Өнербаян

Біржан болып шырқайды

Қазақ өнерінде өзіндік мәнер қалыптастырған талантты әншілер көп. Солардың бірі қазақ және шетелдік операларда көптеген партияларды жоғары деңгейде орындап жүрген «Астана Опера» театрының солисі Бейімбет ТАҢАРЫҚОВПЕН әңгімелескен едік. Ол он жыл бойы бірнеше партияны сахнада орындап келе жатыр. Атап айтқанда, Біржан (М.Төлебаев, «Біржан-Сара») Шеге (Е.Брусиловский, «Қыз Жібек»), Нарымбет, Әзім (А.Жұбанов және Л.Хамиди, «Абай»), Ахмет (Е.Рахмадиев, «Қамар сұлу»), Парпиньоль (Дж.Пуччини, «Богема»), Гастон (Дж.Верди, «Травиата»), т. б. партияларды өз нақышына келтіре әдемі орындап шықты

[smartslider3 slider=2491]

Бейімбет Таңарықовтың операдағы алғашқы бейнесі – «Қыз Жібек» операсындағы Шеге. Бұдан соң бірден басты рөлге бекітілген. «Біржан-Сара» операсында Біржан партиясын 14 жыл айтып келе жатыр.

– Алғаш рет 2010 жылы айтып шықтым. Ұстазым Қанат Омарбаев бізге 3-курс оқып жүргенде жаттатқан еді. «Бейімбет, егер театрда істейтін болсаң, осы Біржан сенің «визитная карточкаң» болады» деп айтқан болатын. 2005 жылы жаттап, 2008 жылы опералық класта айтып шықтым. Біржан – қазақтың маңдайына біткен сал-сері, ерекше тұлға. Оның әр сөзін түсініп тыңдаймын. Жас кезде вокалдық-техникалық жағына көп мән беретінмін. Қазір жас ұлғайған сайын мәтінге мән беріп, халыққа ұғынықты етіп жеткізуге тырысамын. Мысалы, мына жолдарды алайықшы:

Сөздері маржандай, кесектей.

Ызыңдап төңірегім жау торып жүр,

Жалғыз-ақ ел – тірегім, халық – панам.

Мейлі өмір, мейлі өмір қинаса да,

Халыққа ғана мен арқа сүйеймін, – деп тұр. Халқына арқа сүйеген сондай тұлғаны сомдау – ең жауапты іс, – дейді опера әншісі.

Жақында Бейімбет Таңарықов «Алпамыс» операсында Қараман партиясын алып шықты. Ресейдің Халық әртісі Юрий Исакович қойған операға 1 ай 10 күн дайындалған.

– Бізге рөлді түрімізге, бойымызға, тәжірибемізге сай маэстролар бекітеді. Жыр бойынша Қараман батыр – Тайшық ханның жауынгері. Жырда:

«Байбөрі ауылын шауып әкелдім,

Еркектерін құл ғып,

Әйелдерін күң ғып алдыңызға алып келдім.

Гүлбаршындай сұлуды сізге тарту етемін» деген жолдары бар. Батыр жауынгер Қараманның образы ұнайды. Маған болмысы да келеді. Режиссердің айтуы бойынша рөлді жақсы алып шықтым. Бірақ кез келген кейіпкерді бірден ашу мүмкін емес. Әдеби мәтін де, актерлік шеберлік те ақырындап «піседі» деді ол.

Қазіргі таңда опера әншілерінің насихатталуы өте жақсы. Әрбір опера әншісі өз жұмысын әлеуметтік желіге жариялап отырады. Көрермендер де операға жиі келеді. Әр қойылымда зал лық толып отырады. Бұл да мәдениетіміздің көш ілгерілегенінің белгісі деп айтсақ болады. Дегенмен біздің кейіпкеріміз әлеуметтік желіге жариялағанды ұнатпайды екен. «Біздің бағамызды халық береді» деген тұжырымды ұстанады.

– Опера әншісі болған соң күнделікті дайындықта жүреміз. Дауысымыз қалыпта болуы керек. Күнде дайындалып отырамыз. «Сахнаға шығасың» деген кезде сақадай сай болған дұрыс. «Біржан-Сара» операсында Сараны Бибігүл Жанұзақ ойнайтын партияда еш қиналмаймын десем болады. Себебі сахнада партнер ретінде Бибігүл екеуміз бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Соның әсерінен ерекше күш алып, шабыттанамыз. Сахнадағы декорация да қойылымның жақсы шығуына әсер етеді. Бірде мынадай қызық болған. «Біржан-Сарада» таудан ағатын тасқын бұлақ бар. Соның екінші актісінде Біржан келіп жуынады. Сол кезде аяғым тайып кетті. Бірақ әрі қарай тез жалғастырып кеттік.

Қазір ұстазбын, өзімнің шәкірттерім бар. Солардың әрбір жетістігі – мен үшін үлкен жетістік. Музыка баланы әдемілікке, сыпайылыққа тәрбиелейді, рухани әлемін байытады. Өнерлі бала әрдайым ізденіп жүретін өжет болады. Бақытжан және Әділжан деген екі ұлым бар. Үлкен ұлым 10-да, музыка колледжінде кларнет аспабында ойнайды, – дейді ол.

Әрбір партияны ашу уақытты, еңбекті талап етеді. Бейімбет Таңарықов үшін әлі де ашылмаған партияның бірі – «Абай» операсындағы Әзім.

– Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» деген операсында Әзім партиясын орындадым. Негізі, басқа рөлдеріме қарағанда, Әзімнің партиясы психологиялық тұрғыда қиын. Психология­лық тұрғыда Әзімнен кейін шаршап қаламын. Екіжүзді, Абайдың шәкірті бола тұра, Айдарға у береді. Соны әр сахнаға шыққан сайын ашуға тырысамын. Әзімнің екіжүзділігі сондай «мен емес» деп аласұрады. Ал режиссердің айтуынша, түр-әлпетпен Абайды сендіру керек. Шынымды айтсам, Әзім партиясы мен үшін әлі ашылмады. Ашуға әлі де тырысып келемін, – деді опера әншісі.

Өмірбаян:

Бейімбет Таңарықов Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Боран ауылында 1977 жылы 29 қаңтарда дүниеге келген. 1994 жылы Құмаш Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназия­ны тәмамдап, әскер қатарына шақырылған. Екі жыл әскери борышын өтеп келген соң, Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы музыка колледжінде 4 жыл білім алған. Музыка колледжін тәмамдағаннан соң, Нұр-Сұлтан қаласындағы музыка академиясына алғашқы студенттер қатарында оқуға қабылданады. Қанат Омарбаевтың класына түсіп, 2008 жылы тәмамдап шығады.

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button