Басты ақпаратМәдениет

«Біржан-Сарамен» басталды

Сенбі күні «Астана Опера» театрында «Жібек жолы» халықаралық музыкалық фестивалі салтанатты түрде ашылды. Дирижер тұғырында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.

Қызыл кілеммен жүріп өткен фестивальдің белгілі қонақтары мен журналистер, жарқын шоу­-бағдарламамен М.Төлебаевтың көпшілік ұнататын «Біржан – Сара» операсы фестивальді бастап берді, онда Италия, Германия, Чехия, Украина, Армения, Ресей, Беларусь және басқа да елдерден әртістер жиналды. Елорда халқын, қонақтарын жинаған «Астана Опера» театры­ның холлы шын мәніндегі музыка мерекесінің алаңына айналды, фестивальде өнер көрсететін шығармашылық ұжымдары спектакльдерден үзінді орындап, танымал әншілер, музыканттар көрермендерге қолтаңбасын беріп, естелікке суретке түсті.

Фестиваль Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 14-желтоқсанға дейін жалғасады, көрермендердің назарына бүкіл әлемнен жұлдыздардың қатысуымен опера және балеттік спектакльдерден «музыкалық керуен» ұсынылады. Фестивальдің ашылуына орай журналистермен баспасөз мәслихаты өтті.

Фестиваль ұлттық классиканың ұлы мұрасы – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен ашылды. Біржан партиясын орындауға Мария театрының солисі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі Ахмед Агади шақырылды. Бір таңқаларлығы сол – дәл осы операның 10 жыл бұрынғы премьерасында басты партияда теңдессіз тенор, Біржан партия­сын үздік орындаушы Ахмед Агадидің өзі жарқырап көрінген болатын.

– Заманының заңғар тұлғасы, ерек өнер иесі – Біржан салдың образы он жыл бұрын қатты ұнаған болатын. Ақиқатты айтып, шындықтан тайсалмайтын Біржанды сахнада көрсету – мен үшін зор мәртебе, абырой. Біржанның ішкі жан дүниесін беру, оны қинап, азаптағандағы дауыс иірімдерін жеткізу оңай емес. Ол үлкен шеберлікті, кәсіби ізденіс пен мол тәжірибені талап етеді. Әнші табиғатын беруге әсіресе, дирижердің қолдауы өте керек, оған шексіз алғысымды айтамын. Араға жылдар салып сүйікті образыммен қайта қауышып жатырмын, ішкі толқынысымды айтып жеткізе алмай тұрмын, мен үшін Біржан, оның образы – өзгелер айта алмаған шындықты жеткізетін айрықша өнер иесі, ақиқаттың алдаспаны, – деді басты партияны орындаушы Ахмед Агади журналистермен болған мәслихатта.

Бүгінде «Біржан – Сара» операсын қоюшылар операның жаңа форматтағы басқаша үлгісін ұсынып, қазақ классикасының сценографиясы мен жекелеген кейіпкерлерінің мінездерін қабылдауда таптаурын болған көзқарастарды өзгертуге әрекет жасайды.

«Жібек жолы» халықаралық фестивалі музыканың мерекесі ғана емес, еліміз бен алыс-жақын шет мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстың, өнер достастығының мазмұнын кеңейтіп, мағынасын ұлғайта берері сөзсіз. 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button