Әлеумет

Биыл не өзгереді?

Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде не өзгеретініне тағы да қысқаша шолу жасайық.

Автогаздың шекті бағасы

 Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекітті. Олар 2024 жылғы 1 қаңтардан күшіне енді.

Өңірлер бойынша бекітілген шекті баға:

Астана – 76 теңге;

Алматы – 81 теңге;

Шымкент – 64 теңге;

Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге;

Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге;

Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды облысы – 76 теңге;

Жамбыл облысы – 71 теңге;

Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары – 64 теңге;

Павлодар облысы – 74 теңге.

Абай, Жетісу, Ұлытау облыс­тары – 76 теңге.

Әр облыстың шалғай аудандары үшін (облыс орталықтарынан 200 шақырымнан астам) шекті бағалар 5 теңгеге жоғары болады.

Декларацияны кім тапсырады?

1 қаңтарда елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Алдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі. Бұл талап жеке кәсіпкерлігі мен заңды тұлғасы өз қызметін тоқтатқан немесе мүлдем жұмыс істемеген жеке кәсіпкерге де қатысты. Қазақстанда мүлік ретінде тіркелген пәтерлерді, қала сыртындағы үйлерді немесе автокөліктерді декларацияға енгізудің қажеті жоқ. Барлық мемлекеттік органмен интеграцияның арқасында Мемлекеттік кірістер комитетінде олар туралы ақпарат бар.

Мораторий аяқталды

Қазақстанда шағын кәсіпкерлік, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий аяқталды. 1 қаңтардан бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тексерісі қайта жанданды. Елімізде бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтарда жария­ланған болатын. Биылдан бастап бизнес­ті тексеруге адам қатыспайды. Өйткені елімізде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылған. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды деп күтілуде.

 Қазақ тілінен емтихан

2024 жылы 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл өзгеріс­тер 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілген, яғни мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі. Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады. Қазақ тілі пәнінен қорытынды баға емтихан және жылдық бағалау нәтижесі бойынша қойылады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.

1 сағатқа артқа жылжиды

2024 жылы көктемде ­Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі деп жоспарланып отыр. Еліміздің 15 өңірі 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады. Осылайша еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін ештеңе өзгермейді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button