Тағзым

Бір минут үнсіздікпен еске алды

Кеше Үкімет пен Парламент басшылары «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан майдангерлер рухына тағзым етті.

Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Гүл қою рәсімінен соң соғыста қаза болғандар бір минут үн­сіздікпен еске алынып, елі­міздің Әнұраны орындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы екенін білеміз. Сол жерде Сенат спикері әкесінің жорық жолдарын еске алды.
«Әкем 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. Ол екінші Беларусь майданы құрамында соғысып, Польшаға дейін жетті. 1944 жылы оқ тиіп, жараланды. Ржев түбіндегі шайқаста қаза тапқан Қасым Болтаев деген ағам Тверь облысының Трубино деген ауылында жерленді. Менің атым сол кісінің құрметіне қойылды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Премьер-министр мен Мә­жіліс төрағасы да – майдангерлердің ұрпақтары. Әбдір Сағынтаев 1941 жылы әскер қатарына алынып, Могилев маңайында әскери дайындықтан өтті. Ұлы Отан соғысында ауыр жараланып, 1943 жылы елге оралды. Ал Зайролла Нығматулин өз еркімен майданға аттанды. Карел-финдік, Ленинград пен Балтық маңындағы майдандарда шайқасып, көптеген марапаттарға ие болды. Атқыштар полкінің құрамында барлаушы болып, Польшаға дейін жетті. 1944 жылдың аяғындағы сұрапыл шайқастың бірінде ауыр жараланып, 4 жыл әскери ау­руханада емделді. Елге 1948 жылы ғана оралды.
Осындай майдангерлердің ұрпақтары ескерткіш жанына жиналған Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірауыз тіл қатысып, олардың жағдайын біліп, мерекемен құттықтады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button