Жаңалықтар

Біз балалармен бақыттымыз

Қытайдан жақын-жұрағаттар келіп жатыр. Бірінің соңынан бірі еріп, тымпыңдап жүрген балаларымызға қарап, сүйсінді. Қазақстандағы әйелдер қауымының ұрпақ өрбітіп, бала сүюге деген құлшынысына таңданды.  

Өздерінде, әрине, бала тууға шек қойылған.

Бірнеше жылдар бойы «бір отбасы – бір бала» саясатын ұстанған Қытай бүгінде тұсауды ептеп кеңге сап, екі бала сүюге рұқсат ете бастаған. Өйтпеске амалы қалмаған сияқты. Қытайда әйелдер азайып кеткен. Тізгін ұстар ұл сүйгісі келгендер құрсаққа біткен нәресте қыз бала болса, ертерек жолын кесіп отырыпты. Бұл ел тұрғындары арасында ер адамдар санының күрт өсіп, әйелдердің азаюына әкеліп соқты. Тепе-теңдік бұзылды.

Шек қойғандағы тағы бір мәселе – халық қартайып шыға келіпті. Яғни, бала аз туылғандықтан, жастар саны төмендеп, қарт кісілердің қатары көбейіп кеткен.
Хош. Сәби сүюге шек қоймайтын Қазақстанымызда, өз елімізде өмір сүріп жатқанымыз қандай бақыт деп ойладық біз. Бала күтіміне байланысты үш жыл демалыста отырсаң да, ешкім орныңды тартып алмайды. Омыраудағы кішкентайың барда жұмысқа шықсаң, әрбір екі сағат сайын балаңды емізіп келуге тағы да рұқсат етіледі. Заң бойынша. Бір жыл бойы қызмет орныңдағы еңбекақыңның 40 пайызын алып отырасың. Әйтеуір, аз да болса, сәби күтімі үшін жәрдемақы беріледі.

Ал Қытайда… бала тууға шек қойылғанымен қоймай, өмірге сәби әкелген әйелдер әрі кеткенде үш айдан соң жұмысқа шығады екен!

Жаздыгүні таңғы 7-30-да басталатын жұмыс, кешкі 18.30-да аяқталады. Ал балалы әйелдерге жасалатын жеңілдік: жазда таңғы 8.00-де келіп, кешкі 18.00-де қайтуға рұқсат етіледі. Таңертеңге дейінгі уақытта жарты сағат пен кешкі уақыттағы жарты сағатқа ғана кешірім жасалады. (Әлбетте, темірдей тәртібі болмаса, бір жарым миллион халқы бар ел бүгінгідей сән-салтанат құра алар ма еді?..)

Расында, біз, өз атамекеніміздегі, туған Отанымыздағы қыз-келіншектер бақытты екенбіз ғой деп ойладым мен. Денсаулығымыз жар берсе, сәби құшып, еміреніп, аналық махаббатымызды шалқытып, ана бақытын сезінуге мүмкіндігіміз бар.

Әр сағат сайын елімізде 40-тан астам сәби дүниеге келіп жататыны да сондықтан.

Десек те… Қытаймен санымыз салыстыруға келмейді. Ол елде халқының көптігі машақат тудырса, біздегі қауіп – аздығымыздан.

Ендеше, елімізді сүйетініміз, ұлтымыздың болашағына алаңдайтынымыз рас болса, біз, қазақ әйелдері, бала табуға және жақсы ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз деп сезінеміз.

Лайым қазіргі жолымыздан жаңылдырмағай!

Нәзира БАЙЫРБЕК
n.bairbek@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button