Басты ақпаратМәслихат

БИЫЛҒЫ БЮДЖЕТ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

Жыл соңы таянғанда елорда бюджетіне өзгеріс енгізілді. Кеше мәслихаттың кезектен тыс оныншы сессиясында депутаттар бас қаланың қаржылық ахуалын пысықтап, әуелгі жоспарға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Астананың әмиянындағы ақша сөз болған жиынға депутаттармен бірге қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун қатысты.

Депутаттардың кезектен тыс сессияға жиналуына түрткі бол­ған да осы бюджет мәселесі. Нақты айтсақ, жақында ҚР «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет» тура­лы заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Бюджет жобасы нақтыланып, нәтижесінде Астана қаласының бюджетіне рес­публикалық бюджеттен  15 384 060 мың теңге трансферттер  бөлу қарастырылған. Сондай-ақ, қайта бөлу есебінен жалпы сомасы 5 595 564 теңге трансферт қысқартылды.

– Бұдан бөлек, бюджеттің бұл нақтылануында Астана қаласы бюджетінің кіріс бөлігін көбейту мен жүргізілген мониторинг негізінде жекелеген бюджеттік бағдарламалардың қаржысын қайта қарастыру көзделіп отыр. Аталған қаржыны елорданың дамуы мен кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауды ұсынамыз, – деді Экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасының бастығы Жанат Нұрпейісов.

Қаңтар және қазан айларында қала бюджетінің өзіндік кірісі 108 пайызға орындалған. Әуелгі жоспарда 73 205,7 млн теңге болады деп болжанған-ды. Бүгінгі көрсеткіш 79 036,1 млн теңгені көрсетіп отыр.

Жоспардың артығымен орын­далуын салықтан түскен түсім (4 608,6  млн теңге) құрап отыр.  Осы­ны негізге алған Жанат Нұр­пейісов кіріс бөлігінің жылдық жоспарын 5 631,7 млн теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Соның ішінде 2 479,4 млн теңге салықтық, 3 152,3  млн теңге салықтық емес түсімдер құрамақ. Күні бұрын бұл мәселені комиссияда егжей-тегжей талқылаған депутаттар басқарма бастығының ұсынысын қос қолын көтермесе де бірден қолдады.

Сессиядағы талқыланған тағы бір маңызды жаңалық – ал­дағы мерекемен байланысты.                                             1 желтоқсан күні елімізде бірінші рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күні тойланатыны баршамызға бел­гілі. Осыған орай, халықтың әлеу­меттік тұрғыда аз қамтылған то­бына бір реттік әлеуметтік жәрдемақы көрсетілмек. Мұқтаж азаматтарға қандай көмек және қалай көрсетілетіні туралы Жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бас­ты­ғының орынбасары Ләззат Абеуова баяндады. Ұлы Отан со­ғысының ардагерлеріне 20 мың, ҰОС ардагерлеріне те­ңес­тірілген, Ауғанстан соғы­сы­ның ардагерлеріне, соғыс арда­герлерінің жесірлеріне 10 мың теңге көлемінде көмек көрсетілмек. Сонымен бірге мұндай көмекпен жетімдер мен көпбалалы отбасылар да  қамтылады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 125 млн теңге көзделіп отыр. Депутаттар бұл ұсынысты да бірауыздан қолдады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button