Қала мен Сала

Бірлескен жобалар қолға алынады

Кеше елорда әкімдігінде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, қос тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алқалы жиынға азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдары, бизнес қауымдастығы, жастар ұйымдары өкілдері, қала ардагерлері, мемлекеттік органдар қызметкерлері, қалалық мәслихат және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, өтініш-тілектері мен ұсыныстарын жеткізді.

[smartslider3 slider=3818]

Дөңгелек үстел мәжілісін ашып, жүргізіп отырған қала әкімі Алтай Көлгінов «Қазақстан халқына» қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін құрылғанын еске салып, жиынның мақсат-міндеттерін атап өтті.

Одан кейін сөз алған Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қоры қызметінің бағыттарын, жобаларын таныстырды. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс­тарына және алдағы жоспарларына тоқталды. Алдағы қыркүйек айының ортасында конференция ұйымдастырылып, онда қордың жаңа тұжырымдамасы, бағдарламалары мен жобалары бекітілетінін жеткізді.

– «Қазақстан халқына» қоры құрылғанына жарты жыл болды. Осы уақыт ішінде ел тұрғындарына 10 миллиард теңгеден асатын сомаға көмек көрсетілді. Бұл көмекті қырық мыңнан астам қазақстандық алды. Бұл емделу, білім гранттары және аймақтарда балалар спортын дамытуға жағдай жасау көмектері, – деген Болат Жәмішев денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау салаларында берілген көмекке жеке-жеке тоқталды.

Соның ішінде қордың бір мақсаты – ауылдық жерлерде білім деңгейін көтеру.

– Өкінішке қарай, салалық министрліктің ресми рейтингтері соңғы жылдары ауыл мектептеріндегі білім деңгейі көтерілгеннің орнына төмендеп бара жатқанын көрсетті. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Сол үшін қазір жедел шаралар қабылдау керек. Біздерге ауылдардағы мектептердің барлығында интернет болмағандықтан, білім деңгейін көтеру мүмкін емес деген ақпарат түсті. Рас, солай. «250+» деген бағдарлама бар. Яғни, 250 тұрғыннан асатын ауылдар интернетпен қамтылады. Бірақ елдегі ауылдардың 26,7 пайызында тұрғындар саны одан аз. Бұл ауылдарға интернет бармайды. Біздің қор осыған мүдделі, осындай ауылдарға интернетті тартып бергіміз келеді, – деді Болат Жәмішев.

Мектептерді жабдықтау, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту мәселелеріне тоқталды. Қор сәбилерде кездесетін ауруларды ерте бастан анықтау үшін елдегі барлық перинаталдық орталықтарды керек қондырғылармен қамтамасыз етуді жоспарлағанын айтты. Денсаулық сақтау саласында қордың атқарған жұмыстарын алдағы жоспарларын жеткізді.

Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансыз­бай Есілов елордада 160 мың зейнеткер тұратынын, олардың көпшілігі медициналық көмекті қажет ететінін, зейнеткерлер интернетті меңгермегендіктен, емханаларға барғанда кезектерін ұзақ күтетіндерін айтты.

– Қаланың барлық емханасында МРТ жоқ. №1 қалалық емханаға жөндеу жүргізіп, қажет қондырғыларды алып беру керек. Содан кейін Сарыарқа және Байқоңыр аудандарында тұратын зейнеткерлерді осы емханаға тіркеу керек, – деді Сансызбай Есілов.

Нұр-Сұлтан қаласы онкология орталығына да қажет қондырғылардың жетпей жатқаны, «Қазақстан халқына» қоры тарапынан сол жағынан көмек керектігі туралы да айтылды. Оның мәнісін елорда әкімі Алтай Көлгінов түсіндірді.

– Онкология орталығы қала әкімдігіне қарайды. Бірақ оған қала тұрғындары ғана емес, бүкіл өңірлерден науқастар келеді. Олардың бетін қалай қайтарасың? Сондықтан бөлінген қаржы жетпейді. Тіпті, орталықтың кірісінен шығыны асып кетеді. Қаржыны олай да, былай да тартқанда қажет қондырғыларды алуға мүмкіндік болмайды. Сол себептен «Қазақстан халқына» қорының осыған септесуін сұраймын, – деді Алтай Көлгінов.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, республикалық «Күй анасы» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Қуанышев «Қазақстан халқына» қоры руханият саласына да көңіл бөлсе деген тілегін жеткізді. Соның ішінде домбыра жасау өндірісін ашуға көмек беруін өтінді.

Оның айтуынша, елімізде сапалы домбыра жасайтын өндіріс орны мүлде жоқ. Жеке шеберлер бар, бірақ олардың жасаған аспабы өте қымбатқа түседі немесе сапаға жауап бермейді.

Нұр-Сұлтан қаласы Белсенді өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев бірнеше жоба ұсынды. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды елдің Балқаш, Алакөл, т.б. демалыс орындарын аралатуға бағытталған «Инватакси» қызметі жобасын қолға алу керектігін айтты.

Жиынды түйіндеген елорда әкімі Алтай Көлгінов «Қазақстан халқына» қоры төрағасына меморандум аясында бірнеше жобаны бірлесіп жүзеге асыруды ұсынды. Соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, инклюзивті мектептерді ашу, перинаталды орталықтарды жабдықтау, т.б. маңызды жұмыстар бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button