БілімЖаңалықтар

Биылғы ҰБТ қалай өтеді?

Тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Демек, оқушылардың он бір жыл бойы алған білімін сын­дарлы сынаққа салатын кез де келіп жетті. Осыған орай биылғы түлектер маусымның 1-і күні басталатын ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындалуда.

Оқушының біліміне – баға, болашағына бағдар беретін ұлттық бірыңғай тестілеу осымен тоғызыншы рет өткізілгелі отыр. ҰБТ тапсыратын сәт жақындаған сайын оқушылар ғана емес, ата-аналар мен ұстаздардың да көңілі қобалжып, ерекше толқулы. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?». Дегенмен, жыл бойғы дайындықтың өз нәтижесін көрсетері анық.

Биыл Астана қаласы бойынша 4267 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Олардың 1888-і – қазақ, 2379-ы орыс сынып­тарын тәмамдамақшы. Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының мәліметтері бойынша, барлық түлектердің 3708-і (1660 – қазақша, 2048 – орысша), яғни 87 пайы­зы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш берген.

Биылғы ҰБТ-ның ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, 2012 жылғы сынақ Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізудің орныққан технологиясы бойынша жүргізіледі. Алдымен оған қатысушы әр оқушыға барынша жағдай жаса­лады. Психологтардың зерттеуінше, бақылаушы тарап неғұрлым көп болса, оқушылар да соғұрлым сабырсызда­нады. Сондықтан, бұл жолы әр оқушы сынақ кезінде ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Ұлттық университетке түсетін үміткер енді 70 балл жинамаса, арма­нымен қош айтысады. Бұдан бөлек университеттердің табалдырығынан аттау үшін түлектер кем дегенде 50 балл жинауға тиіс. Енді колледж бітіргендер жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырады. Сондай-ақ, министрлік мемлекеттік комиссия мүшелерінің санын 11-ден 5 адамға дейін қысқартты. Бұл ретте, комиссия құрамына біліктілігі жоғары, өмірден түйгені мол, тәжірибелі адамдар көбірек тартылатын болады.

Сондай-ақ, ҰБТ-ның өткізілуіне бақылау жасауға алғаш рет Елбасының тапсырмасымен құрылған білім сапасын бақылайтын өңірлік департаменттердің штаттағы қызметкерлері қатысады. Олар тестілеудің әділ де ашық өтуін қамтамасыз етіп, жергілікті басқару органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін болады. Сынақ жүргізілетін ғимаратта міндетті түрде қауіпсіздік шарала­ры қолға алынады, ал апелляциялық шағым-арыздар қабылданатын мерзім тестілеу қорытындылары жарияланған күннің ертеңінде сағат 14.00-ге дейін ұзартылды.

Биыл енгізілген өзгерістердің бірі – математикалық тестілеуде логикалық сипаттағы бір тапсырма. ҰБТ-ны өткізу пункттерінің барлығында ұялы бай­ланыс телефондарының сигналдарын өшіретін және бейнебақылау жасайтын құралдар пайдаланылады. Тестілеуді өткізу мерзімі маусымның 1-інен 15-іне дейін ұзартылды. Астаналық түлектер үшін сынақ жылдағыдай 5 пәннен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­верситетте және Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткізіледі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button