Биылғы астық орасан
Биыл Қазақстанда рекордтық көлемде дәнді дақылдар жиналды, яғни орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер болып, 26,7 млн тонна астық бастырылды. Былтыр бұл көрсеткіш 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл бастырылды, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Бұған Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлінуінің арқасында қол жеткізілді.
Бұл туралы егін орағының қорытындылары қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Ол аталған қаражат егіншілерге тікелей несие беруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге, форвардтық сатып алуға бағытталғанын жеткізді. Енді алдағы жылы осы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру биылдың өзінде басталып кетті. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар.
– Диқандар тұқыммен, жеңілдікті отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу, барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі керек. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауы тиіс, – деп атап өткен Премьер-министр ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында күздегі жауын-шашынға қарамастан егін жинау науқаны айтарлықтай шығынсыз жүргізілгенін айтты. Жаппай егін жинау жұмыстары 20 тамыздан басталған еді.
– Жоғары өнімділікке ауа райының қолайлы болуы және әрине, агротехнологияларды дұрыс қолдану нәтижесінде, атап айтқанда, сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды қолдану және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді, – деді министр.
Президент тапсырмасы бойынша әзірленген Жол картасы аясында 2024-2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды. Жалпы, ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыру көзделуде.
Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның 6,5-7,5 млн тоннасы – бидай. Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Орталық Азия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис елдері дәстүрлі нарық саналады. Биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астық экспорттау жоспарлануда. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өндірілген өнімді дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа нарықтарға да өткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды. Көлік министрлігі «ҚТЖ» компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуі қажет.
Қазақстандық астық экпортының негізгі өткізу нарықтары – Орталық Азия, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Ирак, Солтүстік Африка және ЕО елдеріне Қара және Балтық теңіздерінің порттары арқылы 2 млн тоннаға дейінгі көлемде астық тасымалдау мәселесі пысықталуда. Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті, Ауғанстанға жеткізілімдер көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тоннаны құрады. Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты. Республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды.
Елімізде астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар нарыққа реттеуші ықпал тигізу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ егіншілерден астық сатып алу шараларын қабылдайды.
Қазақстан ауыл шаруашылығының үлкен әлеуетіне ие, бұл еліміздің әртараптандырылған және инклюзивті экономикалық өсуіне ықпал ете алады. Негізгі артықшылықтарының бірі – кең байтақ аумақ, халық тығыздығының төмендігі және үлкен ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы. Республикада өндірісті сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өсірілетін дақылдардың биологиялық қажеттіліктерін жергілікті агроклиматтық және табиғи жағдайларға неғұрлым көбірек сәйкестендіруге бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша шаралар қабылдануда.
2024 жылы жалпы егіс көлемі 23,3 млн гектарды құрады, оның 21,1 млн гектары – жаздық егіс. Өткен жылмен салыстырғанда бидай алқабы 560,9 мың гектарға қысқарып, 13,1 млн гектарды құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 149,9 мың трактор, 38,7 мың комбайн, 5 мың егіс кешені, 76,4 мың тұқым сепкіш және 219 мыңға жуық топырақ өңдейтін және мамандандырылған техника бар.