Бірлік – жетістік кепілі

Астана қаласының әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан негізгі тезистерін талқылау бойынша сараптамалық кездесу өтті.
Іс-шараға Ұлттық құрылтай, Астана қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, мәдениет, білім беру, жастар саясаты, цифрлық технологиялар және басқа салалардағы сарапшылар қатысты. Кездесу аясында кәсіптік білім беру, инклюзивті ортаны дамыту және елорданың цифрлық трансформациясы мәселелері талқыланды. Қатысушылар Smart city-шешімдерін енгізудің, қалалық жайлы ортаны құрудың және «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев Ұлттық құрылтайда көтерілген ономастика және архив құжаттарын цифрландыру мәселесіне тоқталды. Күн тәртібі аясында елордада театр өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. ÖzgeEpic креативті хабының негізін қалаушы, «Тіл-Қазына» КЕАҚ бас директоры Мақпал Жұмабай өз ойын былай жеткізді: «2024 жылы елордада 1 013 спектакль қойылып, көрермендер саны 425 мыңнан асты. Бұл театрға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Сахна арқылы әдеби шығармаларды жандандыру көрермен мен әдебиет арасындағы байланысты нығайтады». Спикер сонымен қатар балалардың эстетикалық және эмоционалды тәрбиесінің маңызды элементі ретінде Қуыршақ театры үшін бөлек ғимарат ашу қажеттілігін атап өтті.
Жастар саясаты және есірткіні тұтынуға қарсы күрес мәселелері бойынша сөз сөйлеген «Есірткісіз болашақ» ҚҚ төрағасы Жандос Ақтаев: «Астана – бұл өңірлердің бірі ғана емес. Бұл – жастардың едәуір бөлігі шоғырланған елдің астанасы. Бұл жерде мегаполис пен халықаралық тәжірибені ескере отырып, өз жоспарыңыздың болуы өте маңызды. Біз Астана тұрақтылық пен қауіпсіздік моделіне айналуы үшін жүйелі және толықтай тиімді жағдайда жұмыс істеуге дайынбыз» деген пікірін айтты.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек жауапты басқармаларға қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, нашақорлыққа және ойынға тәуелділікке қарсы күрес жөніндегі қалалық кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
Астана – еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған азамат тартылған орталық. Елорда әкімдігі қолжетімді тұрғын үй салу, сапалы білім беруді ұйымдастыру, денсаулық сақтау мен оңалтудың дамыған жүйесі, сондай-ақ жұмысқа орналасу және өмір сүру сапасын арттыру үшін жоғары мүмкіндіктер бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Кездесу соңында елорда әкімі қатысушыларға белсенді ұстанымы үшін алғыс білдірді. «Елорданың қарапайым тұрғыны – қоғамдық кеңістікті дамытуға тартылған белсенді, заңға бағынатын азамат. Алда үлкен міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер тұр. Біз біріксек, үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдіміз» деп сөзін түйіндеді қала басшысы.