Біз мән бермейтін қазақы құндылықтар

«Даланың данышпаны» атанған бабаларымыз таза-табиғи өнімдерді тұрмысқа пайдалану арқылы біз мән бермейтін құндылықты білді. Қойдың шайыры сіңген таза жүннен жасалған текемет адамның бойына жиналған артық сары су, жаман энергияны өзіне тартып, буындарға артық сары судың жиналуын болдырмайды екен. Таза қойдың жүнінен жасалған текемет сыз, ылғал өткізбейді, адам бойының жылуын бірқалыпты ұстап тұратын қасиетке ие. Соның пайдасын білетіндер қыстық аяқ киімдерге осы күнге дейін киізден ұлтарақ салады.
Бүгінгі таңда ұлт-ұрпақ мәселесі, денсаулық халықтық мәселе болып отырған тұста кеңінен етек алған дерттердің бірі буын аурулары, аяқ-тізе сүйектерінің қақсауы, буындарға сары су жиналу сияқты дерттер қазақ даласында болмаған. Қысы-жазы далада мал соңында жүріп, желдің өті, аяздың бетінде, іргесі ашық киіз үйде өмір сүрген көшпенді халық тұрмыста пайдаланған бұйымдар арқылы сақтанған. Қазақ даласына сырттан келіп, қызығушылық танытқан зерттеуші ғалымдар бабаларымыздың даналығына қайран қалып, «даланың философы» деп атаған.
Табиғатпен біте қайнасып, дүние тірліктің тілін білген қазақ тұрмысқа пайдаланатын заттардың қыр-сырын да терең меңгерген. Таза табиғаттың өнімі – қойдың терісі мен жүнін, жылқының қылын, ешкінің қылшығы мен түбітін пайдаланған.
Қыста – қыстауға, жазда жайлауға көшіп-қонып жүрген бабалардың негізгі тұрағы киіз үй болған. Киіздің ғаламат пайдасының бірі үйдің жылуын да бірқалыпты сақтап, сыртқа шығармайды, сырттағы суықты бойынан өткізбейді. Сондықтан да киіз үй қысы-жазы тұруға ыңғайлы, жылы болған. Жауын-шашын киіздің бойын қуалай ағып, етекке қарай білінбей ағады.
Төбеден сорғалап, тамшыламайды. Іште жинаған дүние-мүліктер де су болмайды.
Қазақ даналығында ер-тоқым киіз үйдің іргесінде тұрса, үйге шағатын зиянды жәндік кірмейді. Жылқы иісінің зиянды жәндіктерге, ұсақ құрт-құмырсқаға кері әсері бар екенін біліп, іргеге жылқының тезегін сепкен. Далада мал соңында жүріп, тынығу үшін басына ер-тоқым жастап, айналасын жылқының қылы қосылып есілген арқанмен қоршап қойса, зиянды жәндік арқаннан өтпейді екен. Жаннан бұрын малының амандығын сұрайтын малсақ бабаларымыз жылқы малын қатты қадірлеген. Қысы-жазы жылқы мінген қазақ небір қыстың қақаған аязында тоңбайды. Жылқы өзінің бойындағы қызуымен үстінде отырған адамды жылытып отырады. Яғни жылқының табиғи буының өзі суық өткізбейді. Жылқы қылының адам денсаулығына ерекше пайдалы қасиеттері бар екенін білген бабаларымыз жылқыны қадірлеп, жеті қазынаның біріне қосқан.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ