Басты ақпарат

БІРІНШІ ЖЕЛТОҚСАН

МӘҢГІЛІК ЕЛДІ БАҚЫТҚА БАСТАҒАН КҮН

Каспий

2011 жылдың желтоқсан айының 10 жұлдызында Қазақстан Рес­публикасы Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы 1 жел­тоқсанды Тұңғыш Президент күні есебінде белгілеп, бұл күн мемлекеттік мерекелер санатына енгізілген еді.

Өз тәуелсіздігінің екі он жылды­ғынан астам уақытта егемен ел болуды қалыптастырған және де қалып­тастырып қана қоймай, тарих­тың осы бір аса қысқа мерзімінде өзін әлемге таныта алған мемлекеттің ендігі тарихынан бұл күн, яғни, жел­тоқсанның бірі ойып тұрып өз орнын алуы керек еді. Солай болды да! Көне тарихтың әлмисақтан бергі қағи­­даларына саяр болсақ, тіршілік жа­рал­ғаннан кейінгі бар уақиғалардың ба­сында тұлғалар тұрған. Ал енді қазақ елінің ғасырлар бойы арман бол­ған тәуелсіздігін және соған  жету жо­лында бірнеше ғасырдың жүз­де­ген жылдарының қасіреті мен зо­ба­лаңын, тар жол, тайғақ кешуін басынан өткерген халықтың тағ­дырын анық­тап, тұтас бір елдің, дүйім бір халықтың сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығы қазақ тарихының ғана емес, жалпы адамзат баласы тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қойылғаны бар.

Біз күшті президенттік мемлекет құру таңдауын өте дұрыс жасаға­ны­мызды ел тәуелсіздігінің әр жылда­ры­ның әр кезеңдерінде айқын сезініп келе жатырмыз. Ең әуелі «бас-басына би болудан» ада тұрдық, бұл еліміздің әлемдік дағдарыстардың ең бір ауыр да сындарлы кезеңдерінде тұрақты дамуын қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізді, әлі де тигізіп келе жатыр. Қазақстандағы президенттік билік жүйесі 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілді де, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет президент сайлауы өткізілді. Сөйтіп, біз барша қазақстандықтар өз президентімізді өзіміз сайлап алу құқымызды тұңғыш рет жүзеге асырып, еліміздің демократиялық қағи­даларға берік екендігін әлем алдында тағы да бір көрсетіп берген едік.

Сөйтіп, 1 желтоқсан – тұңғыш президент сайлауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барша қазақстандықтардың зор сені­міне ие болған күні. Тұтас ел мен халықтың сеніміне ие болу арқылы Елбасы өзіне жүктелген бар жауап­кершілікті айқын сезіне отырып, өз елі мен халқының тағдырын анықтауда өзінің перзенттік те, президенттік те борышын адал атқарып келеді.
«Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімі, Назарбаев келбеті арқылы таныды. Бұл – тарихи ақиқат» деген немесе «Назарбаев нені болса да елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді!» деген бұдан бұрын айтқан ойларымызды тағы да бір қайталаймыз. Елбасының қазақ елі тарихындағы аса маңызды орнын қазір де, болашақта да анықтап тұратын бір күн қазақ тарихында болуы керек еді, сол бір күн 1 желтоқсан болып тарихтың жылдар жылнамасынан орын алды.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін Мәңгілік ел ету арман-мүддесінің жүзеге асырыла бастаған күні деп те қастерлеуге тиістіміз.

Өйткені, Мәңгілік ел болу бүгінгі біздің және бізге дейінгі талай бір ғасырлар иініндегі «елім-айлап» өткен ата-бабаларымыздың да аңсар арманы мен зар тілегі еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел құру жөніндегі осы ойы мен арман-мүддесінің тарихи маңыздылығын біз толық сезіне алып отырмыз ба? Елордасы Астана қаласында «Мәңгілік ел» монументті қақпасы неге тұр­ғызылды? Қазір әрқайсымызды осы бір сауалдар ойландырып, біздің соған қайтарар жауабымыз көкіректе сайрап тұруға тиісті. Елбасы арқалаған ел жүгін бірге көтеріп, ел бірлігін сақтау арқылы біз өзіміздің Мәңгілік ел бола алатындығымызды күн сайынғы ісімізбен де, білім, біліктілігімізбен, қарым-қабілетімізбен де көрсете білер кез қазір. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік қызметінде қазақ елін мәңгілік ел етудің барлық жағдайларын да, соның барлық алғышарттарын да жасап берді, әлі де жасап келеді. Сол Мәңгілік ел болудың бір алғышарты саналатын «Қазақстан-2030» стратегиясы – Елбасының алысты аңдаған, болашақты болжаған, келешекке кө­регенділікпен көз тіккен, бүгінімізге бел шешіп, ертеңімізге еңсемізді тіктеп барар жолымыз.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосуға, бәсекеге қабілетті болуға бастаған күні деп те санаймыз.

Бұл Елбасының бағзы көшпен­ді­лердің талайлы тарихтың қилы-қилы кезеңдерінің тауқымет құдығының суын ішіп, ащылы сортаңының кермегін татқан зобалаң жылдардың зарын тартқан, таршылықтан тарылып тұралаған, жоқтықтан ашығып бұратылған, жазықсыз жараланған, айыпсыз айдалған бүгінгі ұрпақтары, мына біздерді мына дүбірлі әлемнің аламанына қосқан қайырлы күні деп те білеміз. Бүгінгі бірегей дүниенің біртұтас экономикалық жүйесінде Нұрсұлтан Назарбаев талмай таңдап, ұсынықты да ұтымды қалыптастыра білген Қазақстанның өзіндік даму жолы небір сындарлы кезеңдерде өзінің өміршеңдігін көрсете алды. Әлемдік экономиканың іргесін қайта-қайта шайқап тұрған бүгінгі қар­жы дағдарысына дес бермей келе жатқан Қазақстанның қазіргі жағ­дайы бізге осыны айтқызады. Бұған дейін экономикалық әлеуеті жөні­нен ешкімге жалынан ұстатпайды дей­тін Еуропаның біраз елдері абды­рап, дағдарып қалған осы бір тұста Қазақ­стан Президентінің елді иннова­ция­лық және индустриялық бағыт­пен дамыту бағдарламасын ұсынуы әрі мұны ендігі Қазақстанның болашағы деп атап көрсетуі, бұл ұлы міндет­терге барша қазақстандықтарды жұмыл­дыруы манағы біз айтқан Мәңгілік ел болу мұратын тереңінен саралап, тағы да бір ойластыруы дер едік.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы отар қазақ елін айдай әлемге танытуға ұмтылып, әлемдік саясатқа олжа салған ұпайлы күні деп білеміз.

Қазақстанның кешегі кеңестік жүйені былай қойғанда, тұтас түркі әлемінде тұңғыш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, аузын айға білеген әлемнің небір мемлекеттері он бір жыл бойы өткізе алмай келген, сөйтіп арқауы босай бастаған ЕҚЫҰ-ның жетінші саммитін 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері қазақ елінің Астана қаласында өткізуі және де әлемдік маңызы бар бұл тарихи шараға қатысушылардың Астана Декларациясын бірауыздан қабылдауы қазақ елінің әлемдік көкжиектен жұлдызының жарқырай жанған сәті еді. «Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын кеңейттік. Біз алдымызға қойған барлық міндетті орындадық. Қазақстан Ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін бере алды. Бүкіл әлем Қазақстанға басқаша көзбен қарап, біздің халқымыздың барша құндылықтарын көрді. Саммитті өткізу бүкіл Қазақстан халқының салтанаты, оның бірлігінің, болашаққа ұмтылысының дәлелі болды» деп Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, бұл тарихи іс Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өз елін дүние жұртына сөзсіз мойындата білген тарихи жеңісі еді. Астана саммитін өткізу арқылы қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркениетті мемлекеттерінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп батыл айта аламыз. Біз сол биікке көтерілген елміз, бізді сол заңғар биікке алып шық­­қан да Елбасымыз, өзіміздің Тұңғыш Президентіміз!

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХІ ғасырда жа­һан­­дық жаңа қатерлер бой көтере бас­таған алмағайып тұста түрлі дін­дер­­дің ғасырлар бойғы ізгі де мол тә­жі­­рибесін пайдалана отырып, 2003, 2006 және 2009, 2012 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кездесулерін тұрақты өткізіп, Адам­заттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық диалог пен кеңесін құруға жол ашылған, өркениеттің қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуларының бастау алған күні деп те санаймыз.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты дүние қайта бір бөліске түсіп, жаңа қақ­тығыстар ошағындағы сая­сат қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқандығына  қарамастан қазақ жеріндегі Семей атом сынақ полигонын өз Жарлығымен жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын батыл да ізгі қадамның басталған күні санай отырып, өз Елбасымызды ядросыз әлем құрудың бас архитекторына балаймыз.

«Нью-Йорк Таймстың» электронды нұсқасында және «Егемен Қазақстан» газетінде (27 наурыз 2012 жыл) жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз ядролық болашаққа жол сала отырып» атты мақаласында: «Мен барлық елдерге төмендегіше үндеу тастағым келеді: Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отыр­ғанындай, елдер ядролық қарудан бас тартса, үлкен пайдаға кенеледі. Осындай оң шешіміміздің арқасында біздің өсіп-өркендеген және тұрақты дамыған елге айналғанымызға, әлемде көптеген достар тапқанымызға, ық­палымыздың да арта түскеніне мен еш күмәнданбаймын. Бізге өзіміздің барлық ерік-жігерімізді пайдаланып, басқа проблемаларды шешуге және ядросыз елдерге өздерін қорғалып отырғандай сезінуге көмектесуіміз керек. Бұл ядролық қарудың таралуын болдырмаудың жалғыз жолы болса, ол өз кезегінде өлім себетін материалдың терроршылардың қолына түсу ықти­малдылығын азайтады. Бұл – біз еш жол беруге болмайтын тәуекел. Біздер, қазақстандықтар, ядролық қару қатері аласталатын әлем құруға көмектесуге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіре аламын», – деп айтқандығы біздің «өз Елбасымызды ядролық әлем құрудың бас архитекторы» деген пікірімізді нықтай түскендігі бар.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында бағыты барынша өзгерiп, саяси жүйесi әлi қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң астанасын жаңа орынға көшiрiп алып келiп, Есілдің бойына ел қон­дырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбын­ды Ақордалы Астананы дүниеге әкелген, сөйтіп өз елі мен өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне даңғайыр даласына тұтас әлемді қондырып, орнықтыра білген, Мәңгілік ел бола алатындығымызға ең әуелі өз жұр­ты­ның, одан қалды әлем жұртшы­лығының көздерін жеткізіп, илан­дыра білген бір ұлы күннің жасам­паз­дығының салтанаты деп те танимыз!

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тарихындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты жаңа дәуірдің кезеңіндегі «Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жарқын болашаққа бастаған тарихи күні деп ардақтаймыз.

Тұңғыш Президентіміздің Қа­зақ­стан тарихында тұңғыш рет ел шекарасын анықтап, оны заң­дастыруы ежелгі қазақ елінің тағ­дырын анықтаған көрегендігі болса, Еуразия біртұтас кеңістігін қалыптастырудағы және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудағы бастамашылдығы жалпы әлем ты­ныштығын, адамзат бірлігін сақтап қалудағы ғаламдық маңызы бар істері еді. Сондай-ақ, Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуін де әлемнің қазақ еліне, оның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғаусыз берік сенімі деп қарағанымыз да абзал.

Біз Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі дағдарыстан толқып тұрған мынау дүние дариясының сапыры­лысқан селі мен сеңінен, дауылы мен дауынан өзінің туған елі мен халқын аман алып өтудің бар амалын жасап отырғандығын, ол үшін болашақта не істеп, не қою қажет­тілігін де үзбей айтып келе жатқан­дығына сүйсінуге тиістіміз. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақсатты сөзімен елді еңбек ете білуге үндеуді, Назарбаев университетінде оқыған лекциясында да біздің ендігі тағдырымызды білімді ұрпақтың айқындайтындығын айта отырып, тағы да интеллектуалдық ұлт қалып­тастырудың мақсатты мұратын алға тартты. Осы арада елдің жайын да, жағдайын да Елбасыдай ойлайық деген бір ауыз сөздің көкейге қонғаны болды. Тарпаң да талайлы тағдыры мен тамырлы тарихы бір­тұтас түркі әлемі Назарбаевты өз көш­басшымыз ретінде танып, құрмет тұтып, ардақтап отыр. Елбасының жалпы адамзат өркениеті мен тіршілігін сақтап қалудағы ақылды, парасатты қадамы – қазіргі істері асыққан апталарға жылжыған айлар мен жылдарға ұласқан сайын өзінің мәңгілік бейнесімен асқақтай түседі.

Енді бүгінгі буын, келер ұрпақ жылдар көші ұзаған сайын маңызы артар 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін ХХІ ғасырдың алып та көрнекті тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін Мәңгілік ел болуға бастаған күні деп те әспеттей беретіндіктеріне бек сенімдіміз.

БЕДЕЛСӨЗ

Сіздің көшбас­шы­лы­ғыңызбен Қазақстан биік белестерге жетті. Сіздің жеңісіңіз – Сіздің басшылығыңыздағы елдің, Қазақстан халқының зор сенімінің көрінісі.

Пәкстан Қазақстанмен екіжақты қарымқатынастарына үлкен мән береді. Мен біздің елдеріміз арасындағы достық байланыстарымыздың одан ары да тек нығая түсетініне сенемін.

 

Асиф Әли ЗАРДАРИ,

Пәкстан Ислам республикасының президенті (2008-2013)

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы,ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button