Басты ақпаратБілім

«Бірінші – тәрбие, сосын парасат пен білім…»

Фарабитану және педагогика: ізденістер мен ілгерілеулер

Әл-Фараби еңбектеріндегі халық педагогикасы мәселелері қанша заман өтсе де өзектілігін жойған емес. Әл-Фараби ілімі қазір де өзекті, қазіргі біліммен де ұштасып отыр. Елімізде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, олардың құқығын қорғау бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Енді «Педагог» кәсіби стандарты қабылданды. Әл-Фарабиде ол педагогтың әдебі туралы айтылады. Тағы да айтамыз, адами капиталы мықты ел ғана биіктерді бағындырады. Ал интеллектуалды ұлт қалыптастыруға үлес қосатындар – мұғалім-педагогтар. Сондықтан да әл-Фарабидің педагогика саласындағы ой-тұжырымдарын, ғылыми ізденістерін, жазған трактаттарын оқып, зерттеу, зерделеу – бүгінгі ұрпақтың үлесінде.

Ұлт құндылығын насихаттау – міндетіміз

2020 жылы әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Дүние жүзіне атағы жа­йылған бабамыз Отырарда өмірге келген. Бірақ қазақ жерінде кіндік қаны тамған ғұламаның өз елінде есімі біраз жылға дейін көмескі болып келді. Әл-Машаниге дейінгі үнсіздік халқымыздың отарлық жүйеде әбден езілгенін көрсетеді. 1993 жылы құрылған әл-Фараби орталығы 29 жылдан астам уақыт бойы ғылыми қызметті жүзеге асырып келеді.

Жуырда Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында офлайн форматта «әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» ­республикалық ғылыми-­педагогикалық конференция өткізілді.

Конференцияға облыс­тардан, Алматы, Шымкент қалаларынан барлық деңгейдегі білім беру ұйым­дарының педагогтары қатысты. Республикалық ғылыми-педагогикалық конференция барысында пленарлық отырыс, сондай-ақ ғылым, өнер, әдебиет және тәрбие бағыты бойынша секция отырыстары өтті, «әл-Фараби және оның әдеби мұрасы», «Білімнің кілті – тәрбие», «Шын білім – ақиқат, анық білім», «әл-Фарабидің өнер әлемі» атпен әл-Фараби еңбектері аясындағы зерттеу жұмыстары, педагогтардың баяндамалары мен мақалалары ұсынылды.

Білім басқармасы атынан сөз сөйлеген басқарма басшысының орынбасары Серік Әділбаев фарабитанудың педагогикадағы рөлі туралы айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін мынау керемет сарайда фарабитануға қатысты тамаша жиын өтіп жатыр. Әл-Фараби ілімі қазір де өзекті, қазіргі педагогикамен ұштасып отыр. «Педагог статусы» туралы заңда онда осы ғұлама айтқан педагогтың әдебі туралы айтылады. Ғылыми ізденетін педагогтарды жинаған жиынға сәттілік тілеймін, – деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогты кәсіби дамыту орталығының жетекші сарапшысы Сара Жуманова.

Жазушы, композитор, журналист, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Оспан Сүлейменов жас педагогтарға ағалық тілегін білдірді.

Әлемнің екінші ұстазы жайында – тың деректер

Әл-Фараби педагогикасының түпкі мақсаты – адамдарды бақытқа жеткізу. Ол адам баласын жаратылыстың ең ұлы құндылығы деп есептеді. Ғұлама білімнің жетекші салалары ретінде саяси және азаматтық ғылымдар жүйесіндегі этика мен педагогиканың маңызын ерекше атап көрсетті.

Әл-Фараби – қазақ топырағында дүниеге келген ғұлама ғалым. Шығыстың ұлы ойшылы әрі ағартушысы, әйгілі математик, философ, музыка зерттеушісі, тарихшы болған. Туған жері – Отырар (Фараб) қаласы. Отырар ойшылдарының ең атақтысы, ең ғұламасы – «Шығыстың Аристотелі», ұлы ғұлама. Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) ірі сауда орны, мәдениет орталығы болған Отырар қаласында туып, сонда білім алған, кейін Бағдат қаласында ұстаз болды. Әл-Фараби – ғақлия (ғылыми) еңбек жазудың басында тұрған тұлға. Түркі, парсы, араб тілдерінде жаза да, сөйлей де білген. Астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия-риторика, философия, педагогика ғылымдары бойынша 100-ден аса ғылыми еңбек жазған. Ол Дамаск (Шам) қаласындағы медреседе сабақ беріп, ұлағатты ұстаздық еңбектер жазып, әлемнің екінші ұстазы атанған.

Ғұламаның өмір жолы мен шығармашылығы туралы тың деректерге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Самал Төлеубаева «Ғылымға тағзым: Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылым жолы» атты ауқымды баяндамасында тоқталып өтті.

Ғұламаны музыкалық мұрасы

Әл-Фараби музыкалық аспаппен тамаша әндер орындаған. Музыканы айтуда тыныс жолдарының маңызын, дауысты зерттеген. Үлкен музыкалық трактатты жазған. Зертханада химия заңдылықтары бойынша, дауысты келтіруде музыка қалай ықпал етеді – музыкалық темпті қалай ұстайды, соны ғылыми жағынан зерттеген. Математика, геометрия да музыкада зор рөл атқарады, оны да егжей-тегжейлі анықтауға тырысқан. «Музыканың үлкен кітабын» жазғаны барша жұртқа мәлім. 1200 бетті қамтитын музыка туралы трактаты әлем тілдеріне аударылған. Міне, осылар жөнінде «әл-Фараби және музыка ғылымының өзектілігі» жайында музыка зерттеу­шісі, әнші, ұстаз Майра Дәулетбақ қызықты слайдтармен өте тартымды етіп айтып өтті.

Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы

Әл-Фараби твор­чествосында көрнекті орын алатын мәселенің бірі – тәрбие. Ол адам бойына этикалық ізгіліктерді білім, тәрбие арқылы дарыту, сол арқылы адамның игі әрекеттерге талпынуы, ол әрекеттерді жан-тәнімен ұнатуы туралы айтады. Бұл туралы өзінің баяндамасында Ақтөбе қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының мұғалімі Күнсұлу Юсупова айтып өтті.

Әл-Фараби өзінің еңбектерінде ақыл-парасат пен тәрбиенің рөлі туралы айта келіп, тәрбиесіз дағды, дағдысыз тәрбие болмайтынын ескертеді. Оның пікірінше, оқу, білім алу, ғылым адамы болу адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты. Мәселен, «Философияны үйрену үшін алдын ала нені білу қажет?» деген еңбегінде Фараби бірінші алғышарт етіп адамның жан, ар тазалығын қойған. Ұлы педагог ойшыл халықтың ауызша шығарылған өнер үлгілеріне құштар. Бұларды ой, сезім, өмір тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің тамаша құралы деп санайды. Көркем өлең, жыр, сөз өнері баланың рухани дамуына, оның жаны мен тәніне терең бойлап, кемел жетілуіне терең тамыр жайып, қуатты ықпал ете алатынына сенімді.

Әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы ұсынды.

Ғұлама өзінің трактаттарында педагогикалық, психологиялық, дидактикалық әдістемелік терминдер тізбегін ұсынды. Әл-Фарабидің гуманистік идеяға толы педагогикалық көзқарасы ғұламаның «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Риторика», «Поэзия өнері» сияқты көптеген трактатта сипатталған. Бұл еңбектерде оқытудың мақсаты мен әдістемесі, білімнің беріктігі, жүйелілігі, оқытудың қолжетімділігі, көрнекілігі қамтылған, білім алушының белсенділігі мен мақсатқа ұмтылушылығына көңіл бөлінген.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар» қорымен танысып, Ақмола облысы мен Астана қаласының актерлерінен құралған «Ел жастары» театрының «Алаш» атты спектаклін тамашалады.

Республикалық конференция қорытындысы бойынша «әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты материалдар жинағы шығады.

Жиынға қатысушылар үшін әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайына арнайы экскурсия жасалып, ғимараттағы балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру үйірмелері таныстырылды.

Түйін:

Әл-Фараби «Жас кезіңде білім байлығын жина, қартайғанда сол байлықты шаш» деген Низамидің принципімен өмір сүрген. Оның математика, медицина, астрономия, геометрия салалары бойынша жазған трактаттары бізде мүлдем зерттелмеген. Әл-Фараби сансыз ғылыми трактаттар жазғанымен, оның қырығы ғана біздің заманымызға жеткен. Ендеше, ғұламаның еңбектерін зерделеу жұмыстары әлі де болса жалғасын табуы тиіс.

Біз осылайша біртуар энциклопедист бабамызды өз дәрежесінде бағалай алсақ, зерттеп, зерделей алсақ, сол арқылы ғылым, біліміміз әлемге танылып жатса, еліміздің беделі арта түсер еді. Сол себепті барымызды бағалап, баба еңбектерін болашақ ұрпаққа жеткізу – ортақ мұрат.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button