Қала тіршілігі

Бір айдың жауыны бір күнде жауды

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында елордадағы толассыз жауған жаңбырдың бірнеше көшені алып кету мәселесі талқыланды.

– «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 20-21 тамыз күндері Астананың оң жағалауында 36 миллиметр, ал сол жағалауында 45 миллиметрлік жауын-шашын жауыпты. Бұл айлық нормадан 40 пайызға артығырақ. Бұған қоса нөсерлі кәріз жүйесі үздіксіз жұмыс істеп, бір тәулік ішінде бір миллион куб, яғни сағатына 45 мың куб су қабылдады. Қаланың негізгі магистралды көшелерінде су басу жағдайы тіркелген жоқ, – дейді қала басшысының орынбасары.
Қосман Айтмұхамбетовтің айтуынша, жауынның суын қабылдайтын техникалар үлгермей, нәтижесінде Нәжімеденов, Тәуелсіздік, Момышұлы көшелерін су алып кеткен. Тек таңғы 05:00 шамасында аталған көшелерден суды толық сорып, тазарту мүмкін болған.
– Мамандандырылған кәсіпорындар мен коммуналдық кәсіпорындар бұл күндері дамылсыз жұмыс істеді. Су алып кету жағдайларына байланысты қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз, – деді Қосман Айтмұхамбетов.
Бұдан бөлек жиын барысында салонына су кіріп кеткен автобус жүргізушісінің жұмыстан босатылуы мүмкін екені айтылды.
– Жүргізушіге бұл көшемен жүрмеуі керектігі ескертілген. Оның үстіне көшені су алып кеткенінен хабардар болыпты. Жолаушылармен келе жатқанын ескеруі керек еді. Ал біз көшені жауып тастап, патрульдік көлікті, қоршауды қойғанбыз. Алматы ауданы әкімдігінің қызметкерлері одан кері бұрылуды талап еткен екен. Бірақ ол алған бетінен қайтпай, ары қарай жүре беріпті. Автобус жүргізушісі Момышұлы көшесіне Тоқпановты айналып өте алар еді. Өзге автобустар бұл маңайды айналып өтіпті. Оның ендігі жұмыста қалу-қалмауын «Astana LRT» басшылығы шешеді, – деді Астана әкімінің орынбасары.

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button