Басты ақпарат

Бізде бәсекеге қабілетті басымдықтар коп

Сейсенбі, сәрсенбі күндері Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Еуразия ХХІ ғасырда: Жаңару арқылы жетекшілік» тақырыбында дамушы нарықтардың екінші Еуразиялық форумы өтті. Тәуелсіздік сара­йында өткен алқалы жиынға шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, тәуелсіз зерттеушілер, бизнес-құрылым өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен экс-президенттер қатысты.

Айтулы басқосуда қонақтарға сәттілік тілеген пленарлық мәжілістің модераторы «Назарбаев Университеті» АҚ президенті Шигео Катсу мырза жиынның мәні мен мазмұнына аз-кем тоқталды. Ол «Әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіру жолында Қазақстан аз уақыт ішінде жаһандық және өңірлік деңгейде маңызды рөл атқаруда» десе, форумның тең төрағасы Хариндер Коли әлем елдерімен қарым-қатынасты жақсарту жолындағы батыл қадамдарымызды жоғары бағалады. Аймақтық ықпалдастықты дамытуда Қазақстанның орны бөлек екені айтылды.

«Қазақстан: кеше, бүгін, ертең»

Бүгінде әлемдік экономикада дамушы нарықтардың маңызы артып келеді. Сарапшылар олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызды құрайтынын алға тартып, бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 70 пайызға жететінін айтуда. Форумның басты мақсаты да сол, дамушы елдер арасындағы өзара диалогты тереңдетуді және одан әрі жақсартуды көздейді.

Жиында Шигео Катсу мырза «Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты арнайы дайындалған бейнекөрініске жұртшылықтың назарын аудартты. Онда Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық рөлі, 140-қа жуық ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп отырған елде ынтымақ пен татулықтың салтанат құрғаны, ХХІ ғасырда дамудың жаңа моделі қалыптасқаны, тәуелсіздік алған жылдардан бергі ел дамуының үрдісі, сонымен қатар, ғаламдық маңызы бар мәселелерді шешуге құқылы мемлекет қатарына енетіндігіміз туралы баяндалды.

Рас, Қазақстан – Орта Азия елдерінің арасында шоқтығы биік мемлекет. Кейінгі 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстың қомақтылығы да айтуға тұрарлық. Сонау Кеңес Одағы ыдырап, өзгелер абдырап қалған тұста біздің елдің еңсесін тіктеп алға ұмтылуы да көп жайды аңғартады. Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілік парадигмасынан өз дамуы үшін жауапкершілік парадигмасына өте алды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басты басымдықтар көпшіліктің талқысына ұсынылды.

Қарыз алып, қарманған заман өткен

Сонымен Президент Нұрсұлтан Назарбаев баяндамасын бастамас бұрын, стратегиялық бағдарламамызды талқылауға, пікір білдіруге келген қонақтарға алғыс айтты. «Былтыр желтоқсан айында «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын жарияладым. Бұл Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне айналуын көздейді. Осы мақсатқа жетуге біздің еліміздің толық мүмкіншілігі бар. Біздің Тәуелсіздік жылдардағы жетістіктеріміз осыған дәлел бола алады» деген Президент талқылаулар барысында сарапшылар тарапынан айтылатын ұсыныстар оң шешім қабылдауға көмектеседі деген ойын жеткізді.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 12,5 мың долларға жетті. Тұрғындардың өмір сапасында елеулі серпіліс бар. Экономиканың даму қарқыны бойынша еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында көшбасшы атанды. Даму үрдісіміз 1996 жылдан бастау алса, Елбасы осы күнге қандай жолдармен жеткенімізді саралап берді.

Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап күн тәртібінде Қазақстанның ел болып қалыптасуы немесе қалыптаспауы мәселесі тұрды. Көп ұлтты елміз. Экономикамыз тұралады. Елді жұмыссыздық жайлады. Инфляция мәселесінен бөлек, болжамдардың өзі көңіл көншітпеді. Тіпті, ұлттық валютамыз теңгені енгізген 1993 жылы валюта қорымыз болмаған. Президенттің айтуынша, шығындарды жабатын қаржы табылмай, қиын күндерді бастан өткіздік. Лондонда валюта басып шығару үшін 400 млн доллар қажет болғандықтан, қарыздануға тура келді. Өйткені, мемлекеттің қазынасы бос. «Алайда, біз жағдайды өзгертіп, басқа бағытта жол бастадық. Бүгінгі таңда біздің алтын-валюта қорымыз, ұлттық қорды қоса алғанда, 90 млрд доллардан немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызынан асып түсті» деді Президент. Сондай-ақ, Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу бағытында шұғыл реформа жасалғанын атап өтті. Аз уақыттың ішінде тиісті заңдар қабылданып, нәтижесінде инвестиция тартымдылығы артты. Инвесторлардың сеніміне ие бола отырып, шамамен 200 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды.

Басты капитал – білім

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттерді іске асырудағы басым бағыттарды атады. «Кез келген жағдайда қоғамның дамуын адам ресурстары анықтайды. Ең алдымен бүгінгі таңда қазақстандықтарға білім берудің жаңа сапасы талап етіледі. Біз бірыңғай білім беру жүйесін құрдық. Ол еңбек нарығының құрылымдық өзгерістеріне ықпал етуі керек» деді Н.Назарбаев.

Айта кеткен жөн, жиынға Назарбаев университетінің студенттері де қатысты. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрінуде ел жастарының алдында ауқымды міндеттер тұр. Президент қазіргі таңда тиімді кәсіптік-техникалық білімді қалыптастыру міндеті шешіліп жатқанын айта келе, жақын арада елімізде әлемдік деңгейдегі колледждер ашылатынын айтып, жас­тарды қуантты.

Ұлттың байлығы – денсаулығы

Қазақстанда денсаулық сақтау сапасы мен салауатты өмір салтына айрықша маңыз берілген. Елбасы ең алдымен аурудың алдын алуға күш салу керектігін ескертті. Бүгінде аталмыш саланы дамытуға мемлекет қазынасынан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген ауруханалар мен емханаларда сапалы қызмет көрсетумен қатар медициналық көмекке қолжетімділікті талап етеді. Ұлттың денсаулығын жақсарту Елбасының ерекше назарында тұр. «Ең алдымен, біз аурудың алдын алуға күш саламыз, мемлекеттің, жұмыс берушінің, қызметкердің өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидасы енгізіліп жатыр. 2015 жылдан бастап бізде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істей бастайды» деді Н.Назарбаев.

Аграрлы елдің
асуы алда

«Біз – аграрлы елміз. Осы орайда біздің болашағымыз және мүмкіндігіміз көп. Қазақстанда тек егін егетін жердің аумағы 40 млн гектарды қамтиды. 280 млн гектар жайылымдық жерлеріміз бар. Әрине, су ресурстары бізді тежеп тұр, алайда бұл да шешілетін мәселе» деген Президент осы саланы дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Президенттің ауыл шаруашылығы туралы сөз қозғауының өзіндік себептері бар. Біріншіден, жер бетіндегі халық санының артуы, жаһандық климаттың өзгеруі азық-түлік тауарларына деген сұранысты күшейтіп отыр. «Бұл ретте Қазақстан астық пен ұн экспортында ғана емес, сонымен қатар басқа тауарларда, әсіресе, ет өнімдерінің экспортында маңызды орынды алуда барлық әлеуетке ие». Жартылай шөлейтті аудандардан ауыл шаруашылығы айналымына тың жер телімдерін енгізіп, осы бағытта жаңа технологияларды пайдаланудың маңыздылығын түсіндіріп берді. Әрі ауылдардың инвестициялық тартымдылығына жағдай жасай отырып, аграрлық ғылымды дамытуға назар аударды.

Қай саланы
дамытамыз?

Индустриалды карта аясында төрт жылдан бері 49 кәсіпорын пайдалануға беріліп, 1,5 млн жаңа жұмыс орыны ашылған. Алайда «Қазақстанда нені дамыту керек?» деген сауалға Елбасы жауап іздеді.

Оның айтуынша, алдымен қолданыстағы индустриалдық саясатты оңтайландырған абзал. Ең бастысы – өндірісте кенже қалып бара жатқан салалардың санын қысқарту керек. Есесіне, жоғары технологияға бағыт алғанымыз әлдеқайда тиімді. Яғни, нанотехнология, робот техникасы, аэроғарыштық өнеркәсіп, инженерия секілді, бір сөзбен айтқанда, барлық дамыған елдер нысанаға алған салаларды дамыту қажеттілігі туындайды.

Жиында шикізат мәселесі де шет қалмады. Мақтану керек, еліміз шикізатқа бай. Алайда, қанша жерден шикізат қорлары экономикалық өсімді еселеп отырғанымен, мемлекеттің негізгі табыс көзі болып қалмауы тиіс. Осы орайда Президент көмірсутекті ресурстарды басқарудың тиімді жүйесі қажет екеніне көпшіліктің көзін жеткізді. «Ең алдымен, мұнай өндірудің әр түрлі жолдарын қарастыру керек. Мәселен, консервативтік сценарийді алсақ, 2050 жылға дейін мұнай ресурстарын тұрақты түрде өндіріп, экспорттауға барлық негіз бар. Демек, Ұлттық қорды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге қауқарлы. Ал, агрессивтік сценарий жағдайында бізге мұнай ресурстарын экспорттау мүмкіндігінен жылдам арылуға тура келеді. Біздің халқымызға жылына 2 млн баррель мұнайдың өзі жеткілікті» деді Мемлекет басшысы.

Баламалы энергияның
болашағы зор

Әлемде энергия тапшылығы сезілуде. Сондықтан дамушы елдердің басым бөлігі баламалы қуат көздерін жетілдіруді мықтап қолға алуда. Президент баяндамасында 2050 жылға қарай елімізде өндірілген барлық энергияның жартысы баламалы болуы тиіс. Оған мүмкіндігіміз де жетеді. Бұл салада кешенді қадам жасау керектігін алға тартқан Елбасы: «2020 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын энергия тұтыну көрсеткіші кем дегенде 2,5%-ға, ал келесі онжылдықта жылына 3,5%-ға төмендеуі тиіс» деп тапсырды. Ол үшін, Таза энергетиканы дамыту агенттігін және баламалы энергия жобаларын қолдау қорын құру қажет. Екіншіден, қуат қызметін көрсететін компанияларды қалыптастырған тиімді. Үшіншіден, шаруашылық субъектілерін ынталандыру жағын да ойластыру керек. Сонда ғана Президент айтқан көрсеткішті бағындыруға мүмкіндік тумақ.

Ұлт дамуының ұстындары

Нұрсұлтан Назарбаев дамыған елдің басты белгілерін былайша пайымдап берді. «Меніңше, дамыған елдің басты критерийлері ретінде келесі сапа көрсеткіштерін айтуға болады. Біріншіден, бұл экономикалық және әлеуметтік өсімнің жоғары қарқыны» деді ол. Яғни, үдемелі экономикалық тұрақты дамудағы елдің тұрмысын дамыған ел деп санауға болады. Екінші критерий – тиімді экономикалық құрылым. Бұл – ұлттық экономиканың мүмкіндігі тұрғысынан маңызды. Үшіншіден, ғылыми жетістікке негізделген инновациялық, жоғары технологиялық саласы бар елді айтуға болады. Төртіншіден, толық ақпараттандырылған жағдайда өмір сүретін қоғам дамыған болып саналады. Бесінші, дамыған елді ерекшелейтін маңызды фактор – халық тұрмысының жоғарғы әлеуметтік стандарттары» дей келе, Елбасы жоғары білім беру әлеуеті, сенімді денсаулық сақтау жүйесі, әсіресе, аз қамтылған тұрғындарды әлеуметтік қорғау жайы сөз болып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, маңызды талаптың бірі ретінде қоғамдық-саяси қатынастардағы жоғары мәдениеттілік екенін баса айтты. «Мен 30 дамыған ұлттардың қатарында болу адамзаттың танымал мәдениетінің бірі болу екендігін атап өттім. Ұлттың даму деңгейін жаһандық өңірлік инновациялық жобалардағы жоғары белсенділігі анықтайды деген ойдамын. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруін негіз етіп алған Стратегиямызда осындай міндеттерді алға қою үшін Қазақстанның бәсекеге қабілетті басымдығы бар» деп түйіндеді Президент.

Елбасы еліне
сенім артты

Көрінген таудың алыстығы жоқ. Халықаралық сарапшылар әлем елдеріне тән стратегиялық жоспар­дың Қазақстанда да сәтті бағдарға айналғанын осылай мәлімдеді. Әрине, Елбасы ұсынған 2050 жылдың перспективасы халыққа алыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ Президент бұл айтарлықтай қолжетімді уақыт аралығы екенін айтты. «Уақыт өте тез жылжиды. Қазақстан – бүгінде үлкен мүмкіндіктер мен үміттің елі. Біз – бейбіт елміз. Бірыңғай халық – сенімді серіктес. Өңірлік көшбасшылықты бұдан ары қарай нығайтудың қажеттілігі зор» дей келе, Елбасы мемлекеттің болашағы үшін осы өсім қарқынын жалғастырып, арманымыз орындалып, бұйыртса, 2050 жылы Үкіметіміз «Қазақстан-2050» Стратегиясының табысты орындалуын қорытындылайтынына үлкен сенім білдірді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button