Қала тіршілігі

БIЗ БIЛЕТIН БОНАПАРТ

[wppa type=»slideonly» album=»7″ size=»auto»][/wppa]

«Әй, генералдар! Бой жағынан менен бір бас жоғары боларсыңдар, бірақ маған ұнамсыз қылық көрсетсеңдер, сол айырмашылықты дереу теңестіруге тура келеді!». Ол осындай басқарумен жарты әлемді көктей өтіп, көптеген халықтарға өз әмірін жүргізді. Тіпті, оған келгенде, зерттеушілер екіге айырылады: бірі жақтаса, екіншісі даттап әлек. Осыдан-ақ, бұл тұлғаның адамзат тарихына өзгеріс енгізіп, айтулы оқиғаларға арқау болғанын аңғаруға болады…

Францияның Қазақстандағы мәдени маусымы аясында Астанадағы Тәуелсіздік сара­йында француз халқының біртуар ұлы, әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарттың ғұмырнамасымен таныстыратын «Наполеон. Өмір. Аңыз» атты көрме ашылды. Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Наполеон» қорының басшылығы салтанатты түрде ашқан көрмеде көпшілік назарына ұсынылған көне жәдігерлер көңіл қандырып, көз тойдырады. Әрине, 300-ге жуық жәдігерді талдап таныстырып отырсақ, қалың бір кітапқа жүк болар еді.

Көрменің ашылуына дейін Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис Этьен, «Наполеон» қоғамдық қорының директоры Тьерри Ленц және «Наполеон» қоғамдық қоры мұралар бөлімінің жетекшісі Пьер Бранданың қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Біздің заманымызда француздар арасынан шыққан әлемді «жаулап алушы» Зинедин Зидан болса, өткен тарихта Наполеон Бонапарт екені сөзсіз деп әзіл-шыны аралас әңгіме қозғаған қонақтар тілшілердің бірнеше сауалдарына жауап берді. Олар бір жерден екінші жерге көшіп-қону үшін күрделі жұмыстарды талап ететіндіктен бұл көрмені Қазақстанның басқа қалаларында өткізу қиындық тудыратынын және Астанадан басқа шаһарға жоспарланбағанын тілге тиек етті. Көрмені Францияның Қазақстандағы елшісінің бастамасымен, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен Ұлттық мұражайлар бірлестігі – Үлкен сарай және «Наполеон» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

«Аяччо перзенті, корольдік офицер», «Ұлы француз революциясы», «Наполеон Бонапарт, Ұлы француз революциясының генералы», «Бітімгер әрі реформатор», «Императордың жанұясы», «Қолбасы», «Жер аударылуы және қайтыс болуы», сондай-ақ, «Аңыздардың шарықтауы» секілді бөлімдерден құралған көрмеге тарих толқынында ең танымал тұлғалардың бірі ретінде қалыптасып, өзінен кейінгі бірнеше мемлекет қайраткерлеріне үлгі бола білген Наполеонның пайдаланған керек-жарақтары, әртүрлі соғыстарда қолына алған қылышы мен қанжары, мемлекет ісіндегі бірнеше құжаттары, мөрі, қалпағы, салтанатты рәсімдерге лайықталған киімдері мен әскери сауыттары, дәрігерлік бұйымдары, тіпті шашына дейін қойылған. Бонапарттың азаматтық қоғамдағы орны мен саясаттағы салмағын көрсететін және сол дәуірдегі мәдени, ғылыми өмірді көз алдымызға әкелген көрмеден оның отбасы мүшелерінің мүсіндері, жер аударылған кезеңдерде Әулие Елена аралында киген киімі, бірнеше өнер бұйымдары мен қолжазбалары да тыс қалмады. Ал, Жозефина екеуінің ара қатынасын айқындайтын хаттар, сүйіктісінің алқасы мен аяқкиімі келушілердің ерекше назарын аударды деуге болады. Көрменің соңғы бөлігіне Наполеонның әскери жорықтарын, жеке тұлғасын, ел басқаруын сипаттайтын суреттер қойылған. Әлемге әйгілі қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан дүниелердің арасында 1812 жылы Ресейден шегіну кезіндегі көріністерді бейнелеген картина бар. Көзімізге оттай басылғаны да осы еді.

Наполеон жаһанды жалпағынан басып, өзін әлемнің әміршісі есебінде санай бастағанда орыс империясына қарсы қол бастап шығады. Алайда, оның бұл жорығы Мәскеуді бағындырумен басталса да, кейін сәтсіздікке ұшырап, мыңдаған әскері майдан даласында жеңіліске ұшырайды. Тарих зерттеушілері бұл туралы көптеген деректерді алға тартады. Дегенмен, біздің айтпағымыз осымен шектелмек емес.

Белгілі журналист Тілекқабыл Боранғалиұлының 1997 жылы «Сенадан атын суарған» деген атпен жарияланған мақаласына жүгінсек, әйгілі француз-орыс соғысының бел ортасында біздің қазақтар да айқасқа түскен екен. Жазушы Отан соғысы деген атпен Ресей тарихында қалған оқиғаны терең зерделеп, көне жазбалардан астарлы ақиқат пен дәйекті болжамын жеткізуге тырысқан. Орынбор шекаралық комиссиясына тіркеліп, кейін орыс өлкесін қорғауға атсалысқан бірнеше қаракөз қандастарымыз жайында нақты деректер келтірген автор екеуінің ғана кім екеніне көз жеткізгендей болады. Көне деректерден Парижді алған орыс әскерлерінің қатарындағы Нарынбай Жанжігітов пен Әмен Байбатыровтың айқын бейнесін танытқан қаламгер өзінің зерттеу мақаласында Бонапарт әскерінің Ресейден безіп кетуіне ата-бабаларымыздың да үлесі болғанын жазған. Тіпті, олардың марапат алып, мәртебелі азаматтар қатарында болғанына да орыс тарихшыларынан нақты деректер келтіреді. Орал өңірін мекендеген Тана руының жігіттері осылайша Наполеонды орыс өлкесінен қуып шығуда асқан ерліктер көрсетсе керек. Әйтпесе, олар тарихта қалмас та еді ғой.

Наполеон туралы тарихи деректерде оның тәулігіне төрт-ақ сағат ұйықтағаны айтылады. Жанындағы офицерлер қалдырып кеткен жазбаларда әйгілі тұлға түнгі он екіден екіге дейін және таңғы сағат бестен бастап жетіге дейін екі-екі сағаттан  көз ілетін болған-мыс. Оның түн ұйқысын бұлайша бөлуіне жаста­йынан әдебиетке құмарлығы себеп болса керек. Тіпті, Наполеонның ұзақ жорықтардан кейін өз қалпына келуі үшін аз ғана демалыстың өзі жеткілікті болатын. Аласа бойымен, ел басқара білетін қайраткерлігімен тарихта қалған атақты қолбасшы, расында, француз халқының бағына туғандай еді.

«Жауларыңды кешіруге әбден болады, бірақ алдымен олардың бәрін жою керек» деген ұстаныммен өмір сүріп келген Наполеон 1821 жылдың мамыражай мамыр айында дүние салды. Әйтсе де, әлем тарихына өшпес із қалдырып кеткен тұлғаның кейбір әрекеттері кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық.

Міне, өзіміздің Нарынбай мен Әмендерден Парижге қашып тығылған француздың ұлы қолбасшысына арналған көрме Астана төрінде 20 желтоқсаннан бастап ақпанның 23-іне дейін жалғасады. Бұл – Францияның Қазақстандағы мәдени маусымы аясында өткізіліп отырған шаралардың соңы.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button