Басты ақпарат

Биржада алғашқы сауда-саттық басталды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсіміне қатысты.

Елбасы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде бұл шараның ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты. ­Нұрсұлтан ­Назарбаев төл теңгемізді енгізу өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс-деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деді Елбасы.
Президент рәсімге қатысушыларға әлемдік уран нарығының 20 пайызға жуығын қамтитын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты.
– Келешекте біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз» және өзге де ұлттық компаниялардың активтерін сатылымға шығаруды жоспарлап отыр­мыз. «Астана» халықаралық қаржы орталығы елімізге шет елдердің капиталын тартудың құралына айналып, қор нарығын дамытудың жаңа деңгейіне шығаруға тиіс. Мұнда әлемнің үздік тәжірибелері жаппай қолданылып, тәжірибелі серіктестер мен сарапшылар тартылған, сондай-ақ оның жұмысына қатысушылар үшін теңдессіз жағдайлар жасалған, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев келешекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс екенін атап өтті.
– Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 27 сатыға көтерілді. Астана тұрғындар мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді, – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Президенті мемлекетіміздің барлық бастамалары халқымыздың әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button