Имантаразы

БІЗ КІМБІЗ?

биз кимбиз

Біз көп жағдайда «Ақыл не? Нәпсі не?» деген сұраққа жауап іздеп жатамыз. Бір қызығы, ғылым өзінің жетістіктеріне қарамастан, осы сұрақтарға жауап бере алмайды.

Ондай болса ақыл мен нәпсі жа­йында бір ойланып көрсек! Мысал ретінде мына жағдайды келтіруді жөн көріп отырмыз: қыстың суық түнінде сіз жылы төсекте жатырсыз. Ұйқы тәтті.

Денеңіз жылы төсегіне шомып жатыр. Кенеттен сағаттың қоңырауы соға бастады. Намаз уақыты болды. Сол сәтте сіздің бойыңыздағы екі болмыс күресе бастайды. Оның бірі: «Тұр да, намазыңды оқы» десе, екіншісі: «Асықпа. Жата тұр. Әлі уақыт бар» дейді. Бірінші болмыс: «Қазір тұрмасаң, қайта ұйықтап кетесің. Намазыңды өткізіп аласың. Намаз ұйқыдан абзал емес пе?» десе, екінші болмыс: «Жә, қойсаңшы! Тәтті ұйқыңды қиясың ба? Оған қоса уақыт та баршылық. Жата тұр» дейді.

Осылайша екі болмыс өзара кү­ре­седі. Уақыт болса өтіп барады. Сағаттың әрбір тырсылында екі болмыс: «Тұр! Ұйықта! Тұр! Ұйықта!» деп бұйырып жатыр.

Міне сіз үшін арпалысқан осы екі болмыстың бірі – ақыл болса, екіншісі – нәпсі. Ақыл сізге намаз оқуды бұйырса, нәпсі сізден ұйқыны жалғастыруды талап етеді.

Осыдан нәпсі ең алдымен ләззатқа үндейтіні көрініп-ақ тұр. Пенде әлдебір ләззатты доғаруын қалаған жағдайда нәпсі оның созылуын қалайды. Дегенмен, жүректе иман болса ақыл, қажетті жағдайда, ләз­затты доғаруын бұйырады. Міне, осы жағдайда ақыл иманның көр­сеткішіне айналады. Алайда, бұл «мұсылман ешқашан күнә істемейді» деген сөз емес.

Ислам – адам табиғатына тән дін. Осыдан адамзат Хақ Тағалаға құл­шылық ету мақсатында жаратылғаны айқын көрініп тұр.

Жаратылыстардың ішінде құлшы­лықтан өзге әрекет етпейтіні бар. Ол – періште.   Алайда, Алла Тағала бізді періште етіп жаратпады.

Жаратылыстардың ішінде тек күнә істейтіні бар. Ол – лағнеті шайтан. Алайда, Аллаһ Тағала бізді шайтан етіп жаратпады.

Жаратылыстардың ішінде санасыздары бар. Ол – жануар. Осы себептен оларға құлшылық ету міндеттелмеген әрі олар құлшылық үшін қияметте сұралмайды. Дегенмен, Аллаһ Тағала бізді хайуанат етіп жаратпады.

Енді біз өз-өзімізге сауал тастайық: «Олай болса біз кімбіз? «Адам» деген қандай жаратылыс өзі?»

Адам – ерекше жаратылыс. Өйт­кені, оның бойынан  періштеге әрі шайтанға тән сипаттарды тапса бо­лады. Сонымен қатар, адамға мал-жануарға тән сипат та жат емес. Мәселен, құлшылыққа берілсе, адам Хақ Тағаланың разылығына лайық болады. Демек, иманы бар әрі ақылына ерген адам періштеге ұқсайды. Ал Хақ Тағаланың бар екенін мойындамастан күнә істеуді әдет еткен жағдайда адам баласы шайтан іспеттес болады. Бар мақсаты қарын тойдырып, шәһует ләззатына берілу болса, бұл жағдайда адам мал тәрізді болады.

Адам табиғатының ақиқаты осы. Демек, адам баласына жақсы да, жаман да тән екен. Ал осының жігін айырып тұратын ахуал – адам баласының иманы мен ақылы. Яғни, ақылы мен қалауын дұрыс пайдаланған жағдайда адамның бойында жақсылық басым болады. Ал мұның нәтижесі тек Аллаһ Тағаланың разылығы болмақ. Нәпсі тек еркіндікті қалайды. Ал, дін – нәпсіні тежегіш күш. Осы себептен дінді нәпсіге салынған кісен десек,  қателеспейміз. «Кісен» деген атау құлаққа жағымсыз болғанымен, бұл қажеттілік. Себебі, нәпсі еркін­дігі күнә мен айыпты іске апарады. Бұл айтылғанға мысал ретінде тәуел­сіздендіру (эмансипация), зайырлық және демократия сияқты құндылықтарды жамылып, бір жыныстыларды некелеу, ойнастық пен ішімдікке құмарлық тәрізді адам табиғатына жат қылықтар белең алған «дамыған» Батысты келтірсе болады. Өзгеше болуы да мүмкін емес! Өйткені, нәпсі қалауына ерген жағдайда еркек пен еркектің үйленуі әдеттегі іске айналады.

Нәпсіге еру жайында әңгіме қоз­ғалса, көз алдыңа есалаң нақұрыстың бейнесі келеді. Өйткені, есалаң үшін жалаңаш серуендеу, көлікті жүргізіп келе жатқан жүргізушінің мойынына мініп алу – әдеттегі нәрсе. Демек, нәпсіге еру – «болмайды» дегенді білмейтін есалаң нақұрысқа тән сипат.

Шын мәнінде, кез келген адам нәп­сіге ереді. Осы жағдайда оның иманы мен ақылы «кісен» қызметін атқарады.

Бір қызығы,  қазақтың «ақыл» сөзі арабтың «ғақл» сөзінен туындаған. Ал ғақл сөзінің түбірі –ғиқол. Әдетте, арабтарда ғиқол деп түйені байлайтын арқанды айтады.

Рас! Тыйым салынған жеміс дәмді болады. Ал нәпсі үшін тыйым салынған нәрсе қашанда тартымды көрінеді. Мәселен, сіз өсек-аянды тыңдағанды ұнатасыз. Өйткені, өзгенің кемшілігі жайында естігенде сіздің бойыңызды «мен ондай емеспін. Менде ондай кемшілік жоқ» деген сезім билейді. Ондай кемшілік жоқ-ау. Алайда, одан өзгесі шаш етектен. Нәпсіге ұрлық жағымды. Өйткені, ұрлық жасасаң баю үшін маңдай терін төгудің қажеті жоқ. Бір мезетте ақшалы-дүниелі болып шыға келесің. Нәпсіге ойнастық жағымды. Өйткені, ойнастық сіздің  шәһуетіңізді қанағаттандырады.

Иман қуаттаған ақылы арқылы мұндай «еркіндіктің» мәнісін ұғын­ған жағдайда көз алдыңа жәһаннам келеді. Дәл осы сезім иманды пен­­делерді ұрлық, парақорлық, ой­настық, араққорлық, т.с.с. пәни дү­ниенің өткенші ләззатына берілу­ден тежейді.

Пәни дүниенің алдамшы ләззатын немен салыстырса болады? Мысал: сіз біреумен бір жыл бойы өз қалауыңыз бойынша өмір сүруге келісесіз. Ішіп-жем аста-төк. Күнделікті жаңа киім. Түн сайын  қыз-келіншектер. Бірақ бұл – уақытша. Бір ғана жыл. Бір жылдан соң сіз дарға асыласыз.

Қандай саналы пенде мұндай ләз­затқа келіседі?! Соңы жантүршігерлік өлімге апарып соққан бұл қандай ләззат?! Алайда, қазіргі күні осының куәсі болып жатқан жоқпыз ба? Қан­ша адам дүниеге беріліп, Ақы­ретін ұмытқан. Қанша адам қам­шының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықсыз өткізіп жатыр?

Біздің ғұмырымыз – Хақ Тағаламен жасасқан сертіміз. Ғұмырымыз текке кетпесін деп Хақ Тағала бізге ақыл-сана берді. Осыдан соң сол ақылды өзінің зиянына пайдаланған пендені ақылды деп айтуға бола ма?

Арамызда күнә істемеген әрі одан ләззат алмаған адам жоқ. Бір кезде нәпсіге еріп таң намазын өткізіп алдық. Сол ұйқы ләззатынан не қалды?

Арамызда өзін зорлап болса да бір игі іс істемеген адам жоқ. Мәселен, біреуге кеңшілік ету, ашуын басу, айыбын бетіне баспау, т.с.с. Сол сәтте нәпсіміз: «Ақыңды жіберме! Айыбын бетіне бас! Масқарасын шығар!» деп шыңғырып жатты. Алайда, ауыр болса да біз сол сәтте нәпсіге емес, ақылға ердік. Сол ауырлықтан не қалды?

Нәпсіге еру ләззаты өтіп, нәтижеде Ақыреттегі жаза қалды. Жақсылық істеудің салмағы ұмытылып, соңында тек сауап жазылды.

Абдусамат Махат,

дінтанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button