Басты ақпарат

БІЗ ҚАНДАЙ АТА-АНАМЫЗ?

*– Мама, ертегі айтып берші!

– Жұмыстан шаршап келдім, күнім. Ұйықтай қойшы.

Бір күн өтеді.

– Мама, ертегі айтып берші.

Шаршаңқы анасы тағы да баланың бетін қайтарады. Тіпті, бала тілегін орындай салайын десе, қолдан ол да келмейді екен.

Күнделікті тұрмыстың қамымен жүрген соң, ойы он саққа шашырап, тіптен, бір ертегіні толық білмейді.

Сонан соң баласы тағы да:

– Мама, ертегі айтып бересің бе? – деп қиылғанда:

– Ерте-е-ең ертегі кітап сатып әперемін, содан соң, өзің оқып үйренетін боласың, – дейді баланың өзіне жүк артып.

Бірақ, мұны ұқпайтын бала тағы қиыла түседі:

– Қазір тым болмаса, қысқа бір ертегі айтып беріңізші.

Бұдан соң мойындамасқа амал бар ма?

– Ертегі есімде жоқ, шын айтам. Кейін кітаптан оқып беремін, жарай ма? Әріп таныған соң өзің де оқитын боласың. Ал, қазір, дем ал. Мен де шаршадым. Ұйықта!

***

Бес-алты жастар шамасында баласы бар әр үйде күнде кешкілік орын алатын диалог осы секілді.

Дұрыс болмаса да, шындық – осы. Балалықтың бал шырынының дәмі аузынан кетпеген бөбектеріміз осылай бізден ертегі сұрайды. Көңілінде алаңы жоқ, басында уайымы жоқ, тәтті түстей ғажайып қиял әлеміне, ертегілер еліне бір уақ сүңгігісі келеді. Ақыл мен ойды балалық сананың бесігінде тербейтін ертегімен жандүниесін сусындатқысы келеді. Ертегі кейіпкерлерін іштей сараптап, жақсысына еліктеп, жаманына жан-тәнімен қарсы тұрып, өзінің күрескерлік болмысын, таң қалу, сүйсіну, жақсы көру және жирену сезімдерін осылай шыңдағысы келеді. Қысқасы, олар өзінің балалық шағына шап-шақ әңгіме тыңдап, шынымен де бала болғысы келеді.

Ал, біз… олардың бала болып өмір сүруіне де мүмкіндік бермейміз. Қалтамызда ақша жоқ болса, тәтті балмұздақ сатып әпере алмаймыз. Қолымыз қысқа болғандықтан, үлкен ойын-сауық орталықтарына апарып, неше түрлі әткеншекке отырғызып, көңілін көтермейміз.

Олардың сұрағанының бәрін ертеңнің еншісіне қалдырамыз. Уәде береміз. Бірақ, оны орындайтын да мұрша бола бермейді.

Неге?..

***

Психологтар бүгінде баламен ашық әңгіме құра білу керектігін айтады. Тіпті, бала тілегін орындай алмай қалған күнде де «жоқ,болмайды» дей салмай, оғансебебін айтып, түсіндірген дұрыс деп кеңес береді. Бірақ, өкініштісі сол, ол да біздің қолымыздан келе бермейді. Мәселені тәптіштеп, айтып, түсіндіруге уақыт та жоқ, ал, жоқшылықта болсақ, «жоқ» деп тағы айтқымыз келмейді.

Сонда не істеуге болады?

Біз… қандай ата-анамыз?

***

Балалардың аянышты халін көрсек, жүрегіміз қан жылайды. Баламыз сыртта әлдекімнің қолындағы ойыншығына немесе жеп отырған балмұздағына жұтынып қарап отырғанын көрсек, жанымыз егіледі. Тіпті, балабақшада болсын, мектепте болсын, оның өз қатарластарынан жұпыны киінгенін көрсек те, қарауға дәтіміз шыдамай, ортасынан бөліп әкеткіміз кеп тұрады.

Бірақ… мәселе сонымен шешіле ме?

Біз неге әлсізбіз? Рухымыз неге бәсең?

Біз балаларымызды киімге немесе тұрмыстық жағдайға тәуелді етіп неге өсіреміз? Ата-ана бола тұра балаларымыздың көңілін толтырып, еңсесін түсірмей өсіруге неге дәрменсізбіз?..

Бұл да біздің дұрыс ата-ана бола алмағанымыздан болса керек. Әйтпесе, аты әлемге мәшһүр ғұлама-ойшылдардың, ақын-жазушылардың, атақты суретші, музыканттардың көбі сондай жоқ-жітіктен шыққандар емес пе еді?Бірақ сонда да олар адамдықтың биік шыңынан түспей-ақ өтті ғой.

***

Исламда «жақсы сөз айта білудің өзі үлкен сауап» делінеді. Ол дегеніңіз – қайыршыға садақа тастағанмен бірдей.

Қазақ та «жақсы сөз жан семіртеді» дейді.

Ендеше, балаларымызды балалықтың бал дәуренінен ажыратпауға тырысу – бәріміздің міндетіміз. Балалардан тәп-тәтті балалық шағын тартып алуға біздің хақымыз жоқ!

Сондықтан, бәріміздің де үйімізде тым болмаса, бір-екі ертегі кітап тұруға тиіс. Ұйқы алдында олардың өтінішін аяқасты етпей, ертегі айтып беруге біз міндеттіміз. Ол – өз мүддеміз. Неге десеңіз, бала күнінен ертегі тыңдап, ертегі кітапқа қол созған өркен ертең кітап оқуды әдетке айналдырады. Ал, кітап – рухани сабақтастықты жалғайды.

Балаларымызды, ертеңгі ұрпақты өзімізден алыстатпаудың, ертегідей үйлесімді өмір қалыптастырудың жолы, расында, осы болса керек.

Нәзира Байырбек

*Маман мінбері

Лимана ҚОЙШИЕВА: ЕРТЕГІ ТЕРАПИЯСЫ

Бүгінгі таңда балалардың мінез-құлық мобилін қалыптастыру үшін «ертегі терапиясы» деген ұғым кеңінен қолданылып жүр. Оның жақсы әсері соншалық, ем ретінде арт-терапия, танато-терапия, дене-қимыл терапиясымен тең дәрежеде тиімді саналады. Яғни, ертегінің баланы емдеу-сауықтыру шарасына ықпалы өте күшті.

Ертегі тыңдап өскен бала өзінің алдағы өміріне дұрыс бағдарлама қалыптастырып үйренеді. Ертегі кейіпкерлері батырлардың болмысына қарап, ондағы оқиға желісін ой елегінен өткізіп, өз бойын түзейді. Баланың мінез-құлқын қалыптастырудағы ертегінің ықпалы ермексаз игенмен бірдей. Сол себепті де, алдымен Еуропа елдері, одан кейін Ресей, қазір біздің еліміз ертегі терапиясына мән бере бастады. Қазақстандағы балаларды дамыту орталықтарында осы тәсіл кеңінен қолданылып келеді.

Әр халықтың ертегісінде ұлттық психология жатады. Іргеміздегі Ресей, мәселен, қазір «Золушкасын» жаңа заманға сай жалғастырып жазып жатыр. Онымен балаларына заманға сай оқып, ізденуді, озық ойлауды, білімді болуды үндеп отыр. Өйткені, Золушканың бүгінгі жалғасында ханзадаға тұрмысқа шығып, дәулетке кенелген Золушка ертегісінің ең соңында қайтадан қолына сыпырғы ұстап, бұрынғы қалпына түскен. Олай болатыны, Золушка жан дүниесі таза, еңбекқор қыз болса да, заман талабына сай оқып, жетілмеді. Озық ойлы бола алмады. Сөйтіп, ханзаданы өзінен жалықтырып алды… Ал, осыны жазғанда орыс қаламгерлері өз жастарының ізденіп, білім алуға, өсіп-жетілуге ұмтылуын көздеп отыр. Және мұның бәрі үлкен психологиялық тәсілдерге негізделіп жазылуда.

Қазақтың ертегілері негізінен батырлық рухты қалыптастыруға, отаншылдыққа, ата-ананы сыйлап, мейірімді болуға баулиды. Сондықтан, әрбір ата-ана баласына ертегі тыңдата білгені дұрыс. Өйткені, әрбір ертегі баланың психологиясына тікелей әсер етіп, оның болмысын қалыптастыратын үлкен күш.

Ең маңыздысы, бізге бұрынғы «Алпамыс», «Қобыланды батыр» секілді ертегілерден бөлек, жаңа заманның балаларын тәрбиелеуге лайық жаңа ертегілер жазылғаны дұрыс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button