ӘлеуметБасты ақпарат

Бір шырақпен мың шырақ жаққан…

Қазіргі ұлт педагогикасының алдында тұрған міндет – ұлт құндылықтарымен қаныққан, жауапты, еңбекқор, белсенді, отаншыл және өзіндік азаматтық ұстанымға ие ұрпақты тәрбиелеу. Жаңартылған білім мазмұнына енгізілетін өзгерістердің мәні құндылықтарға бағдарланған оқыту тәсілін қолдануды көздейді. Бұл – стандарттарда көрсетілген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды білім алушылардың бойына дарытуды іске асыру. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының деңгейін арттыру және тәрбие процесін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін пайдалану мақсатында жуырда елордада ерекше форматтағы педагогикалық кеңес өтті.

– Бұл – жаңа жоба. Өздеріңіз байқағандай, еркін форматта өтеді. Педагогикалық кеңесте ұстаздар тек атқарылған жұмыстар бойынша есепті тыңдамау қажет. Спикерлерді де арнайы іріктеп алдық. Олар білім беру ұйымдарының өкілдеріне мотивациялық әрі тәрбиелік тұрғыда бала тәрбиесіне қатысты маңыз­ды ақпараттарымен бөлісті. Бәрімізге белгілі, балаға әуелі тәрбие беру керек. Одан кейін білім беру қажет. Бүгін 200-ден астам ата-ана, 600-ден астам сынып жетекші, 200-ден астам білім беру ұйымдарының басшысы, 200-ден астам мектеп директорының орынбасары және мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар қатысты, – деді Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дәуешова.

Педагогикалық кеңеске Білім басқармасының, әлеуметтік әріптестер, білім беру ұйымдары мен ата-аналар бірлестігінен барлығы 1500 адам қатысты.

Қатысушылар баланың рухани-­адамгершілік құндылықтарын тәрбие­леудегі отбасының рөлі, мектеп пен отбасының өзара іс-қимылы туралы сұрақтарды талқылады. Педагогикалық кеңес аясында 9 әдістемелік алаң жұмыс істеді.

Педагогикалық кеңестегі ерекше спикер Қ.Сәтбаев атындағы «Binom school» мектеп-лицейінің директоры Құралай Байтажикова өз өмірінен ерекше тәрбие боларлық мысал келтірді.

Оқушының бастапқы білімі қандай болса да, ұстаз оған көмектесуге ниет білдірсе, сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ

«Маған осы кеңесте сөз сөйлеу ұсынылғанда ұзақ ойландым: 32 жыл мектепте мұғалім болдым, бұл саладан көп кейсті айтуыма әбден болады немесе осы 32 жылдың 13 жылында мен мектепте директор болып, бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі білім ұжымының жауапкершілігін арқаладым – бұл жөнінен де көп кейс айта аламын. Сондай-ақ 2 баланың анасы ретінде де көп нәрсе айтуға болар еді, бірақ мен ойлана-ойлана мынадай тоқтамға келдім: егер педагог ретінде сөйлесем, мынадай кәсіби білігі жоғары аудиторияның өз жиған-тергені өте көп болар деп ойладым. Ал мектеп директоры ретінде сөйлесем, басшының «тәжін» киіп алып, ешкімге сөз бермей, тоқтауым да қиын болатын еді… Ал ата-ана ретіндегі ықпалымды менің өз балаларым ғана артық айтып бере алады деген ойға келдім. Сонымен, ойланып жүргенде үстелімнің үстінде үнемі тұратын Джон Хэтти деген австралиялық жазушының кітабына көзім түсті. Джон Хэтти 15 жыл бойы бір ғана сұраққа зерттеу жүргізеді, ол – оқушылардың білім сапасына қандай факторлар әсер етеді деген сұрақ. 80 миллион оқушыға 50 мыңнан астам зерттеу еңбегін жүргізеді. Сөйтіп білім сапасына әсер ететін 215 факторды анықтайды. 215 фактор! Ойлаудың өзі қорқынышты! Әр фактордың ықпал ету өлшемін ойлап шығарады. Кластағы бала санының білім сапасына әсері қандай, мұғалімнің әсері ше – бәрін тыңғылықты зерттейді. Оқушының білім алуына отбасы әсер ете ме, мұғалімнің шешімі не басқа стратегиялық мәселелер әсер ете ме – арнайы зерттеулер жүргізеді. Сөйтіп 215 факторды 6 ықпал ету факторына біріктіріп тастайды. Ең маңыздысы – ұстаздың тұлғасы. Бұл факторлардың ішіндегі ең маңызды екенін анықтайды. Сондықтан да мен бүгін мұғалім ретінде емес, директор, я ата-ана ретінде де емес, 7 жасар Құралай болып алдарыңызда сөйлегелі тұрмын. Маған бала кезімнен әсер еткен факторларды, болашағыма ұстаздың ықпалы туралы айрықша айтқым келді.

7 жастағы Құралай қандай еді, оған мұғалімдер қалай ықпал етті – қазір алдарыңызда мектепті «алтын медальмен» бітірген, оқу орнын үздік оқыған, кәсібін меңгерген, өзіне сенімді, өз көзқарасы айқын Құралай тұрғанын көріп тұрсыз­дар. Ал мектеп табалдырығын аттағанда өзіне сенімсіз, алғашқы қадамдары сәтсіз басталған Құралай болғанын айтуымыз қажет. Сол өзіне сенімсіздеу Құралайдың осал тұстарын, кемшіліктерін батыл бетіне айта алатын, сәтсіздіктерінен сабақ алуға тырысатын Құралай бүгін алдарыңызда тұр. Мен қандай бала болдым – балабақша секілді әлеуметтік институттың табалдырығын өмірі аттап көрмеген, тәрбиеші атаулымен таныс емес, тек ата мен әженің бауырында өскен, басқа сырт адамның тәрбиесін көрмеген ауылдың қарапайым қызы болдым. Жеті жарым жасымда әке-шешем қаладағы мектепке әкелді, содан менде дүрбелең басталды, артқы партада отырып алып, қасыма еш жанды жолатпаймын, ешкіммен араласпаймын. Содан үлгерімім өте нашар, күнде «екі» алып келемін, баға қойылған дәптерді кілемнің астына тығамын да, күнде жаңа дәптер бастаймын. Сонымен, бірінші тоқсан бітті, сол кезде класқа басқа мұғалім келді. Жүзінен мейірім шашқан жақсы мұғалім Гүлжаhан апай (ол кісімен әлі күнге дейін араласамын – Қ.Б.) мені сабақтан соң алып қалды да: «Құралай, сен кімді көбірек жақсы көресің, әкеңді ме, анаңды ма, жоқ ата-әжеңді ме?» деп сұрады. «Жақсы болу, оқу деген дәптерді, күнделікті «екіге» толтыра беру немесе сол баға қойған жерді тесіп тастау емес қой, мен сенемін, сен «бес» ала аласың, оған қабілетің жетеді» деді. Жалғыз мен ғана емес, мен сияқты оқуға ықыласы жоқ «проблемный» балаларды уақыт тауып, жеке-жеке қабылдап, сөйлесіп жүрді. Күнделікті сабағымды қадағалап, тапсырмаларды уақытында орындауға қанаттандырған апайымның арқасында мен 1-сыныпты үздік аяқтадым. Мектепті де үздік бағалармен бітірдім. Оқушыға мұғалімнің әсері қандай десеңізші, міне, осылай ықпал етеді.

Джон Хэтти білім сапасының артуына оқушыға мұғалімнің берген зор сенімі, қолдауы ықпал етті дейді. Оқушының бастапқы деңгейіне, қандай жағдайда алдына келгеніне қарамай, оған сенім ұялатып, қолдауының арқасында осындай зор нәтижеге қол жетті. Мысалы, басында мен қаламсапты да дұрыс ұстай алмадым, жазуым да нашар болды – сонда да маған сенім артып, қолтығымнан демеді, ал мен оның маған артқан сенімін ақтадым, жақсы оқуға талаптандым, нәтижесі алақандағыдай көрінді, өмірім мүлде басқа, жақсы арнаға бұрылды.

Джон Хэттидің айтқаны менің өмірімнен осылайша айқын көрініс тапты. Оқушының бастапқы білімі қандай болса да, ұстаз оған көмектесуге ниет білдірсе, сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ.

Джон Хэттиден мысал келтірдім ғой, бірақ тәрбие, білім туралы ұлт зия­лылары, ойшылдары көп нәрсе айтып кеткен ғой, соның бірі – Абайдың қара сөздерінде адамдық, білім алуға қатысты айтқан тұсы.

Абай әрбір ойы, сөзі арқылы адамды адамдыққа шақырады. Дұрыс жүруге, жақсы іс жасауға, ізгі ойларға тартады. Ақ пен қараның аражігін ажыратуға итермелейді. Абайдың негізгі ойы адамды жетілдіру болған, яғни кемел адамға, толық адамға жеткізу еді. Ыстық қайрат пен нұрлы ақыл, жылы жүрек арқылы сол адамдықтың шыңына шығуға болады деп есептеген.

Ендеше ұлт ұрпағын тәрбиелеу, ұлт құндылықтарына негізделген білім мазмұнын бойына сіңіру, баланы ынталандыру, алға жетелеу, бір шырақпен мың шырақты жағып, игі іс жасау – ұстаздық міндетіміз hәм қасиетті борышымыз. Педагог болуға да осындай ұлағатты ұстаздан тәлім алғанымның әсері болды деп нық айта аламын және қолымнан келгенше оқушыларға, жастарға бағыт беріп, қолдауды өзіме зор мәртебе санаймын».

Бұл – астаналық педагог, білікті ұстаз, іскер ұйымдастырушы Құралай Байтажикованың ұстанымы, өмірлік тәжірибесінен алынған пайымдар.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button