Биыл 2300 адам жол апатынан қаза тапты
Елдегі айыппұлдар саны артты ма? Соңғы жылдары осы салада қандай заңдар өзгерді? Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ең алдымен спикер елімізде айыппұлдар саны өспегеніне баса тоқталды.
− ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінде жауапкершілік АЕК көлемімен көрсетіледі. АЕК-пен байланыстырғасын, айыппұл көлемі артқандай көрінуі мүмкін. Ал біздің тарапымыздан айыппұлды өсіру туралы ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бұл жерде қозғалыстың қауіпсіздігіне, жолдағы апатты азайтуға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шаралар нәтижесінде өзгерістер мен ұсыныстар енгізілуі мүмкін, – деді А.Боранова.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары автокөлікті масаң күйде басқарған жүргізушілерге жауапкершілік күшейді – бұрын 3 жыл болса, қазір 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, өзі әкімшілік қамауға алынады.
− Бұрын жүргізуші куәлігін мүлдем алмаған адамдар масаң күйде көлік айдаса, тек қана 15 тәулікке қамауға алынатын. Кейін еш кедергісіз жүргізуші куәлігін алатын. Ал куәлігі бар адамдар – құжатынан айырылатын. Мұндағы әділетсіздік жойылды. Енді жүргізуші куәлігін мүлдем алмаған адам масаң күйде көлік рөлінде ұсталса, алдағы уақыттағы 7 жылға куәлік алуға шектеу қойылады, – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінде автокөлікті белгіленген жылдамдықтан асыра басқаруға шектеу қойылды.
− Талдауға сүйенсек, биылғы 11 айда жол апатынан 2300-ден астам адам қаза тапты. Бұл – құрбандардың 60 пайызы, шамамен 1200 адам қала сыртындағы жолдарда апатқа ұшыраған. Осыны талдай келе, қала сыртында болатын жол апаттарының басты себебі – жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету, маневр жасаудағы қателіктер екенін білдік. Ең бірінші кезекте жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениеті тұр. Біз қоғам болып, жүргізуші, министрлік, үкімет болып бұл мәселені шешуге кіріспесек, еш нәтиже болмайды, яғни біржақты атқарылатын жұмыстардың нәтижесі төмен болады. Әр адам өзінен бастауы керек. Неге адам өз өміріне бірінші кезекте жауап бермеске? Одан кейін Үкіметтің тарапынан істеліп жатқан ережелерді неге қабылдамасқа? – дейді ҚР ІІМ өкілі.
Сондай-ақ, қазір айыппұлдан түскен қаражаттың барлығы жергілікті атқарушы органның бюджетіне түседі. Жолда жүру туралы заңның 17-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бұл қаражатты жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға – бағдаршамдар қою, жол белгілерін салу, автоматты тіркеу жүйелері секілді керек-жарақтарға жұмсайды.