Биыл елімізде 100 базар жаңартылады

Қазақстанда базарларды жаңғырту жұмысы басталды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– 2025 жылға 100 базарды жаңғырту жоспарланып отыр. Жол картасына сәйкес базарларды жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, яғни эскиздік жобалар мен жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Қажетті құжаттар келісіліп, бекітілуде, топотүсірілім жүргізіліп жатыр, сондай-ақ аумақтарды қоршау, қойма үй-жайларын бұзу және тағы басқа жұмыстар істеліп жатыр. Сауда базарларының жай-күйін бағалау үшін министрлік өкілдері ақпан, наурыз және сәуір айында базарларды аралайды. Сапар барысында барлық өңірдің базарларына егжей-тегжей түгендеу жұмысы жүргізіледі, – деді Айдар Әбілдабеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, базарларды жаңғырту жұмыстары жергілікті әкімдіктермен, Мемлекеттік кірістер комитеті, төтенше жағдайлар қызметі, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және санэпидемиологиялық қызмет өкілдерімен бірлесіп жүргізіледі.
Жаңғыртуға жататын базарлар:
Астана қаласы – 7 базар;
Алматы қаласы – 10 базар;
Абай облысы – 3 базар;
Ақмола облысы – 1 базар;
Ақтөбе облысы – 2 базар;
Алматы облысы – 11 базар;
Атырау облысы – 4 базар;
ШҚО – 3 базар;
Жамбыл облысы – 3 базар;
Жетісу облысы – 6 базар;
БҚО – 14 базар;
Қарағанды облысы – 5 базар;
Қостанай облысы – 4 базар;
Қызылорда облысы – 4 базар;
Маңғыстау облысы – 5 базар;
Павлодар облысы – 8 базар;
Түркістан облысы – 8 базар;
Ұлытау облысы – 2 базар.
Жыл басында елімізде базарлар мен дүкендер қызметі цифрландырылатыны туралы хабарлаған едік.