Басты ақпарат

Бір секундта – төрт патрон

Қазақстандағы тұңғыш патрон зауытының іске қосылғанына көп бола қойған жоқ, бар-жоғы екінші жылға аяқ басты. Осы аз уақыттың ішінде ол қағаз бетіндегі идеядан, яғни жобадан нақты сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпорынға айналып отыр. Бұл – қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған ТМД көлемінде теңдесі жоқ өндіріс орындарының бірі.

[smartslider3 slider=2319]

Бізді зауыт директорының өндіріс бойынша орынбасары Дәурен Арынов күтіп алып, пат­ронның қарапайым шикізаттан бастап дайын өнімге айналуына дейінгі барлық кезеңдерін түгел көрсетіп, кәсіпорынның бір күнгі тыныс-тіршілігімен егжей-тегжейлі таныстырды.

Технология – сырттан, мамандар – өзімізден

«Қазақстанда бұрын-соңды оқ-дәрі шығару тәжірибесі болмаған. Ең бастысы, қазір жаһандағы жаңа технологияны елімізге алып келіп, игеру ісін қолға алдық. Соның нәтижесінде жергілікті мамандар есебінен өзіміздің инженерлердің, патрон жасаушылардың жаңа толқыны қалыптасуда. Машина жасау саласы мен жарылғыш заттарға қатысты мамандық иелерінің ішінен іріктеп, сұрыптап алып, әсіресе қабілетті жастарды осы кәсіпке баулып жатырмыз» дейді Д.Арынов.

 Кәсіпорын құрал-жабдық пен технологияны Канададан алдырып отыр, өйткені бұл елдің оқ-дәрі шығару ісінде бай тәжірибесі бар, ондағы өндіріс тарихы тым әріден – 1851 жылдан басталады. Зауытты қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, оларды кепілдік мерзімі біткенше күтіп-баптаумен қатар жергілікті мамандарды оқытып, даярлау да – канадалық әріптестердің мойнында.

 Зауыттың жоспарланған өндірістік қуаты жылына 30 миллион патрон шығаруға қабілетті. Бірақ әлемдік тәжірибе бойынша мұндай кәсіпорынға аталған межеге жету үшін кемінде бес жыл керек екен. Әйтсе де зауыттың әлеуеті мен мүмкіншілігі өте жоғары көрінеді. «Қажет болса, үш ауысымда жұмыс істеп қуаттылықты үш-төрт есе арттыруға да болады. Бірақ бұл жерде сол баяғы мамандар тапшылығы қолбайлау болып отыр» дейді зауыт басшылығы. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, білікті мамандардың қалың тобын қалыптастырған соң кез келген көлемдегі тапсырысты игеруге дайын екендіктерін айтты.

 Зауыт өзінің жұмысын бас­таған кезде барлық қажетті шикізат пен өнімнің құрамдас бөліктерін шетелден сатып алатын еді. Қазақстандық өнімдерді тарту нәтижесінде қазірдің өзінде зауыт импорттық материалдардың пайдалану көлемін елу пайызға қысқартты.

 «Біз алдағы уақытта импортты алмастыру көлемін одан сайын арттыруға тырысамыз. Жезді Балқаштан аламыз, химия мен май өнімдері де өз елімізде шығарылады. 2024-2025 жылдарға қарай импорттық материалдарға мүлде тәуелді болмаймыз деп үміттенеміз. Сіздер баллистикалық сараптама жасайтын химиялық зертханамызды көрдіңіздер. Мұнда жас мамандармен қатар қару-жарақ ісінің қыр-сырын жетік білетін әскери қызметтің ардагерлері де еңбек етеді. Мұнда кез келген оқ-дәріні, мейлі ол біздің немесе шетелдік стандарттағы өнім болсын, терең сараптама жасап, барлық сипаттамаларын ашып көрсетіп, нақты баға бере алады» дейді Д.Арынов.

 Зауыт патрон шығарудың барлық кезеңдерін толық игерген. Бұл не деген сөз? Алдымен мамандар өнімнің сызбасын қағазға түсіреді, жобалайды, сосын өндіріске жіберіп, оны дайын өнім ретінде шығарады. Өндірістің толық циклы деген осы.

Тексеру аймағында – тек қана қыздар

Қазіргі уақытта зауытта жүз адам жұмыс істейді және оның жүз пайызы – жергілікті мамандар. Кейін кәсіпорын толық өндірістік қуатқа ие болғанда жұмыс орындары да бұдан әлдеқайда көбейе түспек.

 Ольга Арсланованың мұнда келгеніне тура бір жыл. Әуелі бақылаушы, сосын шебер болып еңбек еткен, қазір техникалық бақылау бөлімі бастығының орынбасары. Қарағанды политехникалық университетін жаңа материалдар технологиясы мамандығы бойынша бітірген Ольга бұған дейін де еліміздің бірнеше зауыттарында жұмыс істепті. Бас-аяғы он жылға жуық инженерлік тәжірибесі бар. Жаңа зауытқа келгеніне өте қуанышты.

 Техникалық тексеру бөлімінде негізінен, қыз-келіншектер істейді екен. Оның да өзіндік сыры бар көрінеді. Бұл бөлімде өнімнің диаметрін, тереңдігін, биіктігін, калибрін және басқа да барлық техникалық параметрлерін өлшем аспаптары арқылы қолмен, көзбен тексеруден өткізеді. Ольганың айтуынша, мұндай жауапты жерде әйел баласының бойында кездесетін төзімділік және қырағылық сияқты қасиеттер ауадай қажет. Техникалық тексерулер ақырғы өнімнің талапқа сай болуы үшін жасалады. Бұдан кейін автоматтық желі бойынша гильза механикалық өңдеуден өтіп, әрі қарай құрастыруға жіберіліп, сосын дайын патронға айналады. Кейбір параметрлері қалыптан ауытқыған жағдайда оператор желіні дереу тоқтатып, түзету енгізіп барып қайта қосады.

 Зауыттың 12.7 калибріне дейінгі патрондардың барлық түрлерін шығаруға мүмкіндігі бар. Қазақстандық кәсіпорын сегіз сағаттың ішінде кез келген басқа калибрдегі өнімді өндіруге көше алады. Мәселен, ТМД көлеміндегі зауыттарға басқа өлшемдегі өнімге ауысу үшін кемінде бір ай мерзім керек. Демек, бұл – осынша уақыт өндірісі орны тоқтап тұрады деген сөз.

Ішкі нарыққа жұмыс істейді

Зауыттағы заманауи құрал-­жабдық секундына төрт патронға дейін шығаруға мүмкіндік береді. Өндірісте жұмыс істейтін адам санының аздығын ескерсек, бұл өте жоғары жылдамдық. Мұнда барлығы автоматтандырылған. Жалғыз фактор – өнімнің сапасын тексеретін мамандар әлгі жылдамдыққа ілесе алса болғаны. Кейде олар үлгермей де жатады екен. Сондықтан бір жерде жылдамдықты төмендетсе, бір жерде оны арттырып отырады.

 Орталық баллистикалық сынақтар зертханасының шебері Алексей Тишин дайын оқтарды ату арқылы олардың сапасын қалай тексеретінін баяндап берді:

– Зертханада әлемге әйгілі «Прототипа» компаниясының жабдығы орнатылған. Сондай-ақ бізде жүз және елу метрлік екі атыс тирі бар. Сіздердің назарларыңызға қазір оқтың бастапқы жылдамдығын анықтайтын жарық қақпасын ұсынамыз. Оқтың бастапқы жылдамдығы бойынша дайын өнімнің қаншалықты сапалы екенін анықтаймыз. Оқ одан әрі ұшып бара жатқанда оптикалық қақпа бар. Оптикалық қақпа оқтың нысанаға тиюдегі дәлдігін көрсетеді. Бұл үдеріс үнемі үздіксіз жүреді. Біз бәрінің талапқа сай екеніне көз жеткізген соң ғана әскерилермен бірге қабылдау-­өткізу сынақтарына кірісеміз. Бір сөзбен осы жұмыстардың бәрінің басы-қасында әскерилер жүреді. Олар бізбен бірге отырып әрбір патронның сапасын, қысымын, атыс жылдамдығы мен дәлдігін тексеріп, содан кейін ғана қабылдап алады.

 Қазір кәсіпорын Макаров пис­толетіне арналған патрондарды шығаруда. Сонымен бірге, біз куә болғандай, мұнда винтовкаға арналған оқтардың желісін іске қосу бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр екен. Химия­лық зертханада жаңа өнімнің алғашқы нұсқаларын жан-жақты химиялық және баллистикалық сынақтардан өткізуде. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Винтовкалық патрондар желісін іске қосу осы жылдың аяғына қарай жоспарланып отыр.

 Кәсіпорын қазір Қазақстанның күштік құрылымдарының қажеттіліктерін өтеу үшін тек қана ішкі нарыққа жұмыс істеуде. Жыл сайын өндіріс қуаттылығын арттыра отырып, өзіміздің сұранысты толық қамтамасыз еткен соң сыртқы нарыққа шығу, оның ішінде НАТО стандарттары бойынша патрондар өндіру де жоспарда бар.

 Патронның сыртқы бетінде ағылшын тілінде «QAP» деген әріптер таңбаланған, бұл қазақ­стандық патрон зауыты дегенді білдіреді. Кім біледі, бірнеше жылдан соң сыртқы нарыққа шығып жатса, қазақстандық өнімнің осы таңбасының кеңінен танымал болмасына кім кепіл?!

 Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

 

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button