Басты ақпарат

Бір бағыттағы қозғалыс

Соңғы жылдары бас қаламызда көлік нөпірі көбейіп, тұрғындардың діттеген жеріне уақытында жетуі мұңға айналды. Таңғы және кешкі қарбалас уақытқа түссең болды, бір-екі аялдаманың өзі біраз уақытқа созылады. Бұл проблеманы шешу үшін біраз ұсыныс қаралып, талқыдан өтті. Соңында мамандар біржақты жол қозғалысын қолға алып, жүзеге асырды. Рас, бастапқыда қала тұрғындары наразы болғанмен, бұл жобаның тиімділігі көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады. Кезекті мақаламызда біржақты жол қозғалысы жайлы қозғай отырып, оның кемшін тұстары мен артықшылықтары туралы әңгімелеп, әлем елдеріндегі тәжірибені саралап көрмекпіз.

Кептеліс денсаулыққа зиян

Дамыған елдердің қай-қайсысын алсақ та, ең алдымен адам өмірінің қауіпсіздігін, отбасының амандығын бірінші орынға қояды. Бірер ай бұрын New York Times басылымы жария­лаған мақалада көлік кептелісі қоршаған ортаны ластап қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсер ететінін жария етті. «Кептеліс кезінде уақытын бос өткізгісі келмеген жұрт көлік ішінде өзге іспен айналысып отыратыны белгілі. Алайда жол кептелісі кез келген адамның физикалық денсаулығына да, психологиялық саулығына да кері әсер етеді» деп жазады басылым.
АҚШ-тың атақты газеті ғалымдардың зерттеу жұмысын мысал ете отырып, үлкен қалалардағы ығы-жығы көлік кептелісінің артуы отбасындағы кикілжіңдер мен зорлық-зомбылықтың көбеюіне де алып келетінін жазады.

Биыл төрт көшеге өзгеріс енгізіледі

Шыны керек, бір бағытты қозғалыс туралы мәселе қозғалғанда көпшіліктің көз алдына Алматы қаласының көшелері елестей жөнелетін. Себебі сол тұстағы астанада көшенің бәрі екі бағытта болатын. Бірақ ұзын-сонар көлік бөгелісі Алматының тәжірибесін шындап қолға алуға мәжбүр етті.
Ал бүгінгі бас қаламыз күннен күнге дамып бара жатқанын ескерер болсақ, ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігіне жете мән берілуі тиіс. Соңғы жылдары Нұр-Сұлтанда көлік кептелісін сейілту үшін біраз шара қолға алынды. Соның ішінде бір бағытты қозғалыс үлкен нәтиже берді. «Астана LRT» таратқан мәліметке сүйенер болсақ, бұл істі қалалық көлік бақылау қызметі мен ішкі істер департаменті бірлесіп қолға алған.
2016 жылы бұл жоба жүзеге асып, Әуезов, Желтоқсан, Кенесары, Бөкейхан, Янушкевич, Ағыбай батыр көшелері мен Абай даңғылына біржақты көлік қозғалысын енгізді. Рас, бастапқыда бұл өзгеріс астаналықтар үшін ыңғайсыздық тудырып, біразы кейіс білдірді. Тіпті абайсызда қарсы бағытқа бұрылып кетіп, үлкенді-кішілі апаттар да тіркелді. Бірақ мұның бәрі уақытша ғана еді. Арада көп өтпей-ақ біржақты қозғалыстың тиімділігін жұрт мойындай бастады. Оған көлік іркілісінің сейілуі дәлел. Қазір аталған көшелерде ара-тұра кездеспесе, бұрынғыдай қалың нөпір некен-саяқ. Өз кезегінде бұл көлік ағынының орташа жылдамдығын 33 пайызға дейін арттырса, өткізгіштік қабілетін 25 пайызға жоғарылатты. Ал жол қиылыс­тарындағы кептелістер 27-29 пайызға дейін төмендеді.
– Бұл көшелердегі ережені білместікпен бұзған азаматтарға әзірге ауызша ескерту айтылып жатыр. Бір апта бойы біз полиция басқармасының жеке құрамымен бірлесіп, жүргізушілер арасында жаңадан енгізілген біржақты қозғалысқа қатысты түсіндіру жұмыстарын атқарамыз. Ал ары қарай қозғалыс ережесін бұзғандарға тиісінше айыппұл салынатын болады, – деп атап өтті сол кездегі полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев.
Иә, бұл жоба өз жемісін берді. Одан бері үш жыл өтті. Жоспар бойынша бұл бастама 2017 жылдың өзінде-ақ қаланың сол жақ жағалауындағы Қонаев, Достық, Ақмешіт, Түркістан көшелеріне енгізілуі тиіс еді. Есесіне биыл бұл іс қайта қолға алынып, аталған көшелерге енгізілу жоспарланып отыр. Мұны қала әкімінің орынбасары мәлім еткен.
– Абай, Кенесары көшелері бір бағытқа көшірілгелі бері кептеліс 30 пайызға азайды. Енді келер жылы сол жағалау­дағы Достық, Ақмешіт, Қонаев, Түркістан сияқты бірнеше көшені бір бағытты жолға айналдырып, оларға Bus lane жолағын қосу жоспарланып отыр. Осындай жұмыстардың арқасында елордадағы жол-көлік оқиғасы екі есеге, қақтығыстан жарақат алатындар саны 25 пайызға, ал кісі өлімі 53 пайызға төмендемек. Енді көлік нөпірін азайту мақсатында кейбір көшелердегі жолдарды тек таңғы уақытта ақылы қылуды ойластырып жатырмыз, – деп С.Хорошун әңгіменің тағы бір шетін шығарып қалған болатын. Ақылы көшелер туралы мәселені алдағы уақытта қозғайтын боламыз.

Өзге қалаларда қалай?

Алматы. Әріге бармай-ақ, өзіміздің Алматымызды мысалға алайық. Қазақстандықтар үшін бұл қала кептелісімен танымал. Сол себепті мұнда қазір Жамбыл, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Гоголь, Мақатаев, Мұратбаев және Шәріпов көшелеріне былтырдан бері бір бағытты қозғалыс енгізілді. Бұл көлік кептелісін 50 пайыз қысқартуға, негізгі магистральды көшелерге көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Ал орташа жылдамдық 12 км/сағ-қа артқан. «Бір бағыттағы қозғалысты енгізуді ұйымдастыру барысында Мақатаев, Гоголь, Қабанбай батыр көшелерімен қарсы бағытта қоғамдық көліктер ғана жүреді» деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің бас маманы Данияр Әшім.
Мәскеу. Біржақты қозғалыс соңғы жылдары Ресей астанасының біраз көшесіне енгізілді. Нәтижесінде орталық көшелердегі қалың іркіліс азайып, көлік ағыны жылдамдады. Мамандар тіпті, қаланың экологиялық жағдайы жақсарғанын айтып отыр.
АҚШ-тың біраз қаласында бар тәжірибе. Ерекше айтарлығы, параллель жатқан екі көшеге біржақты қозғалыс енгізілгеннен кейін ені 13 м болатын автомобиль жолы бар көшелердің өткізгіштік қабілеті артқан екен.
Ал Ұлыбританияда бұл ережеге жұртшылық ризашылығын білдіріпті. Біржақты қозғалыс енгізгенге дейін және одан кейінгі зерттеу жұмыстары көшелердегі кептелістің көлеміне қарай жол жүру уақыты 20-дан 60%-ға дейін азайғандығын көрсеткен.

Тиімділігі мен кемшілігі

Бір бағытты қозғалыстың қандай кемшін тұстары болуы мүмкін? Жүргізушілер үшін қиындықтың бәрі бастапқы уақытында кездеседі. Мәселен, көздеген жеріне бару үшін бірнеше көшені айналып баруына тура келсе, жаңадан ілінген белгілерді көлік иелері бірден байқамай, жол ережесін бұзуы әбден мүмкін. Соның салдарынан қарсы бағытқа шығып, апатқа ұшырайтын жайттар да кездесіп жатады. Кемшін тұстарының тағы бірі мұндай көшелердің шет-жағасы автотұраққа айналып кетеді. Оған әсіресе, Әуезов көшесіндегі жағдай дәлел. Кей сәтте бұл тұрақтар екі қатарға айналып, көлік ағынына кері әсерін тигізіп жатады. Дегенмен бұл проблеманың бәрі уақытша ғана екенін айта кеткен жөн.
Ал артықшылығы жетерлік. Ең бастысы, көлік кептелісін қысқартып, апатты жағдайдың азаюына септігін тигізеді. Көлік жылдамдығы қосбағытты көшелерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл көшелерде көлік қоюға тыйым салынған белгілер азырақ, сол себепті жоғарыда айтылған кемшілікті осы орайда ыңғайлы етіп пайдаланып, тұрақ алаңының көбеюімен де байланыстыруға болады. Bus lane жолақшасындағы қоғамдық көліктен бөлек қарсы бетте ешбір көлік жүрмейді. Мұнда жаңа жол белгілері пайда болғанмен, екіжақты көшелермен салыстырғанда әлдеқайда азырақ. Ал жолаушылар үшін бір бағыттағы көшеден өту әлдеқайда қауіпсіз. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы көбіне қосбағытты көшелерде кездеседі.
Қорыта айтар болсақ, Нұр-Сұлтан көшелері үшін бір бағыттағы қозғалыс аса қажет. Бұл – іс жүзінде дәлелденген жайт. Егер алдағы уақытта қаланың өзге де көшелеріне осы тәртіпті енгізсе, көлік нөпірінің азаюына септігін тигізері анық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button