Ел тынысы

Биыл 12,4 млн тұрғын газбен қамтамасыз етіледі

Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайдың отырысындағы тапсырмасы бойынша 2024 жылы 1 700 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам азамат көгілдір отынға қол жеткізді. Елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 

Табиғи газды пайдалану көмірқышқыл газы шығарындыларының төмен деңгейіне, зиянды қоспалардың болмауына және көмір мен мазутпен салыстырғанда жоғары энергетикалық тиімділікке байланысты экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының «әлеуметтік әмиян» тетігін енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2024 жылғы желтоқсанда Үкімет Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық газға (24% дейін) жеңілдік түрінде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін ұсыну бойынша пилоттық жобаны іске қосты, осылайша 6000-нан астам адамды қамтыды. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша аталған тетік бүкіл ел бойынша енгізілетін болады.

2025 жылы «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталады. Ұзындығы 302 км магистральдық газ құбырының құрылысы жалғасуда, бұл 124 мың адамды қамтитын Жетісу облысының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс графиктен оза отырып жүргізіліп жатыр.

Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд м3 МӨЗ салу жұмыстары жалғасуда. Жоба шикі газды қайта өңдеудің ұлттық бағдарламасы шеңберінде іске асырылып келеді, бұл Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді тәулігіне 25 мың баррельге және ішкі тұтыну үшін тауарлық газ көлемін жылына 700 млн м3 ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қашаған кен орнының шикізат базасында жылына 700 мың тоннаға дейінгі көлемде сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі технологиялық кешеннің құрылысы басталды. 2026 жылдан бастап сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі халықты автогазбен қамтамасыз етеді және өңірде мұнай-газ химиясын дамытуға мүмкіндік береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button