Бір жарым миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген
Статистика деректері бойынша 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 1 473 745 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 99,4% қызмет электронды түрде ұсынылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл туралы бүгін Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз-конференциясында айтылды.
Мемлекеттік кірістер органдары азаматтарға 42 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олардың 1 қызметі қағаз жүзінде, 5 электронды түрде, ал 36 қызметі ақпараттық жүйелер мен «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асады.
«Цифрлық технологияларды енгізу азаматтарға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. Электрондық форматқа көшу барлық азаматтарға қол жетімді, жылдам әрі ыңғайлы. Мемлекеттік қызметті көрсету жұмысын жақсарту және жылдамдату мақсатында өзгерістер енгізілген. Мысалы, салық төлеушілерді тіркеу мерзімі қысқартылып, лицензияларды қарау және беру процесі жеделдетілген. Қазір салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және азаматтарға тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік қызметтер халыққа электронды түрде қолжетімді. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінде өзгерістер енгізілгені азаматтарға тиімді бола түсті. Мысалы: Жеке практикамен айналысатын адамды тіркеу есебіне қою туралы ақпарат бұрын үш жұмыс күні болса қазір бір жұмыс күні. Ал салық төлеушілерді тіркеу мерзімі үш жұмыс күнінен екі жұмыс күніне қысқартылған. ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою немесе шығарудың мерзімі үш жұмыс күнінен екі жұмыс күнге өзгертілген», – дейді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының басшысы Гүлзада Аманбаева.
Оның айтуынша, темекі, этил спирті және алкоголь өнімдерінің өндірісіне лицензия беру, алкоголь өнімін сақтау және көтерме саудада өткізу лицензиясының мерзімдері өзгертіліп, қосымша лицензияны тоқтату мерзімі қысқартылды.
Құжаттарды өңдеу мерзімдері екі жұмыс күнге дейін қысқарған.
Енді барлық мемлекеттік қызметтер халыққа электронды түрде қолжетімді. Қажетті ақпаратты алу және құжаттарды рәсімдеу процесі де жеңілдеді. Сондықтан тұрғындарға мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ.
Ережелермен және стандарттармен мемлекеттік кірістер органдарының ресми интернет ресурсы kgd.gov.kz сайтынан таныса аласыздар.