ӘлеуметЖаңалықтар

БІРЕГЕЙ БЕТБҰРЫС

Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда серпіліс туғызып, еңбек адамы мен мемлекет арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының жаңа көкжиегін ашты. Елімізде бо­лып жатқан оң жаңалықтар халық са­насында үлкен өзгерістер алып келіп, олардың қоғамдағы орны, көзқарасы жаңа биіктен қалыптасуы қажеттігі айтылған. Бүгінгі күнгі қоғамымыз бетпе-бет келіп отырған мәселелері жан-жақты айтылып, оның шешіміне бастар басты қадамдары қамтылған. Жаңғырту үдерістерінің табыстылығын – эволюциялық, ортақ жауапкершілік, әріптестік қатысу, ынталандыру, кәсібилік қағидаттарының орындалуымен байланыстырады. Жаңғыртудың табыстылығының тағы бір шарты – әрбір азаматтың өз Отанына пай­далы болуының маңыздылығы. Әр азамат қолынан келетін шаруаны өзі атқарып, жемісіне де қол жеткізуі өзіне байланысты. «Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі» делінген.

Мақалада сөз болған патернализмнің жалпы сипаты – кешегі кеңестер заманынан қалған әлеуметтік-еңбек қатынастарының бір түрі болатын. Халықтың шығармашылық бастауларына шек қойып, еңбегінің зейнетін көруге кедергі келтіріп, топтан жа­рылмай «күрең» өмір сүруді қолдайтын «әкелік қамқорлық» еді. Бұл халықтың тоғышарлыққа, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге икемдеп, адал еңбегінің қажетсіздігіне, оның тиісті деңгейде бағаланбауына алып келгені белгілі. Ол жайында Елба­сы «90-шы жылдардағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастапқы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, теріс көзқарас жа­тыр. Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді» деп кері түсініктің атын атап, түрін түстеп көрсетеді.

Әлеуметтік жаңғырту үдерістерінің бастамашысы және басты қозғаушы күші мемлекет болып табылады. Ортақ жауапкершіліктің дәнін ерте бастан егіп, санамыз­да қалыптастырудың да маңызы, мақалада былай айтылған: «мем­лекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды».

Ал «әріптес» ұғымын былай талдауға болады. Бұл ретте барлық еңбек жасындағы азаматтар бір сөзбен айтқанда, еңбек адамын мем­лекет экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуде әріптес деп қарайды.

Кейбір азаматтардың масылдық көзқарасы алысқа апармайды, керісінше, оны экономикалық, әлеуметтік құлдырауына алып бара­тыны белгілі. Бұл ретте де Мемлекет басшысы азаматтарды қолынан келетін іс пен білімге ұмтылып, қоғамның бір қажетіне жарауына кеңес береді.

«Біз әлемдік дағдарыстың қиыншылықтары арқылы ХХІ ғасырға жаңа – жалпыға ортақ еңбек қоғамы трендінің қалай біртіндеп еніп келе жатқанын айқын көріп отырмыз… Сондықтан біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталуы тиіс». Бұл жолдарды қоғам дамуының басты бағытын айшықтайтын, тың бетбұрыс деп те бағалауға болады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button