Қоғам

Бір шаңырақта – қос ғалым

Бір отбасындағы қос ғалымның қатар жүзуі, талмай талаптануы, ерінбей еңбектенуі, сол арқылы биік шыңға көтерілуі кездейсоқтық болмаса керек. Осындай тұлғалардан өнеге алып, ілім ілген біздің ұстаздар қатарында болуымызға тілекші болып жүрген Зинол-Ғабден Қабиұлы мен Жамал Айтқалиқызының өмірлік тәжірибесінен алған ұлағатымыз мол.

Зинол аға – университет қабыр­ғасында білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның қатарындағы бірі емес, бірегейі, ғылымдағы жол көрсетуші рухани ағайым. Қамқор аға, жанашыр бауыр, балаларының әкесі, немерелерінің ақылман атасы, шәкірттерінің таңдаулы тәлімгері, ұстазы. Шаңырағы көпке үлгі болған ұлттық тәрбиенің ұйытқысы, ұлық болсаң, кішік бол дегендей, кішіпе­йілділігі мен көпшілділігімен биік тұлға.

Зинол-Ғабден Бисенғали – филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Профессор Б.Кенжебаевтың басшылығымен «XX ғасыр басындағы қазақ прозасы» тақырыбында кандидаттық, «XX ғасыр басындағы қазақ романы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.

Зинол-Ғабден Қабиұлы әдебиет тарихы мен теориясының мәселелерін түбегейлі зерттеп, ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасымен, оның ішінде қазақ романы жөнінде, қазақ әдебиетінің тарихын ауқымды мол деректермен толықтырды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы» (1989), «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» (1997), «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» 1-кітап (түрік тілінде, 2000), «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» 2-кітап (түрік тілінде, 2000), «Қазақ романы» (2003), «Абайтану және Абай қарасөздері» (қытай тілінде, 2006), «Қазақ әдебиеттануы» (2006), «Buyuk ustanin dahi talebesi» (түрік тілінде), «Ш.Айтматов дәуірі» (2009), «Ұлттық рух жаршысы» (жапон тілінде), т. б. монографиялары мен елеулі шығармалары әдебиетіміздің ең көкейтесті мәселелерін қозғайтын зерттеуші ғалымдар мен әдебиет сүйер қауым көңілінен шыққан еңбектерге айналды. Ғалымның жетекшілігімен филология ғылымдарының бірнеше докторы, 30-дан астам ғылым кандидаты, ондаған магистр мен PhD докторлары дайындалды. Ғалым оқу-білім майданында әртүрлі қызмет атқара жүріп, оны ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шебер ұштастыра білді. Болашақ жас мамандардың жан-жақты даярлықтан өтуі үшін рухани байлық – көркем әдебиетке құмарлығын арттыруды, көптеген жұмысты көркем шығармалармен тығыз байланыстыра жүргізуді бір сәт естен шығармады. Жастарды әдебиетті сүюге, көркем шығарманы оқи білуге баулыған ұстаз тілі бай, сонар туындыларды өз мәнінде жеткізе білді. Тілге шебер, ойы жүйрік маманның әдебиетті сүюі оны жан-тәнімен насихаттауына да себеп болды. Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті ақын-жазушыларының өмірбаянын, еңбектерін өз шәкірттеріне жете таныстыруды мақсат еткен ұстаз олардың шығармаларын зерттеп, талдап оқытуға ден қойды. Шәкірттерін білімімен байытып, озық тәжірибеге баулып, түлетті, көп жылғы оқу-тәрбие жұмысында жүздеген жас маманға жол сілтеп, «тұсауын» кесті. Оның өмірлік ұстанымы – халыққа, жас ұрпаққа қызмет ету, оларға терең теориялық, ғылыми және кәсіби білім беру, қоғам үшін пайдалы іс жасау.

Елімізге елеулі, халқымызға қалаулы, қатарына қадірлі, ұрпаққа өнеге, жайсаң жандардың бірі әрі бірегейі Жамал Айтқалиқызы Манкеева дер едім. Апайдың ұлағатын көріп, ақыл-кеңесін, айтқан әңгімесін тыңдаған кісі осылай десе керек.

Жамал Манкеева – филология ғылымдарының докторы, профессор. 1977 жылдан бастап осы кезге дейін ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет атқарып келеді, лексикология бөлімінің меңгерушісі. Профессор Жамал Айтқалиқызының зерттеулеріне арқау болған басты бағыттар – түркітану, тарихи морфология, тарихи лексикология, этно­лингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, көркем мәтін лингвистикасы, лексикография салалары. Ғалым саналы өмірінде ұлттық тіліміздің дамып, өркендеу жолында тер төгіп келеді.

Ал кісілікке келсек, апайдың адамшылық келбеті, терең білімі, көкірек көкжиегінің кеңдігі, қазақи жайдары мінезі көп кісіде кездесе бермейтін қарапайым қасиеттері десек, бұл пікірімізбен ешкім таласа қоймас.

Ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, тіліміз бен әдебиеттану саласында жоғары білікті мамандарды даярлау ісінде жетістіктері мол, ел зиялысына айналған ғалым әрі ұстаз Зинол-Ғабден Қабиұлы мен Жамал Айтқалиқызының өмірі мен шығармашылық жолы ізденіске толы екенін біз жүйемен сабақталған сөз сырынан аңғарсақ дейміз.

Ұстаз шәкіртімен биік, оның ішін­де еңбек биігінен көрінген шәкірттерімен бағалы десек, Зинол ағай мен Жамал апайдың шәкірттерінің арасында талай-талай азаматтар бүгінде қазақ қоғамының берік қорғаны, белді мүшелері.

Тілектес ТОҚСАНБАЕВА,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button