Басты ақпарат

Біте сала бүлінген

2019 жылдың 1 қазанында «Нұр-Отан» партиясының астаналық филиалында қала әкімі А.Көлгіновтің қатысуымен қаладағы құрылыс компаниялары мен пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне қатысты жиналыс өтті.

Қатаң бақылауға алынды

Қазақстанда жыл сайын шамамен 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның 2 млн шаршы метрі – астанада. Өткен жылы елордада 140-тан астам көппәтерлі үй салынған, осы жылы 70 үй бой көтерді. Бұл – 35 мың пәтер. Бүгінде қалада 2609 көппәтерлі тұрғын үй бар, оларға 488 ұйым қыз­мет көрсетеді. Уақыт өткен сайын қалада тұрғын үйлердің саны көбейіп келеді. Соңғы жылдары «Нұрлы жер», 7-20-25 бағдарламалары бойынша халықтың баспанаға қолжетімділігі арта түскен.
Қазіргі кезде 280 көппәтерлі үйде құрылысы жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, объектіде іс жүргізу мемлекеттің қатысуынсыз өтеді, яғни құрылыс сапасына салып жатқан тұлға тікелей жауапты. Алайда құрылыс-монтаж жұмыстары барысында салушы тұлғаларға құқық бұзушылық әрекеттерді болдырмау жөнінде ескертулер жолданып отырады.
Сондай-ақ 2018 жылы Е-ПИК жаңа жобасын жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 488 қызмет көрсету ұйы­мы аталған жобаға қосылды. Бұл жүйе арқылы тұрғындар қызмет көрсетіп жатқан ұйымның шығынын қадағалай алады және ортақ мүлікті тиімсіз қолдану фактісін байқаған жағдайда құқық қорғау органдарына шағым түсіру мүмкіндігі бар.

Тұрғындар неге шағымданады?

Бүгінде қаладағы ең маңызды мәселелердің бірі – сапалы құрылыс жүргізу мен сапалы қызмет көрсететін ұйымдардың санын арттыру.
Алтай Көлгінов тұрғындардан 1,5 жыл ішінде партияның қалалық филиалына, әкімдікке құрылыс сапасына байланысты 40 мыңнан астам арыз-шағым түскенін айтты. Олар тұрғын үйдің сапасына, аулалардың сәтсіз абаттандырылуына, паркингтердің жоқтығына, асфальттың ойлы-шұңқырлы болуына, т.б шағымданған. ПИК қызметіне де сын көп. Әкім халықтың үштен бірі ПИК-ке сенбейтінін айтты. Олар тұрғындардан жинаған ақшаның 70-80 пайызын өз қажеттіліктеріне жұмсайды екен, ал дұрысында бұл қаржы үйдің күтіміне жаратылуы керек еді.
Кейбір үйлер салынғанына екі-үш жыл өтпей жарамсыз күйге түседі.
– Кейбір жаңа үйлердің қасбеті сырылып, подъездеріне жөндеу керек болып жатады. Енді біреулерінің аулалары әлі күнге дейін абаттандырылмаған, – деп қынжылыс білдірді әкім. – Әрине, бұған жұрттың шағымданатыны түсінікті.
Мәселен, «Алтын шар» ТК-нің ауладағы асфальті шұрқ-тесік. «Политренд Астана» ЖШС салған тұрғын үйдің бағандарының түбі босап құлағалы тұр, қасбеті түсіп қалған. «Bastaubuilding» ТК-ның ауласы абаттандырылмаған. «Қазбайлық» ЖШС тұрғызған үй паркингінің төбесінен су ағады. Айта берсең, мұндай мысалдар аз емес.
– Қазір – жауын-шашын маусымы. Құрылыс салушылар бір үйді салар салмастан, тастай салып, екіншісіне ауысады. Ал құрылысы толық бітпеген үйдің тұрғындары өз проблемаларымен өздері қалады,– деп кейіді Алтай Көлгінов.
Ол аудан әкімдері өз аумақтары бойынша мониторинг жүргізіп, тәуекел картасын жасау керектігін, онда өзекті мәселелері түзілуі тиістігін айтты. Картада әлеуметтік жанжал туғызуы мүмкін жайттар, проблемалы мәселелер көрсетілуі керек.

Жосықсыз құрылысқа жол жоқ

Астанада жыры таусылмай келе жатқан құрылыс нысандары да бар. Соның бірі – Ақордаға қарап тұрған «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені. Бұл кешен толық салынып бітпеген күйі ондаған жыл қаңырап тұрып қалған. Содан желдің өтінде, жаңбырдың астында ашық-шашық күйінде жатқандықтан, оның құрылыс материалдары жарамсыз бол, қабырғалары сөгіле бастаған. Кешеннің құрылысына ақша салған тұрғындар көп жылдар күткенімен, үмітті пәтерлеріне сол беті кіре алған жоқ. Биыл осы нысан сырылып, 2020 жылы оның орнына басқа үй салынатын болды.
Сондай-ақ «Азбуки жильяның» жер телімі мен компания басшысының көлігі сот шешімі бойынша мемлекет пайдасына тәркіленді. Компания иесі, бұрынғы мәжілісші Ерқанат Тайжанов мыңдаған үлескерлерді алдап, 40 миллиард теңгені қымқырып, Еуропаға қашып кеткен. 2015 жылы оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол қазір халықаралық іздеуде жүр.
– Жоспардан тыс тексеру барысында 2018 жылы 428 құрылыс субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл 278 компанияға осындай жаза қолдандық, ал 4 компания лицензиясынан айырылды. Тағы 28 объект бойынша қосымша тексеру жүргіздік, жыл соңына дейін тағы 20 нысанды тексеруді жоспарлап отырмыз, – деді астана әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов.
Қалада апатты жағдайда 26 үй тұр. Жыл соңына дейін оның 12-нің тұрғындарын көшіру ойластырылған. Қалған 15 үйдің тұрғындары алдыңғы жылдары белгіленген кестеге сәйкес біртіндеп қоныс аударатын болды.
Ресми дерек бойынша, елордада құрылысы салынып бітпеген 76 нысан бар. Жыл соңына дейін оның 10 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Түйткілді мәселелер

А.Көлгінов лифт шаруашылығында да келеңсіздіктер аз емес екенін айтты.
2011 жылдан 2018 жылға дейін 100 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 68 көппәтерлі үйдегі 166 лифт жаңартылды. Алдағы күні техникалық жағдайы сай емес тағы 78 лифті жөндеу қажет. Оның 40-ын жөндеу биылға жоспарланған, қалғаны – келер жылдың еншісінде. Ақаулы лифтер адам өміріне де қауіпті, абырой болғанда, кейінгі екі жылда лифт құлау фактісі тіркелген жоқ.
– Былтыр пайдалануға берілген сегіз қабатты «Экодом» ТК-нде әлі лифт жоқ. Қала бойынша жаңадан салынған көпқабатты 14 үйде лифт жоқ. Ал оларда қаншама адам тұрып жатыр, қарттар, балалар бар. Олардың күнделікті тұрмысына бұл өте қолайсыздық тудырады, – деді әкім.
Сарыарқа ауданында 14 қабатты үйдің 2-ші лифті 3 жыл болды, әлі іске қосылмаған. Оның лифт шахтасы ашық жатыр. Сонымен бірге, қала бойынша 150 үйде өрт қауіпсіздігі шарттары сақталмаған.
Тағы бір маңызды проблема, астанада 350 үйдің инженерлік торабы коммуналдық қызметтердің балансына берілмеген. Кез келген мүліктің иесі болуы керек, әйтпесе иесіз дүние тез бұзылады, оның күтімі болмайды.
Сондай-ақ кейбір тұрғындардан ауызсудың сапасына да шағымданған. Әкім мұндай мысалдарды да тілге тиек етті. Ол бойынша «Астана су арнасы» МКК басшысы Табиғат Зейнұлқабден жауап берді.
– «Астана су арнасы» МКК-ның судың сапасын бақылап отыратын зертханасы бар. Біз суды күнде тексереміз. Рас, қазір ыстық суға қатысты шағымдарды естиміз. Ол – қазіргі кезде көпқабатты үйлердің құбырларын су қысымымен тексеруге байланыс­ты уақытша жайсыздықтар. Қазір үйлердің батареяларын жылу беру маусымына дайындап жатырмыз, – деді ол.
Әлбетте, тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қатысты проблема аз емес. Өмір болған соң, бір түйткіл шешіліп жатса, келесісі туындайтыны заңды. Тұрғын үй құрылысына қатысты проблеманы талқылау үшін партия алаңына жиналған құрылыс компанияларының жетекшілері, ПИК өкілдері, құрылысшылар қауымдас­тықтары өкілдері өз ойларын ортаға салды. Ал «Нұр Отан» партиясының хатшысы Марат Сембеков жиында айтылған барлық проблемалар партия­лық бақылауда болатынын жеткізді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button