Тәуелсіздікке 30 жыл

BINOM – бірегей мектеп

Тәуелсіздік күніне орай елордада BINOM мектептері ашылуда. Кеше ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және BI Group компаниясының өкілдері BINOM SCHOOL SARYARQA жаңа оқу орнына барды.

[smartslider3 slider=1450]

BINOM SCHOOL­-дың өзгешелігі – тегін оқыту, тәрбиеге ерекше көңіл бөлу. Оқыту тәсілі отандық модельмен қатар Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбританияның озық халықаралық жүйесінің негізінде ұйымдастырылған. BINOM-­ның мұғалімдері балаларды ұлы ойшыл Әбу Насыр әл­-Фараби бабамыздың еңбектеріне негізделген Аmanat тұжырымдамасына – құрмет, қамқорлық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік, даму қағидатына сәйкес тәрбиелейді.

Бұл – BI Group құрылыс холдингі мен Нұр­-Сұлтан қаласы әкімдігі арасындағы мемлекеттік­жекеменшік әріптестік тетігі арқылы салынған бірегей мектеп.

Nova City ықшам ауданындағы алғашқы мектеп биыл 1 қыркүйек­те оқушыларды қабылдады. Тағы үш нысан – Байтұрсынов көшесі (Saryarqa), Capital Park (Tanym) ТК және Жағалау (Turan) шағын ауданында жұмысын осы академиялық жылдың үшінші тоқсанынан бастайды. Аталған аудандар оқушы орындарының нақты тапшылығын ескере отырып, қалалық билікпен бірлесіп таңдалған.

«2021 жылы Нұр-Сұлтанда 15 мектеп салынды, бұл 40 мыңға жуық оқушыны қамтуға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында елордада 20 мыңнан астам оқушыға арналған 7 мектеп ашылады. Осы мектептерді ашқаннан кейін біз 5 үш ауысымды мектептің және 10 нормадан тыс оқитын мектептердің мәселесесін шешеміз» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

BINOM мектептерінің міндеті – қазақстандықтарға халық­аралық стандарттарға сәйкес келетін, тегін негізде сапалы білім беру, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен еліміздің басқа да өңірлеріндегі үш ауысымды мектептердің жұмысын жеңілдету. Әр мекеме екі ауысымда 4 мың балаға есептелген. Осылайша BINOM желісі ашылуының арқасында 16 мың оқушы жаңа орындармен қамтамасыз етіледі.

Мектептерге қабылдауға өтінім mektep.snation.kz сайтында жүзеге асырылады. Оқушылар тұрғылықты жері бойынша мекемелерге қабылданады. BINOM SCHOOL туралы толық ақпаратты сайттан алуға болады: www.binom.edu.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button