Мәдениет

БІР ОТАН! БІР ТАҒДЫР! БІР ЕЛБАСЫ!

Тұңғыш Президент күні аясында ұйымдастырылған басты шаралардың бірі – «Сарыарқа» велотрегінде өткен «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» мерекелік концерті. Салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Бұл – соңғы жылдары дәстүрге айналған патриоттық шара. «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» ұранының астарында терең мағына жатыр. Елбасы айтқандай: «Бір халық» – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер, «Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр» – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер! Міне, қазақстандық қоғамдық келісімді шайқалтпай ұстап тұратын табаны таудай үш таған бұл». Әрине, жұртшылықты елін, жерін сүюге шақыратын бұл шара, әсіресе, жастардың бойына отансүйгішік  сезімін ұялатуға айтарлықтай үлес қосатыны анық. Салтанатты жиында жастардың қарасы көп болды.  Стадион ішін лық толтырған олар қолдарындағы жалаушаларымен «Елбасы», «Астана», «Нұрсұлтан», «Президент» деп ұрандатып отырды.

Жиында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын 1991 жылдың бірінші желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланғанын, осы тарихи күннен 15 күн өткен соң қазақ халқы өзінің тарихында тұңғыш рет тәуелсіз ел болып жарияланғанын атап өтті.

Иә, 1991 жылдың 1 желтоқсаны – ел тарихындағы ерекше күн. Осы күні халқымыз өзді-өзі болып тұңғыш Президентін сайлады. Қазақстан Республикасындағы алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев  98,78 пайыз дауыс жинап,  жеңіске жеткен болатын.

–Бүкілхалықтық дауыс беру барысындағы маған көрсетілген  жалпыхалықтық  сенім ерекше жігер, зор қуат берді. Міне, содан бері 23 жыл бойы біз өз еліміздің тәуелсіз даму даңғылымен жүріп келеміз, – деді  Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ елі қысқа мерзімнің ішінде толағай табыстарға жеткенін айтты. Еліміздің экономикасы түзеліп, халықтың әл-ауқаты артқанына тоқталды. Тәуелсіздік жылдарында көптеген белестерді бағындырған Қазақ елі әлемге танылғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан өзгелерге көпұлтты елдегі толеранттылықтың, тату әрі бақуатты өмірдің үлгісін көрсетіп отыр.  Бұл – көздің қарашығындай сақтауды қажет ететін зор байлық.

Енді еліміз әлемдік экономикалық  қиындықтарға қарамастан  «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруды бастап отыр.  Бұл бағдарламалар жастардың болашағы үшін де  жасалған. Елбасы өз сөзінде өскелең жастарға үлкен сенім артып, оларды білікті азамат болып өсуге шақырды.

– Сіздер – бақытты ұрпақсыздар. Себебі, Тәуелсіз Отандарыңызда өмір сүріп жатырсыздар. Біз – тәуелділікті көрген ұрпақпыз. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы білеміз. Еліміздің тәуелсіздігінің арқасында жаңа ұрпақ тәрбиеленді. Білімді ұрпақ тәрбиеленді. Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиеленді. Бүгінгі ұрпақ  еліміздің көк туын әрдайым жоғары ұстап, Қазақстанның Тәуелсіздігін қасық қаны қалғанша қорғайды деген сенімдеміз. Барымызды бағалап, бірлігімізді сақтау керек. Білім алыңыздар, жұмыс істеп, отбасын құрыңыздар, – деді Н.Назарбаев.

Салтанатты жиын барысында «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты театрландырылған қойылым сахналанды. Мерекелік шараға Қазақстанның эстрада жұлдыздары патриоттық әндерден шашу шашты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар да Президент күніне өз тартуларын ала келіпті.  Концерт «Жас Ұлан» республикалық кадет мектебінің салтанатты шеруімен жалғасып,  «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» фольклорлық бағдарламасы көрерменге ұсынылды.

Шараның басты қазығының бірі –  «Менің елім – Мәңгілік ел: Кас­пийден Алтайға дейін»  деп аталған этнографиялық автоэкспедицияның  қорытындылануы болды. Кілең жастардан құралған бұл экспедиция еліміздің шұрайлы табиғаты мен құнды ескерткіштерін насихаттау мақсатында екі ай бойы республиканы аралап шыққан болатын.

Мерекелік бағдарламаның соңында концертке қатысушылар Тұңғыш Президент күніне арналған әнұранды қосыла шырқады.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button