақшасының тәрбиешісі болу – мен үшін мәртебе. Басшылық, ұжым, әріптестерім өте мейірімді. Мұнда балабақша әдістемесін, инно­вациялық технологияларды терең меңгерген тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Осында жұмыс істей жүріп, көп білім алдым, көп нәрсе үйрендім, – деп ағынан жарылды тәрбиеші Талшын Адилгазинова.

– Жас маман ретінде осындағы жұмысым өзіме ұнайды, әлі де үйренетін тұсым көп. Балалармен жұмыс өте қызық­ты, әсіресе, ата-аналардың ризашылығын көргенде еңбегіңнің текке кетпегенін бағамдайсың, жұмысқа қуана келемін. Елордадағы ең үздік балабақша біздің «Арман» балабақшасы деп айтар едім, – дейді тәрбиешінің көмекшісі Айгүл Қалиакпарова.

Инновация – игі қадам

Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа технологиялар арқылы оқыту ісі күннен-күнге өзекті болып келеді. Балабақшада инновациялық, ақпараттық, коммуникациялық технологияларды енгізу педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс-тәсілді пайдалануға мүмкіндік береді. Олар балалардың жан-жақты дамуына ықпалын тигізеді. Балабақшаның тәрбиешілері мектепке дейінгі білім беру стандартына сүйене отырып, әр баланың жас ерекшелігіне сай ойын технологиясын
ұйымдастырып жүр.

– Балабақшадағы хромакей, көлеңке театры, 3D мэппинг, интеллектті дамытушы ойындар тақырыбындағы оқу-тәрбие – инновациялық технологиялар балабақшамызда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндеріміздің тәрбиелі, білімді, саналы, зейінді, өз елінің мақтанышы болып есейетініне үлес қосады деген сенімім мол, – дейді балабақша әдіскері Баян Сайранқызы.

Мектепке дейінгі ұйымда робототехника, құм, сурет терапиясы, каратэ, хореография, вокал, ағылшын тілі, тұз шахтасы, фитотерапия секілді қосымша қызмет үйірмелері жұмыс істейді. Балаларға білім беретін мекеменің материалдық-техникалық базасы мықты. Онда музыка, спорт залы бар, психологиялық-педагогикалық кеңес беру, изостудия, логопедиялық, әдістемелік, медициналық кабинеттері бар. Қазіргі уақытта балабақшада педагогтар мен ата-аналар үшін ұйымдастырылған іс-шараларды өткізуге арналған техникалық жабдықтар жеткілікті, кабинеттер арнайы интерактивті жабдықтармен жарақтандырылып, қажетті құралдармен жабдықталған.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмысының басты бағыты – балалардың қауіпсіздігі, оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Балабақшада қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар іс-шара қабылданған: телехабар тарату, бейнебақылау, телефон жүйесі, локальді-­есептеу желісі, өрт дабылы, өрт туралы хабарландыру жүйесі орнатылған.

Сыртқы аулада балаларды шынықтыру және қозғалыс дағдысын қалыптастыру үшін футбол мен спорт алаңы, денсаулық соқпағы, жабдықталған ойын алаңдары, серуендерге арналған демалыс орындары бар.

Балабақшада өз идеясын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін балалардың жас ерекшелігіне сай заттық-дамытушы орта құрылған. Мазмұнды заттар мен ойыншықтар, кітаптар, материалдар, құралдардың барлығы үлгілік бағдарлама маз­мұнына сәйкес жабдықталған. Барлық бала, соның ішінде ерекше білімді қажет ететін балалар үшін білім беру әрекеті жүзеге асатын орта құрылған.

Жаңа технологияны қолданады

Балабақшада 2023-2024 оқу жылында балалардың әлеуметтік-эмоционалды дағдысын дамытуда 3D мэппинг технологиясын қолдану бойынша эксперимент алаңы ашылды. Мақсаты – баланың эмоционал­ды дағдысын дамыту, көңіл күйді көтеруге психологиялық қолдау көрсету.

3D мэппинг (немесе проек­циялау) – бұл физикалық беттерде қозғалыс немесе өзгерістер иллюзиясын жасауға мүмкіндік беретін технология, оны проекторлар мен арнайы бағдарламалық жасақтамалар арқылы жүзеге асырады. Балабақша контекстінде бұл технология мына мақсатта қолданылады:

  • Білім беру жобалары: 3D мэппингті қолдану қабырғаларды, төбелерді немесе басқа кеңістік элементтерін «тірі» объектілерге айналдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, балалардың бөлмеде қозғалатын жануарларды немесе балалардың жобаланған суреттермен әрекет етуі қажет білім беру ойындарын жасауға болады.
  • Шығармашылық және интерактивті сабақтар: балалар қарапайым бетке сурет салып, мүсіндеу арқылы, кейін мэппингтің көмегімен бұл заттарды 3D кескінге айналдыра алады, бұл олардың қиялын және моторикасын дамытуға көмектеседі.
  • Ертегілер мен тақырыптық ойындар: балаларды ерекше тақырыптық ойындар жасауға немесе белгілі бір сценарийге (мысалы, ғарышқа саяхат немесе мұхиттың түбіне түсу) енгізу үшін қолдануға болады. Бұл балаларға білім алуды қызықты саяхат ретінде қабылдауға септігін тигізеді.

Абайды тану – әлемді тану

Жуырда №37 «Арман» балабақшасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Әлем таныған Абай» атты ата-аналар, балалардың қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды. Сахналық қойылым көрсетілді. Оған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ф.Жұмабекова, Әдістемелік орталық әдіскері Құндыз Көшен қатысты. Іс-шара инновациялық технологияның бірі – 3D мэппинг технологиясын пайдалану арқылы балалардың Отан, туған жер, оған құрметпен қарау туралы түсініктерін кеңейту; көркем-­эстетикалық тәрбие беруде балалардың бойындағы шығармашылық қабілетін ашу мақсатын көздеді.

Балабақша педагогтарының цифрлық ресурстарды кеңінен пайдалана білетіні байқалды. Абайды бүлдіршіндер санасына сіңіруде ерекше эстетикалық тәрбие, көркемдік талғамның биік деңгейі, 3D мэппинг технологиясы арқылы іс-әрекетті жан-жақты ашып көрсетті. Балаларға рухани азық, керемет әсер қалдырды, патриоттық сезімін оятуға ықпал етті. Ата-­аналардың белсенділігін ерекше атап айтуға болады.

Ата-аналар алғысы

Балабақшаға барғанымызда бірнеше ата-ананы жолықтыр­ған едік, олар білім беру ұйымына, тәрбиешілерге алғысын жеткізді.

– №37 «Арман» балабақшасында барлық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Ұжымда өте білікті мамандар жұмыс істейді. Балабақшаға балам күнде қуанып келеді. Сапалы білім, тәрбие алып жатыр деп айта аламын. Алғысым шексіз! – дейді «Балдырған» кіші тобының ата-анасы Алмагүл Әубәкірова.

– Балабақша ұжымына шексіз рақметімді айтқым келеді. Баламның дамуына, қалыпта­суына жақсы жағынан әсер етті. Балабақшаның барлығы осындай тәртіппен жұмыс істесе, елжанды болу, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді бала бойына сіңіре білсе, еліміздің ертеңіне алаңдамаймыз, – дейді «Балапан» тобының ата-анасы Мәдина Жолдыбай.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында кішкентай балаларды ойын арқылы тәрбиелеу, ойын арқылы ойлауға үйретуге тырысатын тәрбиешілер еңбегі өзекті. Білім әлеміне апарар алғашқы саты – балабақшада берілетін білім мен тәрбие сапалы болса, ел тізгінін білімді, білікті ұрпақ ұстап, болашаққа сеніммен қараймыз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button