Басты ақпарат

Бірлігіміздің кепілі – ұлтаралық келісім

Елордадағы Достық үйі Қазақстан халқы ассамблея­сының (ҚХА) халықтық бастамаларын іске асыратын ресурстық орталыққа айналады. Бұл жерде этномәдени орталықтардың әлеуетін дамытуға барлық жағынан қолайлы жағдай жасалған. Бұл туралы кеше Достық үйінде өткен Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында елорда әкімі – қалалық ассамблея төрағасы Алтай Көлгінов кеңінен әңгімелеп, негізгі міндеттер мен басымдықтарға жеке-жеке тоқталды.

[smartslider3 slider=1152]

Отырыста биыл 21 қазанда Мемлекет басшысы – ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ҚХА-ның кеңейтілген мәжілісінде айтылған негізгі міндеттер талқыланды. Еліміз үшін айтулы дата – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңындағы бас­қосуға қалалық ҚХА кеңесінің мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты.

Кеңейтілген отырысты жүргізген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әуелі қалалық ассамблеяның алдында тұрған негізгі міндеттер мен басымдықтарға тоқталды. «Бүгін біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Тәуелсіздік – біздің ортақ үйіміз Қазақстан үшін ең маңызды құндылық. 30 жыл ішінде елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің әлем мойындаған моделі қалыптасты. Тұңғыш ­Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, «Этникалық көптүрлілік – бұл біртұтас ұлтқа біріккен біздің халқымыздың ең басты артықшылығы». Мемлекет басшысы ҚХА мәжілісінде мемлекеттік органдарға бір жерге топталуы тиіс негізгі басымдықтарды белгілеп берді» деп бастады сөзін ассамблея төрағасы.

Сегіз басымдық –сегіз тірек

Елорда әкімі өзінің баяндамасында ел Президенті көрсетіп берген этносаралық келісім саясатының барлық басымдықтары бойынша атқарылатын жұмыстарды тізбелеп берді.

Бірінші басымдық – мүмкіндіктер теңдігі қағидатына негізделген өңірлік даму. Бас қалада жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде этнос­аралық және ұлтаралық келісімнің орнықты моделі қалыптасты. «Елорда­да этникалық анклавтар жоқ, этникалық топтардың өкілдері бүгіннің шындығынан алшақтайтын «ішкі миграция» фактілері де тіркелген жоқ. Сол себептен бұл бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек» деді А.Көлгінов.

Екінші басымдық – жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру. Өткен жылы ассамблея Ішкі саясат басқармасының қарауына көшті. Бұл саланың мамандарына арналған әдістемелік семинарлар өткізіліп, социология­лық зерттеулер жүргізілуде. Этнос­аралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында барлық жергілікті атқарушы органдардың қызметі үйлестіріліп отырады.

Үшінші басымдық – әлеуметтік, қылмыстық және тұрмыстық ­зорлық-зомбылықтың алдын алу. Мемлекет басшысы «кімнің тарапынан болсын этникалық менмендіктің, кез келген кемсітушіліктің орын алуын, соның негізінде қоғамдық тәртіп пен ішкі тұрақтылықты шайқалтуға ұмтылған құбылыстардың заңға сәйкес қатаң жолы кесілетінін» қадап айтты. Мұндай жағдайларда қолданылатын тиімді тәсілдің бірі – этномедиация. Бүгінгі таңда ҚХА-ның медиация орталығына жылына орташа есеппен 100-ден аса адам мен ұжымға көмек көрсетіледі. Орталық істі сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс әрі қарай күшейтіледі.

Төртінші басымдық – ҚХА-ны одан әрі дамыту. Астаналық ­ассамблея құрылымында этносаралық келісімді қамтамасыз ететін мынадай құрылымдар бар: Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар кеңесі, Журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штабы. «Достық үйіндегі цокольдық қабатты жөндедік. Дыбыс жазатын, аналар кеңес беретін бөлмелер бар. Біз барлық этномәдени бірлестіктерге ұлттық киімдер тіктіруге тапсырыс бердік. Астаналық ассамблея қайы­рымдылық шараларын өткізіп, әлеуметтік ахуалы төмен адамдарға көмектеседі. Әсіресе, ассамблея пандемия кезінде алдыңғы қатарда болды. Біз өзіміз жоспарлаған жұмысымызды толық іске асырдық» деп биылғы жетістіктерге тоқталды әкім. Бұл жерде еріктілер қозғалысы орталығының озық тәжірибесі үлгі етуге тұрарлық. Еріктілер індет кезінде қала тұрғындарына дәрі-дәрмек тасып, қоғамдық орындарда бетперде таратты, халыққа санитарлық нормаларды сақтаудың қажеттілігін түсіндірді.

А.Көлгінов Ішкі саясат басқармасына, Жастар саясаты басқармасымен бірлесе отырып, тек белсенді жастармен қатар NEET санатындағы (жұмыссыз) жастармен жүйелі жұмыс­ты күшейтуді тапсырды. Негізінен, оларға қосымша білім алуға, жұмысқа орналасуға және тағы басқа көмек көрсетіледі. ҚХА-ның базасында тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларды өсіріп отырған аналарға, жастарға жәрдемдесетін әртүрлі әлеуметтік орталықтар жұмыс істейді. Достық үйінің базасында «Жыр орталығы», «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру бөлімі, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылығы, жастарға арналған коворкинг-орталығы және тағы басқалар бар. Негізгі жаңалық – Президенттің тапсырмасы бо­йынша этномәдени бірлестіктердің әлеуетін одан әрі дамытуға және ҚХА-ны қоғамдық қалыптастыруға жәрдемдесетін ресурстық орталық пен сараптамалық кеңес ашылады. Мемлекеттік тілді, мәдениетті, дәстүрді үйренуге ерекше көңіл бөлінеді. Соның бір дәлелі, ҚХА-ның жанында 600-ден аса оқушы білім алатын этнолингвистикалық мектеп жұмыс істейді.

Ассамблея төрағасы алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында «Халықтар достығына» арналған саябақ ашылатынын жеткізді. Бұл мәселені қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен жауапты мемлекеттік органдарға пысықтап, іске асыруға пәрмен берді.

Бесінші басымдық – ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту. Мемлекет басшысы «Дос­тық үйлері халықтық бастамаларға арналған ресурс орталықтары мен жобалық кеңселерге айналуы» керектігін атап айтты. «Қазіргі кезде шетелдік делегациялар елордадағы Достық үйіне ҚХА моделімен танысуға, осы саладағы біздің тәжірибемізден үйренуге келеді. Біздің этномәдени бірлестіктер осындай кездесулерде қазақстандық бірлік пен келісім моделінің табыстылығын көрсетеді. Достық үйінің этномәдени бірлестіктер әлеуетін дамытатын орынға айналғанын нық сеніммен айта аламыз» деді А.Көлгінов.

Алтыншы басымдық – ассамблея­ның ақпараттық жұмысын тиімді жүргізу. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердің қоғамдағы орны ерекше. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу әрбір этномәдени бірлестік жетекшісінің басымдықтарының біріне айналуы тиіс. «Сіздер ақпараттық кеңістікті сырттан бақылап қана қоймай, азаматтық қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін кез келген сын-қатерлерге дер кезінде жауап берулеріңіз керек» деді ­ассамблея басшысы.

Жетініш басымдық – мәдениеттер диалогы және жалпыұлттық азаматтық патриотизм. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «көптеген этнос өкілдері тек Қазақстанның мәдениетінде ғана емес, сондай-ақ ғылымда, өнеркәсіпте және басқа салаларда да дамуымызға айтарлықтай үлес қосып, ізін қалдырғанын» атап айтты. Осыған орай, аса бай мәдени мұрамызды және рухани құндылықтарымызды насихаттау мен түсіндіруге ерекше құлшыныс танытуымыз керек. Халықтардың достығы мен әртүрлі этнос өкілдерінің Қазақстанға деген сүйіспеншілігі жас ұрпақ үшін негізгі үлгі-өнеге болғаны жөн.

Сегізінші басымдық – этносаралық келісімге ғылым тұрғысынан қарау. «Бұл орайда құрамына 13 адам (ҚХА кафедрасы ғалымдары) кіретін сарапшылар кеңесіне көп үміт артамыз. Жүргізілген социологиялық зерттеулердің қорытындылары және сарапшылар кеңесінің ұсыныстары қалалық ҚХА-ның алдағы жұмысын жоспарлауда негізгі бағдары болуы тиіс» деді А.Көлгінов.

Қазақ тілін білмейтін ұрпақ қайдан шығады?

 Отырыста мінбеден сөз сөйлеген бірнеше адамның ой-пікірі мен ұсыныстарына құлақ түрдік. «Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Владимир Божко үштілділік бағдарламасымен оқып жүрген жас ұрпақтың қазақ тілін білмей мектеп бітіріп шығатынына алаңдаушылық білдірді.

«Соңғы 15-20 жылда мектептерде үш тілде оқыту бағдарламасы енгізілді. Бірақ біз бүгін қазақша ауызекі тілді білмейтін, тіпті ана тілінде әңгімелесе алмайтын түлектердің шығып жатқанын көріп отырмыз. Мен қалалық Білім басқармасының басшылығын ортамызға шақырып, жастар арасында қазақ тілін меңгеру деңгейін қалай көтеріп жатқаны жөнінде есеп беруге ұсыныс жасаймын. Мәселе не нәрседен болып отыр? Оқулық сапасыз ба, мұғалім біліксіз бе, әлде Тілдер туралы заңның орындалуын бақылайтын тиісті әкімшілік құзырет жоқ па?» деген сауал тастады В.Божко.

Ол өз сауалына жауап ретінде ұтқыр ұсыныстарын да жария етті. «Біз қазақ тіліне жастарды қызықтыру үшін мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерін жиі насихаттауымыз керек. Елбасы да, Мемлекет басшысы да сөйлеген сөздерінде қазақ тілін үйретуді насихаттауда еліміздегі барлық этнос өкілдерін қатыстыру жұмысын күшейтуді айтып жүр. Меніңше, қазақ тілін жүз пайыз меңгерген тұлғаларды, өзге этнос өкілдерін баспасөзге, теледидарға жиі шығаруға тиіспіз. Мемлекеттік тілді үйренуге құлшындыратын ең басты нәрсе – тілді білу арқылы үлкен жетістіктерге жеткен адамдарды оқушыларға, жастарға жақыннан таныстыру, табысын үлгі ету» деді ол.

Шығармашылық ұжымдар саны өсті

 Жиында сөз тізгінін алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрал Айдашев Достық үйінде мемлекеттік тілді және Қазақстан халықтарының басқа тілдерін үйренуге барлық жағынан қолайлы жағдайлар туғызылғанын айтты. Мысалы, мекемедегі қазақ тілі клубына мүше болған әр адам ауызекі тілді шынайы қазақы ортада үйрене алады. Ол жыл басынан бері 190 іс-шара өтсе, соның көпшілігі салт-дәстүрді үйрену, каллиграфия, декоративтік-қолданбалы өнер, халық билерін үйрену, тілді меңгеруге қатысты болғанын тілге тиек етті.

Нұрал Айдашевтің айтуынша, Достық үйінің ашылуы елордада этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының саны мен сапасының өсуіне ықпал етті.

«2018 жылы олардың саны 37 болса, қазір 56-ға көбейді. 2019 жылы 5 шығармашылық ұжым халық ұжымы атауына ие болды. Бұған өте сапалы ән жазуға мүмкіндік беретін дыбыс жазу студиясының ашылуы септігін тигізді. Достық үйінің техникалық жағынан жарақтандырылуы жастардың әлеуетін өсіруде, талантын ашуда үлкен рөт атқарады. Өткен жылы жастардың бастамасымен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан көрнекті этно өкілдер туралы бейнеролик сериясын шығардық» деді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Құзырлы мекеме жетекшісі азаматтық белсенділіктің жаңа формаларына мысал келтіріп, ҚХА жұмысының бағытындағы жаңашылдықтрады тізбелеп берді. Олардың қатарына қайырымдылық, әлеуметтік кәсіпкерлік, меценаттық, медиация жатады. Достық үйінде қайырымдылық қызметін үйлестіретін «Парасат» орталығы ашылған. Осы орталық халықтың әлжуаз топтарына көрсетілетін әлеуметтік көмекті реттеп отырады. «2020 жылы қалалық ассамблея өкілдері жалпы сомасы 50 млн теңгеге 19 мың адамға әлеу­меттік көмек көрсетті. Биыл 5 мыңнан астам адам жалпы сомасы 30 млн теңгенің көмегін алды» деп түсіндірді Н.Айдашев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қоғамдағы дау-жанжалдарды шешуде медиация баламалы тәсіл ретінде белсенді дамуда. Бұл ретте этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қоғамдық медиаторлар рөлін атқарады. Олар азаматтарды қабылдап, әрбір мәселе бойынша шешу жолдарын ұсынады. Сот процесіне дейін медиация тәсілдерін қолдану мақсатында соттармен және өзге де құзырлы органдармен қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Бұдан бөлек, бұл жұмыс ақпараттық топтар, қоғамдық билік кеңесі арқылы қарқын алуда.

«Достық үйінің Қазақстан халықтарын біріктірудегі үлесі зор. Ең алдымен әр этностың мәдени-тілдік байлығын сақтауға, өз ерекшеліктерін құрметтеуге көңіл бөлеміз. Бұл жер мәдени бірлестіктердің әлеуетін дамытатын орталыққа айналады. Біз Достық үйінде жыл сайын елімізден және шетелден келетін қонақтарды қабылдаймыз. Олар Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытады. Тәуелсіз Қазақстанды ассамблея құралдары арқылы таныту – бұл бейбітшілікті, келісімді, төзімділікті насихаттаудың үздік тәсілдерінің бірі» деді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрал Айдашев.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button