Таным

Біз білетін Қазақбаев

Әбдісәмет Қазақбаев – қазақтың тұңғыш жоғарғы кеңес президиумының төрағасы. Қарағанды облысы Ұлытау өңірінде туып-өскен ол кезінде Ақмола өңірінде қоғамдық-саяси қызметімен елге танылды. Қайраткер туралы жазғанда оның өмірінің үш кезеңіне тоқталған жөн.

Ә.Қазақбаев және КСРО Жоғарғы советінің депутаты (ұлттар жөніндегі) Д.Маниульский. 1938 ж.

Халқымыздың басына түс­кен зұлмат кезеңдердің өзінде қазақ ауылдарын қамқорлыққа алып, ауыл, адам тағдырына мейлінше көңіл бөліп, осы жолда білгір басшы ретінде танылған Қазақбаев туралы жазуды парыз деп таптым. Ол үшін тарихи материалдармен бірге көзі көрген, қызметтес болған және туған құдасы Мұқан Мейірмановтың, ауылдың шежірелі ақсақалы болған Оспан Әбжанұлының, Ә.Қазақбаевтың жан досы – әкем Орынбек Керей­баев­тың естеліктеріне және 30-50 жылдардың колхозшысы Сарқыт Жүсіпқызының айтқандарына сүйеніп жазуыма тура келді.
Сонымен Әбдісәмет Қазақбаев 1898 жылы 15 мамырда бұрынғы Ақмола губерниясының Атбасар уезінде, қазіргі Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Он алты жасында әкесінен, арада бір жыл салып шешесінен айырылған Әбдісәмет ерте есейіп, өмірге ерте араласты. Ал 1922 жылы Ақмола өңіріне көшіп келеді. Сол жылдары жас Әбдісәмет Совет үкіметінің қазақ ауылдарына жүргізген барлық шараларына ортақтаса отырып, өз орнын жаңа өмір орнатушылар қатарынан табады. Ауылдағы «Қосшы» ода­ғын ұйымдастыруға белсене қа­тыса жүріп, кейін осы одақтың төр­ағасы болып істеген ол елді оты­рықшылыққа дағдыландырып, ең­бектің ұжымдық түріне баулуға көп күш жұмсады. Оның тікелей қатысуымен, басшылық етуімен Ақмола ауданында Жаңажол, Қы­зыл­жар, Буденный, Талапкер секіл­ді колхоздар құрылуына даңғыл жол ашылды. Осындай ұйым­дас­тыру­шылықтың арқасында Қазақ­баев әуелі Ақмола ауданының №6 және 19 ауылдық кеңестерінің хатшысы, кейін төрағасы болып сайланады.
Әбдісәмет Қазақбаев – тұңғыш колхоз шаруашылығын ұйым­дас­тырушылардың бірі болып үлкен кеңестік жүйеде аты тарихта қалды. 1933 жылы желтоқсанда Ақмола ауданындағы Буденный, қазіргі Қажымұқан атындағы колхоздың төрағасы болды. Еңбекті дұрыс ұйымдастырудың және колхоз мүшелерінің қажырлы еңбегінің арқасында бұл шаруашылық рес­публикаға танымал үлгілі ұжымшарға айналды. Айналасы төрт-ақ жылдың ішінде қоғам малы 6 есе көбейді. Колхозшылардың жеке малы да өсті, егіндері бітік шығып, жыл сайын мол өнім алып отырды.
Әбдісәмет Қазақбаев әкем Орынбек Рәшұлының досы болған. Әкеміз Әбдісәметтің болмыс-бітімі ерекше жаратылғанын, оның адам­гер­­шілігін, табиғи зеректілігі мен өжеттігін, еңбекқорлығын, қара­мағындағы адамдардың ой-пікір­лерін пайдалана білу қасиеттері мен басшы ретіндегі адал ісін әңгіме етіп отыратын. Ол кісі әр жылдың 15 мамырын асыға күтіп, досының туған күнінде ерекше бір істер жасап еске алатын. Жыл сайын Қы­мызмұрындық мейрамын өткізуді осы күнге белгілейтін. Соның бірі – 1968 жылы, Әбдісәметтің 70-ке толар мерейтойы құрметіне 3-4 түп ағаш отырғызған еді. Қажымұқан ауылындағы сол ағаштар мәуелі бәйтерекке айналды. Немерелері бұл ағаштарды атамыз отырғызған деп мақтан тұтады. Әкемнің жан досына арнаған осындай сыйы ұрпақтар санасында жаңғырып, әдемі бір жалғастық табуда.
Сонымен, Әбдісәмет Қазақбаев 1937 жылы КСРО Жоғарғы Ке­ңесінің алғашқы депутаты болды, қызметі де өсті. Содан Ақмола аудандық атқару комитеті пред­седателінің орынбасары, ал 1938 жылдың басында Қарағанды об­лыстық атқару комитетінің төр­ағалығына жоғарылады. Қандай басшылық қызметтерде жүрсе де Орынбек досын ұмытпай, уақыт тауып, қуаныштарын бірге бөлісіп тұрады. Өзін биік белеске шығарған Буденный ауылының тыныс-тір­шілігі арқылы қазақ ауылдарының өсіп-өркендеу жетістіктеріменқатар, кемшіліктерін де саралай зерттей жүріп, республиканың ауыл шаруашылығының бір қалыпты дамуына білгір маман ретінде өз үлесін қоса білді.
Әкемнің айтуынша, 1934, 1937, 1938 жылдары егін бітік шығады. Әбдісәмет қай уақытта болсын колхозшылармен бірге жүріп, бел шешпей еңбек етеді. Осындай еңбектің арқасында колхоз орақты мерзімінен бұрын аяқтап, шөп шабу науқанына кірісіп жатқан шақ екен. Сол жолы С. Киров шабындық алқабына келеді. Сергей Миронович әкемнен «колхоз председателі қайда?» деп сұрайды. Сонда әкем екінші шөп маяның жанында айырмен қызу жұмыс істеп жатқан Қазақбаевқа Кировты алып барады. Мұны көрген Киров «Қазақ халқынан қандай тамаша кадрлар өсіп келеді. Қазақбаев – біздің елдің құрылысшысы» деп әділетті бағасын береді.
Қарапайым Қазақбаев небәрі 3-4 жылдың ішінде Ақмола аудандық, Қарағанды облыстық атқару коми­тететтерінде қызмет атқарған, ал 1938 жылдың 19 шілдесінде Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің төр­аға­лығына көтерілген. Ол кісіні әрбір кездесуде өлеңмен қарсы алады екен. Мысалы:
«Оқымаған соқыр едік. Таң кү­зетіп отыр едік, Біз де жарық кө­рейік. Қазақбайға бас иеміз, Қазақ тілін біз сүйеміз, Халық қамы, ел үшін» деген шумақтар кезінде ауылымыздың алты ауызына айналып кеткен, әні де бар.
Туғанынан халық ауыз әдебиетін жатқа біліп, ұлтының салт-дәстүрін жетік білген ой өрісі биік басшыны қазақтың ХХ ғасырдағы жырауы Жамбыл еркелетіп, «Қазақбайым» деп атап, қызмет барысымен уақыты болмаған кезеңдерде сағынышын білдіріп, келген ресми адамдардан сәлем айтып, жарасымды назын жеткізіп тұрған. Қазақбаев сәлем-сөзді ести сала, уақыт тауып, құстай ұшып, аз уақыт болса да сәлемдесіп, өзінің қашанда аң­сай­тын ауылдардың шоқтығы биік бірегейлерінің бірі – асқаралы Алатау­дың бөктерінде тұрған ұлы ақынға жиі тағзым етіп тұруын үлкен мәртебе санаған. Құдай берген қарапайым мінезін тек өнер мен ғылым қайраткерлеріне, қарапайым халыққа көбірек назар аударуға жұмсаған, уақыт таба білген.
Ә.Қазақбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұйымдастырушылық таланты ерекше танылды. Оның соғыстың сұрапыл сәтінде, яғни 1942 жылы «Социалистік Қазақ­стан» және «Казахстанская правда» газеттеріне жазған «Ер­жүрек ленинградтықтарға эше­лон­даған тартулар жіберейік» деген үндеу сөзін толқымай оқып шыға алмайсың. Мақалада Ленин­град пен Қазақстан арасындағы туыс­қан­дық қарым-қатынасқа тоқ­та­лады. «Қазақ халқы және Қа­зақ­станның барлық еңбекшілері Ле­­нинград пен ленинградтықтардың көмегін ешқашан ұмытпайды. Қа­зақстандықтар бір кісідей болып, Ленинградты қорғаушы ерлерге сыйлықтар жіберуге жұмыла кірісіп, бұл сыйлықтарды неғұрлым тез жөнелтуді қамтамасыз ететіндігіне кәміл сенемін» деп жазған болатын.
Оның осы патриоттық шақыруын Қазақстан еңбекшілері қызу қолдап, бас-аяғы жиырма күннің ішінде қор­шауда қалған ленинградтықтарға 139 вагон жөнелтеді. Осы үндеу хатқа оның жерлестері де үн қосып, көптеген азық-түлік, әскерлерге жылы киім-кешектер, сансыз сәлем-саухат жіберді. Қошқарбек Бейісов деген ақсақал бастаған қарттарды арнайы Алматыға жіберіп, майдандағы жауынгерлерге қолдау көрсету мақсатында тылдағы ауылдың жанқиярлық еңбектерін жеткізуге, туған ауылының демеуін білдіреді.
Халқы үшін маңдай терін төккен аяулы азаматымыз Әбдісәмет Қазақбаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі және оның бюро мүшесі болды. ВКП/б/ХVIII съезінің делегаты, 1 және 11 сайланған КСРО және Қазақ КСР Жоғары Советіне депутат болды. Оның Қазақстан республикасына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен наградталды.
Жоғарыда айтылған 1937-1958 жылдары қазақ еліндегі халық ара­сындағы «Қазақбайды біз сүйе­міз, Қазақбайға бас иеміз» деп әуе­леген әнмен қатар, сол жылдар Қа­зақбай, Әбдәсәмет есімді аттар жас нәрестелерге жиі қойылған. Осы есімді ауылымызда бес адам иеленген, соның ішінде менің құр­дасым Қазақбай Әбжанов бар. Жа­қында автобус аялдамасында аста­налық ардагермен кездестім. «Сыздықов Әбдісәметпін, 1937 жылы 1 қыркүйекте туғанда ата-ана­ларым Қазақбаевты жақсы көргендіктен қойыпты. Менің атымның Әбдісәмет Қазақбаевтың құрметіне қойылғанын қашанда мақтан тұтамын. Адал еңбекпен сапалы ұрпақ өсірдім, бір ғана 12 жасар немерем Әсемгүлдің өзі 6 жасынан Франция, Ресей, Италия, Америка, Египет сияқты мемлекеттерде өнер көрсетіп жүр. Ұрпағыма қасиетті аталарына сай өсуіне, Қазақбаевтай тұлғалардың өнегелі өмірін дары­туына ықпал жасау – біздің мін­детіміз» деді ол.
Сарыарқаның шоқтығы Ұлытау өңірінде туған, саяси өмірін, бұ­рын­ғы Ақмола, қазіргі Астанада өт­­кізген Әбдісәмет Қазақбаевты еске алу – абыройлы борыш. Мемлекет пен қоғам қайраткерінің құрметіне елордамыздың бір көшесін және бұрынғы Киров совхозы, қазіргі Көктал кентінің №41 мектебіне оның атын берсе, қазақ ұлтының болмысын ту еткен азаматқа деген парызымыз орындалар еді. Ол – өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, қазақ халқының саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани тарихындағы өш­пестей ізі қалған тұғырлы тұлға.

Майра КЕРЕЙБАЕВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті ғылыми кітапханасының

қызметкері, өлкетанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button