Құқық

Биометриялық тану: ұрыларды қалай ұстаймыз?

Алдағы уақытта Астанада қылмыскерлерді биометриялық тану арқылы анықтауға болады. Озық технологияның тиімділігі алдымен тәжірибе жүзінде сыналмақ.

Елордалық полицейлердің айтуынша, бет әлпетін сәйкестендіру арқылы адамдарды тану әдісі жоғалған азаматтарды табуға, қылмыскерлерді де ұстауға септігін тигізбек.
– Биометриялық тану жүйесі адамның кім екенін, қашан және қайда барғанын фото арқылы анықтайды. Осыған байланысты қазіргі уақытта «Сергек» жүйесіне қатысты мәселелер қарастырылуда. Әзірге сынақ сатысында тәжірибе жүргізудеміз. Жаңа әдіс тиімді нәтиже беру үшін ең алдымен адамдардың соңғы фотолары бар базаны жаңартамыз. Айт­пақшы, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде жаңа әдістің адамдарды қаншалықты тану жылдамдығын тексеріп көрдік. Ол кезде сәйкестік 65 пайызды құрады. Әрине, биометриялық тану жүйесі адамдарды 100 пайыз анықтайды деп ойлауға болмайды, өйткені қалпақ киіп немесе көзілдірік тағып алатындар болады, – дейді Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков.
Бүгінде қала көшелерінде күн са­йын 1400 полицей мен Ұлттық ұланның әскерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері 5 мыңға жуық бейнебақылау­дың көмегімен 500-ден аса қылмыс­тың беті ашылды. Оның ішінде кісі өлтіру, ұрлық, тонау, алаяқтық, бұзақылық тіркелген.
«Егер қалта ұрлығы туралы айтар болсақ, автобуста жолаушылар көбейетін уақытта ұрлық та күше­йеді. Әсіресе, ұялы телефондар мен гаджеттер қолды болады. Көбіне теміржол вокзалы аумағы, базар маңайы, яғни халық иін тіресіп мінетін жерлерде жиі тіркеледі. Олар ұрланған заттарды тауып алмас үшін әдейі бөлшектеп сатып жібереді. Кейде ашық алаңдарда өтетін үлкен концерттерге барғанда әр адам жеке заттарына ие болу керектігін ескертеміз. Өйткені түсіріп алса да, ұмытып кетсе де, бізге келіп ұрланғаны туралы шағымданатындар көп» дейді С.Жүсіпбеков.
Жалпы, биыл қала көшелерінде жасалған қылмыстардың саны 24 пайызға төмендеген. Астана қаласы ІІД Жедел басқару орталығының камералары, «Смарт Сити» зияткерлік (оның ішінде «Сергек»), «Қауіпсіз аула», «Ақылды қала» камералары жол және қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға ерекше мүмкіндік береді. Олардың көмегімен биыл 45900 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, көше қылмыстарының алдын алу, сондай-ақ «ізін суытпай» ашу мақсатында жаяу патрульдік жасақтардың саны көбейтілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button