Қоғам

Бірлігі бекем ел озар

Елордадағы Достық үйінде «Мәміле» пікірталас қазақ тілі клубы «Бірлігі бекем ел озар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткен дөңгелек үстел отырысында қазақ тілін үйреніп жүрген этнос өкілдері алдымен қазақ халқына алғыс айтып, қазақ тілінің Қазақстан халқын біріктірудегі рөлі мен маңызына тоқталды.

Модератор Сағым Естемесова қазақ ұлтының тілі мен мәдениетіне қатысты қызықты және маңызды мазмұндарды бөлісе отырып, тақырып аясында қатысушылармен пікір алмасты. Сонымен қатар оларға қазақтың береке-бірлігіне қатысты мақал-мәтелдерді үйретті.

Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуді көздеген «Мәміле» пікірталас клубы еліміздің әр өңіріндегі Достық үйінде жұмыс істейді. Онда этномәдени бірлестік өкілдері әңгімелесу, ситуациялық жаттығулар, ойындар арқылы қазақ тілінде еркін сөйлеуге машықтанады, сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрін үйренеді.

– Біз бұл жерде қазақ тілін үйретіп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да таныстырамыз. Сондай-ақ әр этнос өкілдері өз мәдениетін насихаттап, өзара үйренеді. Кейде әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап әкелетін кездері болады. Осы клубта сабақ беріп жүргеніме 5-6 жылдан асты. Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтетін үйрену курсына қазақ тілін үйренгісі келетін жас балалардан бастап 80 жастағы әжелерге дейін қатысады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл клубтың қазақ тілі мен мәдениетін насихаттаудағы рөлі ерекше, – деді Сағым Барлықбайқызы.

– Ұлтым татар, осы клубтың бір мүшесі ретінде қазақ тілін үйреніп жүрмін. Бұл жер өте көңілді, бірге үйреніп, сырласамыз, мерекелерді де бірге тойлаймыз. Біздің арамызды жалғап тұрған ең үлкен дәнекер – мемлекеттік тіл, – деді Рәйла Дәуітова.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button