«БІРТҮРЛІ» АҚЫН АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫНДА
Өз дәуірінде ұлы Абайды түсінбеген қазақ ХХ ғасырда ептеп түсіне бастады. Ал, ХХІ ғасыр келгенде толық танып болды деп айта аламыз ба? Жоқ, ғалым Мырзатай Жолдасбеков айтпақшы, «Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырына әлі бойлай алмай келеміз. Абайдың «алысып өткен мыңы» кім еді? Абайдың алысып өткені – өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес еді, сонымен қоса адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді».
Заманымыз басқа болса да, данышпанымыз көзімізге шұқып көрсеткен надандық пен тоғышарлықтан, бойымызға батпандап кіріп алған кеселдерден әлі арыла алмай келеміз. Абай өзі туралы «Ат шаба алмас мінімнен» деп айтса, біздің мінімізді түйе көтере алмайтын шығар, сірә. Құнанбайұлының жазғандарын әлі күнге дейін түсінбеуіміздің сыры да осында жасырынып жатқан болар, бәлкім…
Хош, айтпағымыз басқа ақын жайлы еді. Ол да Шыңғыстаудың бауырында дүниеге келгендіктен және оның да жырларын бар қазақ түсіне бермегендіктен есімізге Абай түсіп отыр.
Бүгінгі әдебиетте ең өтімді ағымдардың бірі постмодернизм болса, «Қазіргі қазақ ақындарынан постмодерндік ағымға мейлінше жақын тұрған – Тыныштықбек Әбдікәкімов. Оған өлең құрылымы мен поэтикалық жүйе, өзіне ғана ұқсас ойлау жүйесі куәгер» дейді сыншы Бақытжан Майтанов. Марғасқа жазушы Әбіш Кекілбаев Тыныштықбектің өлеңдерімен алғаш танысқанда Төлеужан Ысмайылов, Тоқаш Бердияров, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов секілді қазақтың тамаша ақындарын есіне түсірді. Басқаша айтқанда, Тыныштықбек оған осы ақындардың синтезіндей көрінді. Бірақ, жазушының ойынша: «Тыныштықбек бұрын-соңды болмаған ақын… Қазақша айтқанда, біртүрлі ақын. Қазақтың «біртүрлі» дегені мақтағандықты да, масаттанғандықты да білдірмейді. Бірақ, тосырқағаны мен таңырқағанын жасыра алмай, амалсыз мойындағанын аңғарта алады. Түптей біліп, түбегейлі түсіне алмай жатқандығын да сездіртеді.
Тыныштықбек Әбдікәкімовті де біреу ұғар, біреуі ұқпас, біреу құптар, біреу құптамас, бірақ ол – ешкім елемей кете алмас, ескермей қала алмас, айрықша нысаналы ақын». Жазушының осы пікіріне біз де тоқтаймыз.
Тыныштықбек ақын Абай сияқты ұлтына түсініксіз болып келе жатқанына қарамастан, Абайдан гөрі бақыттырақ. Абайдың ғұмыры 59 жасында үзілсе, Тыныштықбек алпыстың асқарына шығып отыр.
«Поэзия – махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген еді ақиық Мұқағали. Олай болса, оқырмандарымызға мерейтой иесінің «Ең алғашқы іңкәрлік» өлеңін ұсынып отырмыз.
Қан жайлауда жалғыз үй – қоңыр үйі қойшының.
Қозылармен ойнайтын қоңыр көзді ойшыл ұл.
Аңыз-алқап алапат бұрқыратып көк әтір,
Ертек-таулар есінен өзен ағып жататын.
Алуан гүлдер сымбырлап қоңырау да қоңырау,
Арқар-қойлар еретін таутекенің соңынан.
Ұрт пен тіске шырынын үрт бүріккенде бұла тіл,
Кебеженің ішіне науат жасырынатын…
Бәрі – есімде,
Айналам – оюланған киізден.
Алты жасар ұл едім, табаны – сар мүйізден.
Бар киерім – бұттағы қызыл ала ыштаным.
Жуа теріп келгенше… Ай ыңылдап мыс қарын,
Қарашығым қалықтап қара шатқал тұсынан,
Үйдей үкі ұшатын ақ үрейім ұшынан.
Керегенің көзінен құлағымды қалқитып…
Өн-бойымнан түсімде жалбыз иісі шалқитын.
Сол түсімнің соңында әкетайым
«шәй-шәй!»-лап,
Құс тілінде аңқыта қоя берсе тал сайрап,
Ошақтағы оттан да ою аулап ақ шешем,
Ергенектен сығалай кілең балғын, пәк шешек,
Кер сабаудай керіліп дүрегейдің күшігі,
Таң жұлдызын көруші ем… Сүлейменнің жүзігін…
Күндерде-күн аққулар ән салғанда сызылтып,
Күркіреген өзеннен жауһар теріп қызыл Күн,
Сол күркірек ар жағы – алашалы, арбалы
Тағы бір үй тігілген.
Өркештілер – бар малы.
Бала көрдім мен сонда.
Көрмеп едім бұрын мен.
Мәулені бар, соңынан домалана жүгірген.
Көйлегі де тым ұзын, тым басқаша тігілген.
Шапқылайды мәз бола, шапақ теріп іңірден.
«Қызыл ала ыштанмен жүрмеуші ме ед
ұл деген?»,
Ол өзгеше бала екен, төбе шашы гүлдеген.
Ол өзгеше бала екен, шешесінен аумаған.
Ой-хой сәби көңіл-ай… жұлдызқұрттай
аунаған…
«Құрау-у!»-лаған ақ таңда,
Ала таймен шапқанда,
Түңлікті жапқанда,
Қойбүлдірген аққанда…
Бұлт нажағай атқанда, шөке түсіп
мұздай түн,
Сол үй жаққа қарайлап, кеудем іші сыздайтын.
Сол қыз бала… камзолы күміс теңге безенген…
«Ойнасақ – деп ойлаушы ем, – өткел
тастап өзенге!»
Сол қыз бала… көршінің ерке қызы сүт кенже…
Олар қалды, біз көштік, тауқарақат піскенше.
Қойға қоныс жаңалап, амалсыздан көшкен ек.
Сол қыз кейпін түйсіктің алуан тіні кестелеп,
Өзіме де беймәлім өзге күйге түстім де…
Кете барғам, мұңайған ала тайдың үстінде.
Содан бері – отыз жыл. Үйіріндей жылқының.
Өшкен емес өзекте бала шағым-шіркінім.
Туған жерден жыраққа сансыратып көп арман,
Адассам да…
Қайтадан Шыңғыстауға оралғам.
Тұла-бойды қоңырлап тұтас басқан шілде мөр
Сол қан жайлау… сол бала, төбе шашы гүлдеген,
Жиі кіріп түсіме, ар жағынан өзеннің…
Улар болды көңілді түсініксіз кесел мұң…
Ақырында шыдамай сұрау салдым бірде мен:
– Шешетай-ау, айтшы осы…
төбе шашы гүлдеген…
Кіп-кішкентай қыз бала есіңде ме?..
Түйелер…
Баяғыда-а-а.. –
Қарт шешем таяғына сүйене,
Қарап қапты, аңырып алабұртқан жүзіме.
Шер аңқытып мен тұрмын, әрбір сөзім үзіле.
– Еу, қарғам-ай, білем ғой,
Білмей оны не бопты.
Сен танымай кетерсің бірақ сол бір бөбекті.
Ол осында.
Оқуын сырттай оқып бітем деп,
Сатушы боп істейді сегізінші дүкенде.
– Қалай?.. әлгі… сеп-семіз сары әйел ме?..
безерген?.. –
Шешем үнсіз.
Үнсіздік – үттей суық, сезем мен.
Жадым іші қызыл Күн құлап берді өзенге…
Алты жасар айдарлы ұл жылап берді, сөзі өлген…
Қайран жайлау, қоңыр үй…
Сағым өрген алтын бел..
Қайра-а-н сол қыз құйтымдай…
Обалына қалдым мен…
Аманғали ҚАЛЖАНОВ