Sport

Бірінші айналым аяқталды

Өткен жексенбі күні футболдан ҚР премьер-лигасының бірінші айналымдағы соңғы 22-турдың ойындары аяқталды. Алғашқы айналымның соңғы туры болғандықтан, командалар турнир кестесінде ұпайларын мейлінше түгендеп алу үшін бар күштерін салып ойнады. Өйткені, осы турдан соң чемпионаттағы 12 команда екі топқа бөлінеді.

d414bdf1e190

Турдың орталық ойыны ретінде «Ақтөбе» – «Ордабасы», «Атырау» – «Жетісу» және «Ақжайық» – «Тобыл» клубтарының арасында өтті. Себебі, ел біріншілігінің үздік алтылығына еніп, чемпиондыққа таласу үшін «Атырау» және «Тобыл» командаларына жеңіс ауадай қажет болса, «Ақтөбе» клубына тең нәтиженің өзі жеткілікті болатын. Себебі, «Ақтөбенің» ұпайы жоғарыдағы екі кұрамадан 2 ұпайға көп болатын. Үш команда да ойын алдындағы өз мақсаттарына жетті. «Атырау» Талдықорғанның «Жетісу» командасын 1:0 есебімен ұтса, «Тобыл» сырт алаңда «Ақжайық» клубын 5:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Ал «Ақтөбе» клубы өз алаңында шымкенттік «Ордабасымен» 0:0 есебімен тең ойнады. Соңғы турдан кейін үш команданың ұпайы теңесті. 22-турдың қорытындысы бойынша үш ұжым 28 ұпаймен 6-8 орындарды бөлісіп тұр. Дегенмен, жеке кездесулерде жеңіске жеткен «Ақтөбе» клубы үздік алтылықта қалатын болды. Енді, бірінші алтылық чемпиондық үшін күреседі, ал төменгі алтылық премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін ойнайтын болады.
Сондай-ақ, бұл турда «Оқжетпес» сырт алаңда «Ертіс» клубынан 0:2 есебімен ұтылса, «Қайрат» өз алаңында «Тараз» командасын 3:1 есебімен ұтты. Елордалық «Астана» клубы Еуропа Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түсіп жатқандықтан, 22-ші турдың «Астана»-«Шахтер» матчы 7-ші тамызға көшірілді.

Әли БИТӨРЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button