Қоғам
Биыл 400 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин атап өткендей, 2023 жылы 114 мың отбасы АӘК алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша АӘК алушылар саны 411 мың адамды немесе 77 мың отбасын құрады. Біз жыл сайын АӘК алушылар санының төмендеп жатқанын көріп отырмыз», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Өңірлер бөлінісінде АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 20,3%, Шымкент қаласында – 11,3%, Қызылорда облысында – 8,2%, Алматы облысында – 7,9%, Жамбыл облысында – 7,5% және Жетісу облысында – 7% байқалады. Бұл өңірлер барлық АӘК алушылардың 62% құрайды. Барлық алушылардың 55%-ы қалалық жерлерде, 45%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
«АӘК алушылардың басым бөлігін әлеуметтік мәртебе бөлінісінде балалар құрайды – шамамен 273 мың адам немесе 66%. Басқа санаттар бойынша: 14% – өтініш берген сәтте жұмысы бар адамдар, 12% – бала күтімімен айналысатын адамдар; 3% – студенттер; 1,4% – жұмыссыздар; 0,6% – мүгедектігі бар адамдар; 0,2% – зейнеткерлер; 0,8% – басқа санаттар», – деп хабарлады Олжас Анафин.
АӘК алушылардың құрылымында көп балалы отбасылар басым. Олар АӘК алушылардың жалпы санының шамамен 51% құрайды.