Жаңалықтар

Бірінші бапта болашақтың бағдары

Ата заңымызды басқа елдердің Конституциясынан ерекшелейтін қағидат бірінші бабының 2-тармағында жазылған. Бұл принциптердің Ата заңға енгізілуі кезінде «Заңдық қағидаларға мүлдем жатпайды, тікелей іс-қимылдың заңдық құжаты болып табылатын Конс­титуцияда ондай болмау керек» деп заңгерлер қарсы болды. Бірақ, жиырмадан астам шет елдің Конституциясына терең талдау жасаған Елбасы қызу таластардан кейін осы принциптерді жобаға енгіздірген еді.

Онда былай жазылған: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу». Бұл бүгінде таңдап алған жолдан адастырмайтын бағдарға айналды.
1995 жылы 30 маусымнан 30 шілдеге дейін Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқылауға берілді. Талқылауға 33 мың ұжым, үш миллионнан астам адам қатысты. Конституция жобасына 31 886 ұсыныс пен ескерту жасалды. Осы талқылаудың нәтижесінде Конституцияның 98 бабының 55 бабына 1100 түзету мен қосымшалар енгізілді. Осылайша республикалық референдумда жаңа Конституцияны қазақстандықтардың 82 пайызы қолдады. Бүгінде еліміз 1995 жылғы Конституцияға сүйеніп, келешектегі даму жолын түпкілікті таңдап алды.
Демократия деген бәріне рұқсат деген сөз емес, өйткені бәріне рұқсат дегеніміз бассыздыққа ұшыратады. Негізінен демократия құқықтық тәртіппен негізделеді. 1995 жылы Конституция қоғам өмірі мен мемлекетімізге осындай демократияның негізін салды.
Осы ретте еліміздегі құқықтық саясаттың дамуына қатысты кезең-кезеңмен қарқынды іс-шаралар жүргізілгенін айту керек. Мәселен, 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы елдің 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі құқықтық жүйесі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Мемлекеттік және қоғамдық институттардың қарыштап дамуына ықпал ететін, Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бірқатар аса маңызды заңнамалық актілер қолданысқа енді. Жалпы, елімізде 17 Кодекс, 254 жеке заң, конституциялық күші бар 10 заң бар.
Біздің Ата Заңымыз – қоғам мен мемлекеттің қандай жағдайда болу керектігінің көрінісі. Міне, 18 жыл болды, Конституция Қазақстан халқы мен мемлекетінің құқықтық өмірінің мазмұнын айқындайтын Негізгі Заң ретінде қалтқысыз қызмет атқарып келе жатыр.

Жамаладен ИБРАГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультеті
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының доценті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button