Елорда тынысы

Бізде не жетіспейді?

Үш адамды ажалдан арашалап, өз денесінің 80 пайызы күйіп кеткен Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына жауапты жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин ауруханада көз жұмды. Тілсіз жаумен алысқан батыр азаматтың ерлігіне елі сүйінді, қазасына қабырғамыз қайысты.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде мерт болған азаматтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхатын жолдады. Сондай-ақ Президенттің Жарлығымен, ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылатын болды. Әрине, бұл орынды. Бірақ бейбіт күнде ерен ерлік жасаған Асқардың ерлігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатқанымен, былайғы жұрт үнсіз. Тіпті, халықтың көбі хабарсыз. Әсіресе, жастар жағы бұл істен мүлде бейхабар. Міне, бұл да – біздің елдегі ұлттық идеологияның әлсіздігінің бір көрінісі. Неге?

Бізде бұдан бұрын да тілсіз жау­мен айқасып қаза тапқан азаматтар аз емес. Бірақ көз жұмған кезде айттық та, көп өтпей есімі көмескіленіп қала берді. Мәселен, 2010 жылы Астанадағы бункерде болған өрттен 3 бірдей арыстай азамат қайтыс болды. Солардың бірі Саят Абеевке жақында ғана көше берілді. 12 жылдан кейін! Бірақ қазір батырды кім таниды? Көбіміздің көңілімізден есімі көнеріп кетті. Өйткені бізде дұрыс ұлттық, отаншылдық идеология жоқ. Батырдың ерлігі, елім деп еңіреген ерлердің өнегелі істері дұрыс әрі ұдайы насихатталмайтындықтан, олардың ерлігі жыл өткен сайын жадымыздан жылыстай береді.

Ерлік тек соғыс майданында ғана жасалмайды, бейбіт күнде де шыбын жанын шүберекке түйіп, халқының өмірі мен мал-мүлкінің амандығын құтқарған азаматтардың ерлігі қан майданда от кешкен сарбаздардың ерлігінен еш кем емес. Мұны жұрт та, билік те түсінеді. Бірақ соны біле тұрып, ұлттық идеологиялық үгіт-насихат жүргізбейміз. Мәселен, Президент пәрмен берген, есімін ел есінде сақтауға лайық Асқар Серікұлы сияқты азаматтардың ерлігін, өнегелі ісін бүкіл ел көлеміне насихаттасақ несі айып?! Еліміздегі ұлттық идеологияға, отаншылдық тәрбиеге жауапты органдар (егер ол бар болса) дереу «Асқар Серікұлының ерлігін мадақтау, ізгі істерін таныстыру» туралы арнаулы жоспар жасап, оның ерлігін ел көлемінде насихаттау жөнінде шешім қабылданса, барлық білім беру орындарындағы оқушыларға өжет өрт сөндірушінің ерен ерлігі отаншылдықтың, батырлықтың бір көрінісі ретінде түсіндіріліп, насихатталып, өрттен сақтанудың жолдары қоса айтылса, «қос өнімі» көрінер еді ғой. «Жас ұрпақтарға отаншылдық тәрбиені күшейту керек» деп ұрандағанымызбен, жаумай күркіреген күндей айтамыз да қоямыз.

«Ер атағын ел сақтар» дейді халық. Ердің есімін сақтаудың жалғыз жолы көше атын беріп, мүсінін қойып, атын тұлғалар тізіміне қосу ғана емес. Егер оның есімі ел жүрегіне ескерткіш боп орнап, ерлігі ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетсе, ол көше беруден, мүсін қоюдан да ғұмырлы болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің идеологиялық үгіт-насихат машинасы қарқынды жұмыс істемей, ерен ерліктің де мәңгілік ескерткіші жасалмайды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button