Елордада – есімі

Біртуар тұлға, дархан дарын

Әйгілі күйші, композитор, дирижер, домбырашы, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің өмірден өткеніне 23 жыл болды. Хакім Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» дегеніндей, халқымыз талантты перзентінің есімін мәңгілік жадында ұстары анық.

[smartslider3 slider=791]

Танымал дирижер Л.Гинзбург өзінің «О дирижерском ремесле» атты еңбегінде әлемге әйгілі дирижер А.Тосканинидің дирижерлігімен өткен оркестрдің әр жерде бірнеше концертін көргенін және соның бәрінде белгілі бір симфониялық шығарма бір деммен, бір уақытта бітетінін айтқан. «Это уже сверхъестественное явление» деп тамсанады автор. Ал белгілі дирижер Кирилл Кондрашин «Мир дирижера» деген еңбегінде А.Тосканинидей ансамбльдік және ырғақтық дәлме-дәлдікке бүгінге дейін әлемде бірде-бір дирижер қол жеткізе алмай келе жатқанын айтып қынжылады.

Жоғарыда аталған тұлғалардың еңбектерімен танысқан соң, мен атақты мэтр, маэстролардың дирижерлігін секундомермен санауды әуес қылдым.

Бірде сүйікті ұстазым Нұрағаң – Нұрғиса Тілендиев өзінің «Махамбет» поэмасына дирижерлік етті. Шығарманың өлшемі әлсін-әлсін (біресе 4-те 3; біресе 4-те 2) өзгеріп, ауысып отырса да, ғажайып суреткер сол бастапқы алған екпінінен бірде-бір ауытқымай, аяғына дейін орындап шықты. Не деген құдірет десеңізші!

Енді даңқты дирижер, қайталанбас композитор, қазақ музыкасының маңдайына туған жұлдыздың домбыра тарту шеберлігіне келсек, көңіл шарықтап, көз сүйінеді. Нұрекеңнің татардың халық музыкасына сүйсініп құрған «Баламишка» атты варияциясын білмейтін жан жоқ. Хас шебер осыны домбырада орындағанда сол қолмен домбыраны шертпей-ақ (ол кісі солақай еді), оң қолының саусақтарымен-ақ варияцияны жүргізе береді де, сол қолмен тиектің екінші бетіне ауысып, әшекейлік қағыстармен ойнақы дыбыстар шығарады, біресе ұрмалы аспаптардың дауысын береді. Құдды бір өзі – бір оркестр дерсің! Міне, бұл да Нұрғиса құдіретінің бірі екені даусыз.

[smartslider3 slider=792]

Қайсыбір жылы «Отырар сазы» оркестрінің Мәскеуде өткен концертінен кейін КСРО Композиторлар одағы басқармасының төрағасы, әйгілі композитор Т.Хренников сөз алып: «…Он народный талант, гордость не только казахского народа, а также гордость нашей многонациональной страны…» дегені әлі есімізде. Түсіне білген адамға бұл да өте жоғары баға емес пе?!

Н.Тілендиев өз қолымен құрған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі Қытай Халық Республикасында өткен халықаралық байқауда бас жүлдені (гран-при) жеңіп алды. Нұрағаның өзі гала-концертте Қытайдың симфониялық оркестріне тамаша дирижерлік етті. Елдің сенімін ақтау, өзге жұртты талантыңа тәнті ету деген осындай-ақ болар!

1977 жылы Н.Тілендиевтің күйтабағынан «Аққу» және «Терісқақпай» күйлерін үйреніп, нотаға түсірдім. Ол кезде мен әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының халық аспаптары және оркестр дирижерлігі кафедрасында студенттерге дәріс беретін едім. Сол жылы бұл екі күйді кафедра мәжілісіне әдістемелік жұмыс ретінде ұсындым. Кафедра қызметкерлері бірауыздан кітапханаға қалдыруға лайық еңбек деп бағалап, студенттердің оқу бағдарламасына енгізді.

Енді жоғарыда аталған «Терісқақпай» күйінің орындалу ерекшелігіне тоқтала кетейін. Интернеттен бір қыз баланың бұл күйді ежелден қалыптасқан «ілме қағыс» тәсілімен орындағанын көрдім. Ал шығарма авторы бұл күйді шертіп қаққан. Шерткенде де әдеттегідей шекті тырнай қағу емес, бас бармақты пайдалана отырып, біртіндеп есеппен қағу керек. Сонда әр қағыс акцентпен шығады. Ал «ілме қағыспен» қақсаң, ұлы күйшінің күй орындау дәстүрін бұзғаның болады.

1982 жылы белгілі, талантты дирижер Төлепберген Әбдірашевтің әңгіме үстінде: «Тілендиев домбыраның бар мүмкіншілігін шегіне жеткізе пайдаланады» дегені бар еді. Бұл – өте орынды айтылған пікір. Бұған жоғарыда айтылған жайлар мен келтірілген мысалдар айқын дәлел бола алады.

Нұрағаң «Қазақфильмнің» көптеген туындыларына тамаша музыка жазып, артында талай тамылжыған ән қалдырды. Ал оркестрге арнап жазған «Ата толғауы», «Қилы кезең», «Еңбек қуанышы», «Аңсау», «Махамбет», тағы басқа шығармалары – ұлттық музыка өнеріне қосылған құнды туындылар, кесек дүниелер.

Елордадағы Нұрғиса Тілендиев даңғылы Баршын, Ұлытау, Қайнар, Сарыөзен, Көктал,             Д.Бабатайұлы, Шұғыла, Атбасар, Ш.Бейсекова көшелерін қиып өтіп, Бөгенбай батыр даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 15926,6 м. Даңғылдың бойына енді біртуар тұлға, музыка майталманының еңселі ескерткіші орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тұрсынбек ӘЛМАҒАНБЕТОВ,

домбырашы, дирижер

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button