Елорда тынысы

Бір тәулікте 105 шақырым жаяу жүрген

35 жастағы Астана тұрғыны Евгений Рура биыл ақпан айынан бастап салмақ тастау мақсатында күнделікті бірнеше мың қадам жасап, серуендеуді әдетке айналдырған, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz

Евгенийдің соңғы нәтижесіне адам сенбейді, ол бір тәулікте 140 мың қадам жүріп, 105 шақырымды еңсерген.

Өзінің сұхбатында астаналық Евгений Рура жаңа әдетті қалай қалыптастырғанын және жаяу жүру бойынша жеке рекорды туралы айтып берді.

“Ақпаннан бастап серуенге күнделікті шығып жүрмін. Былтыр да күніне орташа есеппен 5000 қадам жүретінмін. Ал биыл жаяу жүруді әдет еткен жандардың басын қосқан клубтың жарнамасын көріп, сол ортаға қосылдым. Олар жексенбі күндері кездесіп, бірге жүреді екен. Былайғы күндері әркім өз бетімен жүреді”, – дейді Евгений.

Астана тұрғыны бұрын оқушы кезінде жүгірумен айналысқанын айтады. Қазір жеке рекорд орнатуға қызыға бастаған. Алғашында 100 мың қадам жасаймын деген мақсат қойыпты. Бірінші рекорды күніне – 30 мың қадам болған. Содан кейін 50 мың, 60-70 мың, 80-100 мың қадам жасай бастаған. Ал бір тәулікте 140 мың қадам жүру (105 км) Евгенийдің спортқа деген қызығушылығынан туған идея екен. Саламатты өмір салтын ұстанған астаналық серуенін түнгі 00:00-де бастап, 23:00-де аяқтаған.

“Серуеннен кейін қатты шаршағанымды сездім, серуен кезінде де, кешкі сағат сегізде аяғым тала бастады. Бірақ ол жеңіл, жағымды ауырсыну болды. Жарақат алмадым. Аяқ киімім де сыр бермеді. Арасында демалып, тамақтанып отырдым. Мұнда білуіміз керек нәрсе – егер жүріс кезінде бір жеріңіз ауырса, серуенді тоқтату керек. Келесі күні аяғым ауырды, екі күнде қалпыма келдім”, – дейді ол.

Евгений Рураның өміріне спорт енгелі жұмыс өнімділігі артқан, ерте тұру әдеті қалыптасқан, артық салмақтан арылған. Ол 74 келіден 67 келіге дейін арықтаған. Осы орайда Евгений соңғы уақытта трендке айналған “күніне 10 мың қадам” жүруге қатысты ойын айтты.

“Күніне 10 мың қадам жүріп, салмақ тастау дегенге аса сенуге болмайды. 10 мың қадам деген түсінікті алғаш рет қадам санайтын құрылғыны ойлап тапқан жапондықтар шығарған. Шын мәнінде адам 5000, 7000 қадам жүруі мүмкін, бастысы адамның қалай жүргенінде. Салмақ тастау үшін жылдамырақ, тер шыққанша жүру керек”, – дейді ол.

Евгений Астанада көбінесе Есіл жағалауында, жасыл белдеуде серуендейді екен.

“Маған жасыл белдеуде серуендеген ұнайды, ол жаққа бір барып қайтқаным 43 км болады. Жағалау да әдемі, саябақтар да бар. Серуендейтін жер жетеді. Тек жол жиегінде серуендеген ұнамайды”, – дейді Евгений.

Ол тек жүрмей жұмысын да істейді. Себебі ол – SMM маманы, сондықтан жол үстінде телефонмен шаруасын тындыра береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button