Биыл 370 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданады

Құжаттарды бірінші сыныпқа қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінен 31 тамызына дейін жалғасады. Жаңа оқу жылында 370 мыңнан астам қазақстандық бала мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің ақпараты бойынша, ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, бірінші сыныпқа 6 жастан бастап ата-аналардың өтініші бойынша қабылданады. Құжаттарды eGov mobile қосымшасы мен электронды үкімет порталы арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде — тікелей мектептерде тапсыруға болады. Ол үшін барлық мектепте қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.
ҚР ЦДИАӨМ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның мәліметінше, биыл eGov порталында құжат тапсыру рәсімі жеңілдетілген.
Енді ата-аналарға медициналық анықтамаларды қолмен жүктеудің қажеті жоқ – «Бала денсаулығы паспорты» мен «Профилактикалық екпе картасындағы» мәліметтер автоматты түрде алынады. Егер медициналық анықтамалар жүйеде болмаса, олардың скан-көшірмелерін жүктеуге болады. Сондай-ақ, өтініштің мәртебесін қарау және оны бір батырмамен кері қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, өтініштер мереке және демалыс күндерін қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Сұраныс жіберілгеннен кейін өтінішті қарау мерзімі – 1 жұмыс күні.
Елімізде 1-сынып оқушылары 10 ақпаннан бастап демалысқа шығатынын жазған болатынбыз.
Өткен жылы елімізде 1-сыныпқа 336 000-нан астам оқушы қабылданды.