ӘлеуметМәдениет

БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІ БЕЙНЕЛЕДІ

ERA_4162

Биылғы келіп жеткен Ұлыстың ұлы күнін – Наурыз мейрамын Еуразия гуманитарлық институтында ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Мерекелік шараның түпқазығы болып Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы таңдалыпты. Сондай-ақ, айтулы мәдени-рухани салтанат ұйымдастырушылардың төл мерейтойы Еуразия гуманитарлық институтының құрылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс өтті.

Гуманитарлық саланың сан-саласына мамандар даярлап келе жатқан институт ұжымы жаңа жыл басын бірлік пен берекеге, ынтымақ пен ырысқа, достық пен татулыққа, қайырымдылық пен мейірімділікке үндейтін шара өткізуден бастағанды жөн көріпті. Өте ұтымды, әрі өте өнегелі ұй­ғарым болғанына осы мерекелік шараға қатысу барысында көзіміз әбден жетті.

Оқу орнының әр дәлізінде ізгі тілектер жазылған, әдемі суреттермен безендірілген қабырға  газеттері ілінген. Ал институттың конференция залының сахнасы қызғалдақтар жайнаған көркем суретпен көмкеріліпті. Бұл бұл-ма, институт студенттері мен оқы­тушылары ұйымдастырған ме­ре­келік қойылымдарды көргенде кәдімгідей марқайып, көңіл-күйіміз  көтеріле берді. Мәселен, филология кафедрасы өзбектер мен тәжіктердің Наурыз мейрамын қалай атап өтетінін көрсетсе, мем­лекеттік және құқықтық пәндер кафедрасы студенттері украин және корей халықтарының салт-дәстүрінен, педагогика және шетел тілдері кафедрасы өнерпаздарының сахналаған түрік және грузин ха­лықтарының ұлттық болмысын әсерлеп бейнеледі. Түрлі ұлттың киімін киген осы институтта оқитын жастарына қарап, туған еліміз Қазақстан шын мәнінде бірлік пен берекенің бесігі болып тербеліп  тұрғанын сезіндік. Жастардың өнеріне тамсанған профессор Қайырбек Мұқажанұлы Ұлыстың ұлы күнін ұлықтап, наурыз-бата бергенде мейірленіп әумин дестік.  Айтулы шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков мерекелік шараға қатысушы қауымға Наурыз мейрамының қасиеті жөнінде, оның ішінде біздің еліміздегі бейбіт өмірдің мән-мағынасын дәйекті сөздерімен айтып берді. Қазақстанда жасалып жатқан барлық жетістіктер ел ішіндегі бірлік пен берекенің жемісі екенін, оның түпқазығы болып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екенін жеткізіп, осы байлығымызды бүгінгі жастар сән-салтанатымен жалғастыра беруіне тілектестігін білдірді. Ал институт өнерпаздарының қойылымдарына қайран қалғанын да айрықша айтып өтті. Мемлекет және қоғам қайраткерінің жүрекжарды лебізіне құрметті қонақтар қатарында болған Астана қаласы әкімдігі, қоғамдық ұйымдар мен оқу орындары өкілдері де қосылды.

«Ән салтанаты – ұлттар әні» көрінісімен аяқталған мерекелік шараны түйіндеген институт ректоры, академик Амангелді Құсайынов бірлік пен берекені әспеттеген студенттер мен оқыту­шыларға, мереке қызығын бөліскен қонақтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, жыл бойында оқу орнындағы қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысқан, түрлі конкурстарда жүлде алып, институт мәртебесін өсірген бір топ үздік студенттер мен оқыту­шыларға алғыс жариялады.

Мерекелік шара арнайы әзір­ленген «Наурыз – Достық» дас­тарқаны басында жалғасып, ізгі тілектерге ұласты.

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button