Бір миллион тал егіледі

Биыл Астанада миллионға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Ауа райының жылынуымен қалада абаттандыру және көгалдандыру жұмысы басталды. Биыл миллионға жуық жасыл желек (ағаш, бұта, көшет және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар барлық ауданда қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) мен аулаларды абаттандырамыз. Қаланы аралау барысында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарындағы бірқатар орынға бардым. Мәселен, Ш.Уәлиханов көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан С.Сейфуллин көшесіне дейінгі аралығында ескі үйлер мен заңсыз сауда нысандарын бұзған соң, орнына жаңа қоғамдық кеңістік салуды жоспарлап отырмыз. Алаңның жалпы көлемі 10,5 мың шаршы метрді құрайды. Онда біз ағаш пен бұта отырғызып, тротуарлар саламыз» деді әкім.
Әкім қалада жазушылар аллеясында көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізу жоспарланып отырғанын да атап өтті.
«Онда ірі ағаш (100 данадан астам) отырғызу жоспарда бар. Қазір бұл аллеяда жасыл желектер отырғызу үшін орындарды дайындау жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сарыарқа ауданындағы жұмыстың маңызды бағытының бірі – вокзал маңындағы аумақты және оған іргелес көшелерді жаңарту. Осы жоба аясында Гете көшесін «Раиса ана» мешітіне дейін абаттандыру, яғни аумақты көгалдандыру, шағын сәулет нысандарын орнату, қосымша тұрақ аймағын салу жоспарланған. Сол сияқты қауіпсіздікті арттыру мақсатында жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталып, стационарлық боллардтар орнатылады. 2024 жылы Біржан сал мен Гете көшелерін есепке алғанда, вокзал маңы аумағының бір бөлігіне ауқымды жаңарту жүргізілді. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылып, қоғамдық кеңістіктер ашылды, жасыл желектер отырғызылды және т. б. Сол сияқты «Жастар» театрының алдындағы аумаққа айтарлықтай өзгерістер енгізілді, көгалдандыру жұмысы жүргізілді, суару жүйесі жақсартылды» деді Жеңіс Қасымбек.
Абаттандыру жұмысына қала әкімдігінің баса назар аударып отырғанына тоқталған әкім биылдың еншісіндегі жұмыстарды да атап өтті.
«Ғұмар Қараш пен Ә.Мәмбетов атындағы тарихи көшелерді жаңарту аясында 5 гектар аумақ абаттандырылып, ағаштар отырғызылды. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның алдында жарықтандыру тіректерін жаңарту, заманауи көше жиһаздарын орнату және қолжетімділік қағидатын ескере отырып, жерасты өткелін реконструкциялау жоспарланып отыр» деді ол.