ӘлеуметСұхбат

БІРЖОЛҒЫ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

1332837129_semipalatinskiy-poligon

Қырық жылдан астам уақыт қазақ даласын улаған Семей ядролық полигонындағы жарылыс­тардан жарты миллион адам зардап шекті. Полигон жабылғаннан кейін радиациялық аумақта тұрған және тұрып жатқан азаматтарға біржолғы өтемақы белгіленді. Осының жайын Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Әбуова түсіндіреді.

– Өтемақы белгілеудің заңдық тетіктері қандай?

– Семей ядролық полигоны Елбасы Жарлығымен 1991 жыл­дың 29 тамызында жабыл­ғаны белгілі. Содан 1992 жылдың 18 желтоқсанында «Семей ядролық сынақ полиго­нын­дағы ядролық сынақ­тар­дың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шықты. Оның 12-бабында өтемақы туралы айтылады.

– Өтемақы мөлшеріне нақ­тырақ тоқталсаңыз.

– Радиациялық қауіпті аймақ­тар­дың өзі – төтенше, ең жоғары, жоғары, ең төменгісі болып бөлінеді. Сонымен бірге жеңілдікті әлеуметтік-экономи­ка­лық мәртебесі бар аймақ бойынша өтемақы төленеді. Сондай-ақ, өтемақы мөлшеріне белгілі бір жылдар кезеңі де әсер етеді. Айта кетейік, әрбір жыл үшін төленетін айлық есептік көрсеткіштің мөлшері бар. Мәселен, төтенше радиациялық қауіпті аймақта 1949-1965 жылдар кезеңінде тұрғандарға әрбір жыл үшін 5,23 айлық есептік көрсеткіш және 1965-1990 жылдар кезеңінде тұрғандарға әрбір жыл үшін 1,05 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.

Осылай түсіндіре берсек, ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта1949-1965 жылдары тұрғандарға 2,62 АЕК, ал, 1966-1990 жылдар үшін 1,05 АЕК беріледі. Жоғарысына 1949-1965 жылдарға 1,57 АЕК, 1966-1990 жылдар бойынша 0,79 АЕК төленеді. Ең төменгісіне 1949-1965 жылдар үшін 1,05 АЕК және 1966-1990 жылдарға 0,52 АЕК мөлшері қарастырылған. Жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аймақ бойынша 1949-1990 жылдарға 0,26 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

– Полигоннан зардап шеккендер тағы қандай құқық­тарға ие?

– Біз келтірген Заңның 13-бабына сәйкес олар зейнетақыға қосымша ақы және қосымша еңбекақы алуына болады. Сонымен бірге полигон аймағында тұрып жатқандар жыл сайын ақысы төленетін қосымша демалыс алуға құқылы.

Бізге жиі сұрақ беріп жататын­дықтан, мынаны да түсіндіре кетейік. Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер бас қаламыздың қоғамдық көлік­терінде тегін жүре алмайды. Астана қаласы мәслихаты мұндай шешім шығарғанына төрт жылға жуықтады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button